Қайран біздің Қайрекең!
Atr.kz/1-наурыз, 2019 жыл. Біз білетін Қайрекең – Қайрош Қабдешев «аузын ашса, жүрегі көрінетін» адам болатын.
Жас айырмашылығына қарамастан, кездескеніңде құшақ жая амандасып, әзілдесіп те қоятын ағамыз шынымен де ақкөңіл, ақжарқын, бала көңілді, даладай дархан пейілді азамат-тұғын. Ортамызда болмағандықтан, әріптесіміз жайында осылай өткен шақта сөйлеуге тура келіп отыр.
1949 жылдың ақпан айында «Қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға топырағында кіндік қаны тамған Қайрекең осы өңірде ержетті, есейді. Отбасындағы балалардың үлкені болғандықтан, ата-анасына қолғанат болып, соңынан ерген іні-қарындастарына қамқорлық танытты. Бауырларының өмірден өз орнын тауып, үй болып кетуіне ағалық ақыл-кеңесімен, қолынан келген көмегімен септесті. Әке-шеше дүниеден озған соң, арқалар жүгі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Қиындықты да, қайғыны да көрді, бәріне де көнді. Ешқашан мойымады, сағы сынбады. Ерік-жігерін қайрап, алға ұмтылды, өмірдің көшінен қалмауға тырысты.
Шығармашылық еңбек жолын Қызылқоға өңіріндегі аудандық газет редакциясында әдеби қызметкерліктен бастаған Қайрекең кейіннен қаламын фотоаппаратқа алмастырып, фототілші болды. Соңынан жұмысын мұнайлы Мақат ауданында жалғастырды. Тоқсаныншы жылдардың басынан ғұмырының соңына дейін ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Атырау» газетінде жемісті еңбек етіп, абырой-беделге бөленді, көптің құрметіне кенелді. Дәл осы «Атыраудағы» кезеңінде Қайрош Қабдешевтің есімі облыс оқырмандарына кеңінен таныла түсті.
Әріптесіміздің фотосуреттері аймақ айнасының ажарын айшықтап қана қоймай, республикалық газет-журналдарда жарияланып, кітаптарда басылды. Журналисті асырайтын аяғының ауырғанына қарамастан Қайрекең қайда жұмсаса да иығына фотоаппараты салынған қара сөмкесін асынып алып, балаша шауып жүре беретін. Ойына алған суретін де сәтімен түсіре келетін. Әрбір фотожарияланымның астындағы «Суретті түсірген Қ.Қабдешев» деген жазудан-ақ, оқырман оның қолтаңбасын бірден білетін. Бір қызығы, ағамыздың өзі адамдарды жыға танымаса да, өзгелері оны жақсы танитын.
Ұзақ жылғы еңбегі еш кетпеді, лайықты бағаланды, көптеген марапаттарға ие болды. Түрлі байқауларға қатысып, байрақтарды да иеленді.
Ол Гүлжәмиладай өмірлік серігін жолықтырды. Сөйтіп, өзгелерге үлгі боларлықтай өнегелі отбасының отағасы атанды. «Балалы үйдің базар екенін» ұқтырып, перзенттік қылықтарымен қызықтырған Алмагүл, Рүстем, Әйгерім, Сағындық сынды ұл-қыздары өнегелі өмір жолдарын өрісті етуде. Үлкендері теңін тауып, отбасын құрса, кенжелері де әскер қатарында азаматтық борышын өтеп, еңбекке араласты.
Күйеу балаларын ұлдарындай, келіндерін қыздарындай көретін Қайрекең мен Гүлжәмиланы олар да өз ата-аналарындай сыйлайды. Отбасындағы сыйластық пен түсіністіктің, татулық пен бірліктің тұтқасы осында жатса керек. Солардан өрбіген немере-жиендерінің қызығына тоймай, бақытты ата мен әже болып, қуаныштарын бірге көрген шадыман шақтары да аз болмап еді-ау. Әттең, алдыңғы жылдың жазында 69 жасқа қараған шағында Қайрекең де бақилыққа аттанды. Шүкір, артында аяулы жары, шаңырағының отанасы Гүлжәмиласы, өзі мен көзіндей, өмірінің жалғасындай ұрпақтары бар. Қатарлас қызмет істеген, көзін көріп, сөзін естіген қаламдас достары, үлкенді-кішілі әріптестері оны ұмытқан жоқ. «Атырау-Ақпарат» ЖШС өмірден өткеніне бір жыл толуы қарсаңында әр жылдары түсірілген, өңір өмірінің тарихи кезеңдерін қамтитын фотосуреттерінен кітап-альбомын шығарып берді.
Кішілігінен кісілігі, пайымынан парасаты, қарапайымдылығы мен қайырымдылығынан қазақылығы көрініп тұратын қайран біздің Қайрекең биыл 70 жасқа толар еді…
Дәулетқали АРУЕВ