Агроаймақ құру мүмкіндігі қандай?
Мақат ауданында облыстық мәслихаттың бюджет, қаржы, экономика, және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Онда облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету сапасы туралы мәселе талқыланды.
Облыстық мәслихаттың депутаты, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешевтің төрағалығымен өткен тұрақты комиссия отырысында облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Абдолла Идресов баяндама жасады. Ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік сатып алу, жекеменшік әріптестік пен адами капиталдың дамуы, ұлттық кәсіпкерлік палата бастамасымен бизнестік аймақ құру жоспарлары, «Бастау» бизнес мектебі арқылы кәсіпкерлік біліктілікті дамыту жайына тоқталды.
Депутаттар қазіргі таңда Атырау облыстық кәсіпкерлік палатасы тарапынан мемлекет заңдарына қолайлы ұсыныстар жеткізудегі ықпалы, оның жүзеге асырудағы нәтижелері туралы сауалдарын жолдады.
Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы М.Өтешов, еңбек ардагері Е.Жоламанов өздерінің өмір тәжірибелерінен ой өрбітіп, агроаймақ құру бағытындағы облыстық кәсіпкерлік палатасының жобасын жүзеге асырудың тиімділігін атап айтты.
Жиында облыстық мәслихат депутаты А.Сисенов, мақаттық жеке кәсіпкер, «Бақ Ырыс» мейрамханасының директоры Б.Есенаманова орта және шағын бизнесті дамыту бағытында пікірлерін ортаға салды.
Лена МЫҢБАЙҚЫЗЫ,
Мақат ауданы.