Жарнама
Қоғам

АКАДЕМИК МУФТАХ ДИАРОВ: «ӨМІР СҮРГІҢ КЕЛСЕ, ТАБИҒАТТЫ САҚТА!»

 

Жалпы, әлемде адам аяғы баспаған, одан қалса зерттелмеген жер қалмаған шығар, сірә. Мұхит асып, Антарктиданы да, одан қалса, ғарышқа да бойладық. Алайда, «Адам алдынан ну кездессе, артында шөл қалады» демекші, біз аяқ басқан жердің бәріне «антропогендік әсер» деп ат қойған кесел ізімізді қалдырдық.

1900 жылы жер бетінде 1 млрд. 600 миллионнан аса адам тұрса, қазір 7 млрд. деп айтылуда. Ал, осы халықтың әлеуметтік жағдайының түзелуі, әрине, өндіріске байланысты. Әлем бойынша жылдан-жылға өндіріс ошақтары көбеюде. Басқасын қоспағанда, өзіміздің өңірімізді айтсақ, өлкеміздің қойнауы – тұнған байлық. Алайда, оны игеріп, ел игілігіне жаратып, өндірістің қарқынды дамуымен қоса, өңіріміздің экожүйесіне техногендік салмақ салып отырғаны да рас.

Жыл сайын облыс бойынша атмосфераға жүздеген мың тонна ластаушы заттек бөлінеді екен. Ол, біріншіден, теңіздің орны болған жерден үздіксіз көтерілетін тұз аралас шаң-тозаң, құнарсыз сор десек, басты әсер – мұнай өндіруші компанияларынан бөлінген газдар. Бұл аздай, қасиетті даламыздың экологиясы өзгеріп, елді мекендердің маңайы күл-қоқыс алаңына айналып бара жатқаны ащы болса да шындық.

Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 22 млрд. тонна тұрмыстық қалдық  пен қоқыс жиналыпты. Оның  6 млрд. тоннасы адам денсаулығы үшін аса қауіпті. Соның ішінде 150-ден астам түрі ауаны ластайтын улы зат ретінде белгілі.

Сондай-ақ, ауа бассейнінің зиянды заттармен ластануына әсер етіп отырған фактордың бірі, әрине, ол — автокөлік құралдары. Көшелердегі көліктерден бөлінген газдардың иісіне үйреніп кеткеніміз соншалық, мұны тіпті сезбейміз де. Ал, көлік түтінінде 200-ге тарта химиялық зат бар.

Ойлап қарасақ, нәрсіз, сусыз бір күн шыдай аламыз. Ал, ауасыз бес минут та өмір сүре алмаймыз. Міне, сондықтан да, ауа бассейнінің жағдайы барлығымызды да толғандырғаны жөн. 

Екінші мәселе – Жайық өзені.  Тіршілігіміздің нәрі саналған суымыздың жылдан-жылға азайып бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Ғалымдардың айтуынша, бұрын келіп тұрған су қазіргі уақытта екі есе азайған. Ауаның ластануынан өзенімізді шаң басып, қоқыспен ластануда. Соның салдарынан жеріміз тозып, өзен жағалауындағы орманды алқабымыз қурап барады. Кейбір ұсақ өзен-көлдеріміздің арнасы тарылды. Ал, табиғатта барлығы өлшеулі. «Табиғаттан керегін тартып аламыз» деген пиғылмен өмір сүреміз деп экологиямызды одан әрі нашарлатып, ел саулығына, ұрпақ тағдырына алаңдап қарайтын жағдайға жетпейік. Өйткені, қоршаған ортаның тазалығы мен халық саулығы барлық байлықтан да қымбат. Сол себепті, табиғатты қорғауға көп болып күш салмасақ, ата-бабадан қалған басты байлығымызды  тоздырып алуымыз әбден мүмкін.

Олай болса, ендігі уақытта «Атыраудың» табиғат жанашырлары мен экологтардың жұмылғаны өз алдына, бұл тақырыпқа барлық сала өкілдері атсалысып, табиғатты қорғауға бағытталған экскурсия, сала мамандары арасында түрлі конкурстар ұйымдастыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мекемеішілік бұрыштар жасақтау, айтыс сахнасында ақындар осы тақырыпты өз жырына қосу сияқты шараларды қолға алғаны жөн. Мұның бәрі газет бетінде көрініп отырса, бұл өскелең ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелері хақ.

Бұл іске биолог, химик, физик мамандарды көбірек тартып, экологиялық тәрбиені қалың бұқараға терең жеткізудің маңызы зор. Мұндай жауапты, мәні терең істі қолға алған «Атырау» газеті редакциясының қадамына сәттілік тілеп, жұмыстарың мәнді, нәтижелі болғай дегім келеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button