Жарнама
Қоғам

Аймақтың алтын дауысы

Осыдан тура отыз бес жыл бұрын облыстық телеарна қайтадан ашылды. Тәуелсіздікпен бірге түлеген телеарнада жедел әрі нақты ақпаратты халыққа жеткізіп, арнаның айнасына айналған алғашқы дикторды танисыз ба? Оның тау суындай сыңғыр әрі жағымды дауысы талай жанның әлі күнге дейін құлағында жаңғырып тұр. Ол бүгінде халық арасында «Атыраудың алтын дауысты дикторы» деген атаққа ие.

Жақында өзі де, сөзі де көркем, бірегей болмыс пен «алтын дауыстың» иесі Жеміс Дияшевамен жүздесіп, өрелі әңгіме өрбітудің сәті түскенде ол кіршіксіз жан сарайының шұғылалы сәулесін шашқандай болды.

«Ағаш тамырымен мықты»

Жапырағы жайылған мәуелі бәйтерек аспанмен таласқан биік шынарға айналуы үшін тамыр салған топырағы құнарлы болса игі. Бұл – табиғат заңдылығы, бұлжымас қағида. Оның кіндік қаны тамып, кір жуған жері – қазіргі Исатай ауданының Жанбай ауылы. Өзі «жер жәннаты – Жанбай» деп әлі күнге дейін туған жерге ет-жүрегі елжіреп тұратынын аңғартты. Әкесі Сәлу сол заманның талабына сай жеті жылдық білім алған соң шойын жолды нығайтуға зор үлес қосқан нағыз еңбек адамы еді. Анасы Фазила елде талай жыл «ұстаз» деген ұлағатты есімді абыроймен арқалап, сан шәкірттің санасын оятуға талмай тер төккен жан-тұғын.

– Үйде ешкім дауыс көтермейтін. Әкем өзінің көзқарасымен, салмақты мінезімен, таудай тұлғасымен ішкі тәртіпті сақтай білді. Анамыз бізді ес білгелі еңбекке баулыды. Біздің сауатымыздың ашылуына, ғылым-білімге құштар болуымызға қатты мән беретін. «Правда»-дан бастап республикалық, облыстық, аудандық газеттер, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Жалын», «Ара», «Пионер», «Балдырған» тәрізді таңдаулы журнал-альманахтар үйіміздің төрінен табылатын. Сол басылымдарды ауылдағы поштадан ең бірінші болып мен алатынмын. Қолыма қысып, үйге жүгіріп келіп, газет-журналдардың әр бетін ерекше ынтызарлықпен ашып оқитынмын. Мектепте оқып жүргенде-ақ совхоздың әдеби-мәдени кештерін жүргізетінмін. «Горизонт» телевизоры ауылда екі-үш үйде ғана болды, соның бірі біздің үй. Ол кезде кешкі жаңалықтарды оқитын орыс дикторларына қатты қызығушы едім. Үйде ешкім жоқта, анамның үш жақты трюмо-айнасының алдына отырып, сол дикторлардың барлық қимыл-қозғалысын қайталап, газет-журналдардағы ақпарат хабарлар мен мақалаларды нақышына келтіре оқуға тырысатынмын, — деп Жеміс апа балалық шағын сағынышпен еске алды.

«Би бол, би болмасаң – би түсетін үй бол» демекші, ауылдағы ең үлкен, жинақы, тәрбие-тағылымы сақталған шырайлы шаңырақ болған соң, алыстан арнайы келген ел мақтаныштары осы үйден дәм татады екен. Атақты әншілер Ғарифолла Құрманғалиев пен Роза Бағланованың өз үйінің төрінде отырғанын ол әлі күнге дейін мақтаныш тұтады.

Жастай шетінеген сәбиді санамағанда үш ұл, үш қыздың бәрі де жоғары білім алып, елге адал қызмет етуіне ата-анасы зор ықпалын тигізген. Ал, бауырларының ортасында еркелеп өскен балауса қыз кішкентайынан зерек, алғыр боп өседі. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 1979 жылы Х сыныпты үздік аяқтайды. Әйтсе де алғашқы мемлекеттік емтиханды тапсыратын күні аяқ астынан өзіне тете ағасының қайтыс болуы өмірдің жаңа баспалдағын аттауға әзір тұрған бойжеткенге ауыр соққы еді. Қалың қайғының құрсауына түскен оның жігерін алдымен ата-анасы, мектеп басшылығы мен ұстаздары жаниды. Осылайша ол Ақтөбе медициналық училищесінің «тіс технигі» бөліміне оқуға түседі. Екі жылдан соң ауылға оралып, тіс протездеу кабинетін ашады. Жоғары сапалы медициналық қызметке қол жеткізген ауыл халқы қаршадай қызға алғыстарын жаудырады.

