ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫ ҚҰРЫЛДЫ
Параволейбол – әлем бойынша алдыңғы қатарда келетін паралимпиадалық спорт түрі. Аталған спорт түрінен Қазақстан ерлер құрама командасы 1994 жылы Бейжіңде, 1998 жылы Тайландта өткен Азия ойындарында чемпион атанғаны тарихтан белгілі. Кейін Оңтүстік Кореяда өткен Азия додасында отандастарымыз күміс жүлдегер атанған болатын.
Бүгінгі күні аталған спорт түрі бойынша ел чемпионатында бақ сынап, бірнеше маусым бойы бас бәйгені қолдан бермей келген Атырау командасы Қазақстан құрамасының негізін құрайды.
Осы орайда, Атырауда бірер жыл бұрын тірек қозғалысы жүйелері бұзылған мүгедек жандар үшін ашылған «Мүгедектер спорт клубының» да тигізіп жатқан үлесі зор.
Параволейболдан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауовтың айтуынша, енді волейболшыларымыз Иранға аттанып, мұнда әлемнің жеті дүркін чемпионы атанған жергілікті құрама командамен бірігіп, бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізбекші.
— Бұдан кейін қараша айының 28-і мен 30-ы аралығында Германияда Лейпциг кубогы үшін дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнирге қатысамыз. Мұнда Паралимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпиондары бақ сынайтын болады, — дейді бас бапкер Бауыржан Бағытұлы.
Айта кетсек, өткен жылы аталған турнирде Қазақстан құрамасы қола жүлдені еншілеген болатын.