АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ «АЛТЫН ҚҰЙМАСЫ»
Кешті ашқан Атырау облысы әкімінің бірініші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Мәдина Ғабдысәлімқызы сынды адамдардың Ақ Жайық өңірінің даңқын шығарушылар екенін атап айтты. Мерей жас иегері, біздің кейіпкеріміз – өз кезеңінің жарқын өкілі, туған өлкенің дамуы мен қарыштап алға басуына еңбек сіңірген жан. Ол шығармашылықпен жұмыс жасай білді, өз еңбегі арқылы жаңалыққа ұмтылды, ізденімпаз болды және халықтық дәстүрлердің де қорғаушысы бола білді. Жастарды үлкен істерге ұйымдастыруда тәрбиелік жұмыстарды жүргізді, оларды отансүйгіштікке баулыды, азаматтық сана қалыптастырды. Ғұмар Ислямұлы Мәдина Ғабдысәлімқызына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жүрекжарды тілегін жеткізіп, гүл шоғын табыс етті.
Кеште Мәдина Ғабдысәлімқызының Махамбет, Исатай аудандарының дамуына сіңірген еңбегі атап өтіліп, алғыс айтылды.
Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев, Мәдина Ғабдысәлімқызының комсомол, партия және кәсіподақ салалары қызметіндегі өнегелі істерін сөз етті. Ардагерлерге деген ілтипатын, өзінен үлкендерге деген құрметін, халықтың салт-дәстүрін терең білетіндігін соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасы Қатимолла Ризуанов атап өтті. Соғыс ардагерлерінің, жасы үлкен ағалардың атынан сөз алған Айдын Айбаров бірінші кезекте Мәдинаның ардагерлерге деген көзқарасын айта отырып, оның бастамасымен Ұлы Жеңістің мерейлі мерекелерінің кең түрде атап өтіліп жүргенін ризашылықпен жеткізді. Ол бастаған қаншама жаңа істер жүзеге асты десеңізші!
Қыз-келіншектермен жүргізген жұмысы – бөлек тақырып. Бүгін де, болашақта да ол әйелдерге қоғамдық өмірде болсын, басшылық, лауазымдық қызметтерде болсын кең кеңістік беру қажеттігін жақтайды. Өз көзқарасының дұрыстығын төмендегідей мысалдар арқылы дәлелдейді. Мәселен, нарықтық экономиканың нар маясын сенімді түрде иіткен қаншама әйелдер бар?! Олардың бүгінгі таңда бизнес әлеміндегі орны нәзікжандардың биік талғамы мен мықты әлеуетін аңғартады емес пе! Облыс әкімі жанындағы демографиялық саясат пен әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде әйелдердің қаншама тың идеялар авторы екенінен де хабардар. Бұл жөнінде осы комиссияны бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан Рәшила Мүрсалиева әңгімеледі.
Ұлағатты ұстаз, Оңайбай Көшековтің жары Айсұлу Иманғазықызы мерейгердің педагогикалық талантын атап өтті, аудандардағы білім саласы үшін қаншама еңбек сіңіргеніне тоқталды.
Кәсіподақ саласының ардагері Зайдолла Қожағалиев кәсіподақ саласында қаншама тарыққан жандарға көмектесіп, көптеген тың бастама көтергенін, оларды бүкілодақтық деңгейге жеткізгенін айтты. Ол шетелдіктермен бірге қызмет ететін қазақстандық азаматтардың құқын қорғау мәселесінде тыңнан түрен салды. Сонау 1994 жылдан бері «АТМА» АҚ-ның кәсіподақ комитетін басқарып келеді. Осынау жылдар белесінде мекемеде Қазақстан Республикасы заңдылығының барлық талаптары сақталып, қазақтар саны көбейіп келеді. Бұл тақырыпта «АТМА» АҚ-ның өкілдері Мәдина Ғабдысәлімқызына ұзақ жылғы қызметі үшін тарту-таралғысын тапсырып, Атырау өңірінде табан тіреуі үшін көмектескеніне алғыс білдірді.
Иә, іскер әйелдер қауымдастығының оны әйгілі әйелдер сапына қосуы тегін емес. Шындығында да, Мәдина Ғабдысәлімқызы және оның замандастары – айрықша адамдар, құйма алтындар. Олар адамгершілік тәрбиесінің тәлімгерлері, өмір ұстаздары.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.