Ақ халатты абзал жан атанып, абыройы өсе бастаған кезде туған жеріне келген ақын Фариза Оңғарсынова Жанбайға ат басын бұрып, тұрғындармен кездеседі. Сахнаға көтерілген жалынды қыз ақынның «О, туған жер» деген өлеңін мәнерлеп оқып, жастар атынан өзінің тебіреніске толы жүрекжарды сөзін арнайды. Көзінде оты бар, тілінен бал тамып тұрған бойжеткенге өте риза болған поэзия падишасы «Шілде» деген кітабына «Өлеңді сүйген адам – тегін адам емес» деп қолтаңбасын жазып, Алматыға шақырады. Алайда, арманы асқақ қыз ешкімге арқа сүйемегенін, өз маңдай тер, мұқалмас қажырының арқасында ғана сатылы биіктерді бағындыруға бет алғанын айтады.

Екі жарым жылдан кейін аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясының радио бөліміне жұмысқа орналасқан Жеміске бұл жер таңсық емес еді. Өйткені оқушы кезінен бастап осы газеттің штаттан тыс жас тілшісі болып, тырнақалды туындылары жарық көрді.

Арманға қанат қаққанда…

Оның көкейінде «Қалай да жоғары орнына оқуға түсуім керек!» деген берік қағида тұрды. Өзіне берген сертіне адалдық танытып, 1984 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға қабылданады. Тумысынан елгезек қалпымен институттың комсомолдық бюро, жастар комитетіне мүшелікке өтеді. Қала өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Жеміс апа оқыған кезде институтішілік «Студенттік көктем» байқауынан тарих-филология факультеті оқ бойы озық тұратын, бас бәйгені басқа факультеттерге берген емес. Ерекше ұйымдастырушылық қабілетін байқап, бақылап жүрген облыс басшылығы ІІІ курсқа аяқ басқан күні Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы Гурьев облыстық комитетіне жұмысқа шақырады. Институт ректорының арнайы рұқсатымен сол курстан бастап сырттай оқу бөліміне ауысып, жүгі ауыр қызметті де зор беделмен қоса атқарады.

…1988 жылы сол кездегі астана – Алматы қаласында өткен Гурьев облысының мәдениет күндері атты ауқымды фестивалдің конференсьесі – облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы Жеміс Дияшева болатын. Облыс делегациясының құрамындағы гурьевтік бойжеткеннің талабын байқаған республика Мәдениет министрлігінің өкілі оны Мәскеу қаласында өтетін «Қазақ КСР-ның күндері» фестивалінің бағдарламасын жүргізуге лайық деп таниды. Сөйтіп, өнер тарландары Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, сол кездегі жас өрен Мейрамбек Беспаевтармен бірге Мәскеуге аттанады. Ұлттық көйлегінің етегі жер сызған, арқасында қос бұрымы төгілген Гурьевтің қызы сол кездегі «Отанымыздың жүрегі» – Мәскеу қаласында өткен халықаралық фестивальдің тізгінін ұстайды. Елге оралғанда ол туралы республикалық, облыстық басылымдар жарыса жазады.

1988-1989 жылдары Гурьев қаласындағы алғашқы Наурыз мейрамын да Жеміс Сәлуқызы екі тілде өте сауатты жүргізді. Институттағы оқуын үздік тәмамдаған соң, сол жылдары облыстық радиоға техникалық инженер болып жұмысқа орналасады. Онда дыбыстың сапалы жазылуын, тыңдарманға еш кедергісіз жетуін қатаң бақылап, қызметкерлердің темірдей тәртіппен жұмысты өз деңгейде атқаруына мұрындық болған ол қосымша радио бағдарламаларын да дайындауды үйренді.

Материалдық-техникалық ресурстар-дың тапшылығынан 1976 жылы жабылып қалған облыстағы телестудия 1990 жылы облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясы болып қайта ашылды. Бұған ұйытқы болған сол кездегі компания төрағасы Айтқали Нұрғалиев болатын. Аймақтың дербес телеарнасындағы әр маман жұмысқа тек ашық конкурс негізінде қабылданып жатқан еді.

Сол кезде дикторлыққа 40 адам өтініш білдіреді. Бас режиссер Лира Шарипованың ұсынысымен конкурсқа жазылған Жеміс Дияшеваға да, басқа үміткерлерге де қойылған талаптар өте жоғары болды. Яғни диктор дауыс тембрі жағымды, дикциясы түсінікті, сөйлеу жылдамдығы дәл әрі нақты, тіпті шаш қойысы, ажары мен бет әрлеуі көзге оғаш көрінбейтіндей қалыпты, киім үлгісі оқиға орнына лайық, әңгімелесу мен сұхбаттасу мәнері мәдениетті, әріптестермен қарым-қатынасы жайлы болуы шарт. Осындай талап үдесінен Жеміс Сәлуқызы әлбетте шыға білді…

Арнаның айнасы

1990 жылдың 1 қыркүйегінде облыстық телевидение ресми түрде өз жұмысын бастады. Алғашқы эфирді талай үміткердің ішінен іріктелген Жеміс Дияшева тікелей жүргізіп, телеарнаның тұсауын кесті…

Телевидение саласында білікті маман болып қалыптасып, өзіндік қолтаңба қалдыру үшін көп ізденіс қажет. Сол себепті білімін кәсіби тұрғыда жетілдіру мақсатында Мәскеу қаласындағы теледидар мен радио қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру жөніндегі Бүкілодақтық институтына оқуға кетеді. Кеңестік және ресейлік атақты теле және радио жүргізушісі, Орталық телевидениенің дикторлар бөлімінің жетекшісі Игорь Кириллов ұстазы болады. Игорь Леонидович бұл кезде «Взгляд» телебағдарламасын жүргізетін.

