ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІ ӘРІДЕН БАСТАЛАДЫ

Халықаралық әйелдер мерекесі қалай пайда болды? Сан қырлы ақпараттар легі жинақталған «Уикипедия» энциклопедиясы бұл мерекенің негізі 1857 жылдың

8 наурызында Нью-Йорк қаласында қалыптасқанын жазады. 

 Аталмыш  қаладағы тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері 8 наурыз күні жаппай наразылық шарасын өткізеді. Олар басшылықтан жұмыс күнінің он сағатқа дейін қысқартылуын, еңбекшілердің жарық әрі таза жұмыс орнымен қамтамасыз етілуін, еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен тең дәрежеде төленуін талап етеді. Өйткені, олар ұзақ жылдар бойы тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алып келген еді. Осылайша, 1857 жылдың 8 наурызында жаңа кәсіби одақ өмірге келеді. Мүшелерінің барлығы әйелдер қатарынан тұратын кәсіподақтың басты мақсаты нәзікжандылардың құқығын қорғауға бағытталды.

Осы оқиғадан соң, араға 53 жыл салып Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен екінші халықаралық конференция өтеді. Конференция барысында социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткина  8 наурызды Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өтуді ұсынады.  Осылайша, оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданып, бұл ұранға өзге елдердің әйел-азаматтары да қосыла бастайды. Нәтижесінде, бұл мереке алғаш рет 1911 жылдың 19 наурызында Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде аталып өтілді. Мерекені атап өту 1912 жылдың 12 мамырында да өз жалғасын тапты. 

Кеңес одағы үшін бұл мерекенің бастапқыда саяси сипаты көп болды.  Мемлекеттік мейрам ретінде жарияланғанымен, әр жылдың     8 наурызында мемлекет әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар туралы есеп беретін. Уақыт өте келе бұл саяси сипат жоғалып, мейрам ел арасында аналарға, қыз-келіншектер қауымына деген сыйластық ретінде тарап кетті.

Осы жерде айта кетер тағы бір жайт, еврейлер үшін бұл мейрамның мәні бөлек. Бұл халық үшін мейрамның тарихы – еврей сұлуы Есфирь мен парсы патшасы Ксеркстен бастау  алады. Есфирь ханым өзінің Ксерксті қайран қалдырған әдемілігінің арқасында еврейлерді жойылып кету қаупінен құтқарып қалған деседі. Бір қызығы, 8 наурызды мереке ретінде белгілеу бастамасын ең алғаш көтерген Клара Цеткина да еврей ұлтынан екен. «Осылайша, Цеткина 8 наурызды мереке ретінде ұсыну арқылы еврейлердің мейрамын әлемдік дәрежеге көтеруді көздеген» дейді зерттеушілер.

Қалай десек те, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған әйелдер қауымы қашанда сый-құрметке лайық. Әйел-ана – тұтас отбасының ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы. Осылайша, олар қоғам тәрбиесіне ықпал етуші саналы күшке айналып отыр. Оның үстіне әйел-аналарымыздың мемлекеттік қызметтің қай саласында да абыроймен еңбек етіп, енді бір шоғырдың бизнесін өркендетіп, өзгелерді тұрақты жұмыспен қамтып, әрі ел экономикасының нығаюына белгілі бір дәрежеде үлес қосып отырғанын ескерсек, әйелдерге деген құрмет бір күнмен шектелмей, мәңгілік үрдіске айналса да артық болмас еді-ау…

Дайындаған Б.АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз