Әйелдердің ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ…
Қоғамда əйелдердің зейнет жасына байланысты мəселе кеңінен талқыланып жатыр. Осы бағытта Қазақстан Халық партиясының Парламенттік фракциясы да ел Конституциясына түзету енгізу бойынша ұсыныс жасады.
Саяси күш жер, оның қойнауы мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі болуы, зейнет жасы төмендетілуі, азаматтарды əлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі нормалар мен Үкіметтің Парламентке есеп беруі заң бойынша бекітілуі қажет деп санайды.
Сондай-ақ, партия мүшелері: «Əрбір қазақстандықтың жер мен пайдалы қазбаларды өндіруден кіріс алуға жəне оны иеленуге конституциялық құқы бар» дейді.
Аталған партия əйелдердің зейнет жасын өсіруге қатысты шешімін түзетіп, оны 58 жасқа дейін қысқарту, сонымен қатар, науқас, мүгедек жəне асыраушысынан айырылған азаматтарға ең төменгі əлеуметтік көмекті қамтамасыз етуге кепілдік беру бастамасын көтерді. Мемлекет жыл сайын зейнетақыны, шəкіртақыны жəне əлеуметтік жəрдемақыны өткен жылғы инфляциядан жоғары деңгейге индекстеуге міндетті» деген партия депутаттары «бұл шығындар басым сипатқа ие болуымен бірге Үкіметтің шешімдеріне тəуелді болмауы тиіс» деп нақтылайды.
ҚХП баспасөз қызметі хабарлағандай, ұсынылған тағы бір тезис шығындарды немесе мемлекеттік кірістерді қысқартуды көздейтін заң жобалары қабылданған жағдайда Үкіметтің міндетті оң шешімі туралы норманы алып тастауға қатысты болған. «Мұндай норманың күшін жою Парламент пен парламенттік партияларды күшейтуге жасалған елеулі қадам» деп есептейді олар.
Лиза СЕЙТІМОВА