Жеміс апа Алматы қаласындағы Қазақ телевидениесінде де екі айлық іс-тәжірбиеден өтті. Ол – Мәскеу қаласынан «Кәсіби теле-радио хабарларын жүргізуші диктор» мамандығын алып шыққан республикадағы санаулылардың бірі.

Елге оралып, телеарнаның көзге көрінбейтін қызу майданында қайнайды. Телевизия дикторына редактор қызметін қоса арқалайды. Сол кездегі телерадиокомпания төрағасы Айтқали Құмарғалиұлы Нұрғалиев, жетекші мамандар Өтепберген Әлімгереев, Мұрат Дүмбаев, Төлеген Берішбаев, Төлеген Жаңабаев, Георгий Трухин, Мұрат Диаров, Табылды Досымов, Әлібек Қайыров, Әндіржан Мұқанғалиев, Бақытжан Жұмат, Бақыт Қоянақова, тағы басқа тарландармен қанаттас қызмет етті. Тонның ішкі бауындай, бәрінде бір мақсат – елге адал еңбек ету, жақсылықты жария қылу ғана.

Өз саласының жұлдызы телеарна басшылығына ең алғаш коммерциялық табыс табуды да ұсынды. Ол ойы жүзеге асып, өзі коммерциялық бөлімді басқарып, айына миллиондап табыс көзін табуға жұмыстанды.

– Авторлық «Олжа» бағдарламасын көрермендер асыға күтетін. Заманның қиындығына қарамастан, әр жерден демеушілер іздеп, ұтысқа қомақты дүниелер тігетінбіз. Әр ауылды аралап, мереке күндері ұтыс ойындарын да өткіздік. 300-500 кісілік залда ұйымдастырылатын ток-шоудың билеті әрі десе үш күннің ішінде сатылып кететін. Бір қапшық астық, қысқы етік, бір қой, бір қап күрішті бөктеріп бара жатқан жандардың көзіндегі қуанышты әлі күнге дейін ұмыта алмаймын, — дейді сол кездегі бағдарлама авторы.

Тігін машинасы, тоңазытқыш, кір жуатын машина секілді техникалық құралдарды ток-шоудың қорытынды кезеңінде сый етіп ұсынатын. Халықтың көнерген салт-дәстүр, мақал-мәтел, жаңылтпаш-жұмбағын, өлең-жырларын кеңінен насихаттап, сұрақтарды осы бағытта әзірлейтін. Ток-шоудың әр кезеңі барынша әділ өткенін сол кездің көзі тірі куәгерлері жақсы біледі, ойын барысында бармақ басты, көз қыстыға жол берілмейтін. Заман ағымына қарай ауыс-түйіс кезінде халықтың еңсесін тіктеуге, аз да болса жыртығын жамауға бұл бағдарламаның көмегі көп тигенін әлі күнге дейін халық аузынан тастамай айтады. Кәсіби шебер маман кейін өзге де ауқымды бағдарламалардың өміршең болуына бір кісідей атсалысты.

Ұлт мүддесінде ұсақ іс жоқ

Аймақтық телеарнаның түлеп, биік тұғырға көтерілуіне жиырма жылға жуық өмірін арнаған Жеміс Сәлуқызы 2009 жылы мемлекеттік қызмет саласына бет бұрды. 2011 жылы облыстық тіл басқармасының ономастика бөлімі басшылығына тағайындалды. Бұл қызметте де халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, облыстағы жер-су атауларының топонимикасын дұрыстау, ретке келтіру басты мақсатына айналды. Алыс-жақын елді мекендерге түгелге жуық арнайы барып, әр төбе мен қыраттың, арнайы белгі мен көшенің, тіпті жер-судың атауын жергілікті көнекөз қариялардың аузынан жазып алып, 4000-ға жуық атауды тиянақтап «Атаулар сыры – тұнған тарих» атты көлемді жинақ та шығарды. 1000 данамен жарық көрген құнды жинақ әр ауылдың кітапханасына кемінде 10 данадан тегін үлестірілді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейту, ел жадынан өшіп бара жатқан рухани құндылықтарды қайта жаңғырту бағытында сүбелі еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Бүгінде Жеміс Сәлуқызы құрметті еңбек демалысына шықса да, маңызы зор қоғамдық жұмыстардан шеткері қалған жоқ. Тым болмаса күнделікті тұрмыста әр адамның қазақ тілінде таза сөйлеуін, ойды жинақты, дұрыс жеткізуін қадағалаудан бір тынбайды. Жас ұрпаққа білгенін бөлісуден де еш жалыққан емес. Данышпан Абай айтпақшы, «өзін қай қиындықтан да алып шығатын еңбегі мен ақылына» ғана сеніп, өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойып, өмірдегі азаматтық миссиясын адал атқарған Жеміс Сәлуқызы Дияшева – осындай тұлға!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button