Жарнама
Қоғам

Әділетті қоғамға бастар жол

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Динара Хамидуллина datnews.info ақпараттық порталында жарық көрген республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі саясаткер Ермұрат Бапидың «Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» атты мақаласына қатысты пікір білдірді.

2025 07 10 15 56 29 1

– Кеше кешкісін ғаламторды қарап отырып, datnews.info ақпараттық порталынан республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі саясаткер Ермұрат Бапидың «Ескі де, жаңа ел туралы қисынсыз мифтер» атты мақаласын, яғни қоғамдық көзқарасын оқып шықтым. Депутаттың қоғамдық көзқарасын оқи отырып, оның төмендегі жүйелі ой-пікіріне іштей қосылып отырдым.

Шынында, қазір ақпараттық ресурстарда да, әлеуметтік желілерде де пікірлер көп. Кейде қайсысына сенеріңізді білмей қаласыз. Әуелі Е.Бапидың мына пікірін келтірейік. Мақалада ол: «Бәзбіреулер «Жаңа Қазақстан деген құр атау ғана, оның ескі Қазақстаннан ешбір айырмашылығы жоқ» дейді. Біріншіден, мемлекетті, тұтас қоғамды «ескі», «жаңа» деп бөлуге болмайды. Еліміз өз орнында, жұртымыз да, шүкір, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Менің лексиконымдағы «ескі Қазақстан» – саяси дәуірлер шекарасын айқындаудың ғана белгісі. Ескірген принциптер, бұған дейін қалыптасқан «тәртіп», яғни елдік мүддеден жеке бастың қамын жоғары қоятын ойлау машығы. Бұл жүйені іштен білетін Президент Тоқаев сана сілкінісі болмайынша, ұлт сапасы өспейтінін, жаңа дәуір талабы осы екенін жақсы түсінеді. Замана лебімен іргелі өзгерістерге жол бастаған билік бұған дейін қалыптасқан жүйенің былығын әшкерелеп, әділетті қоғам орнатуға бар күшін салып жатыр. Мұны мойындау керек» — дейді.

Қарапайым адам ретінде бұл пікірге мен де қосылдым. Өйткені, қазіргі қоғамда әркім өзінің күнделікті іс-әрекетіне есеп немесе баға бермей тұрып, әртүрлі тұжырым жасап, ел ішінде пікір туғызатындар көбейгені рас. Шынына келсек, солардың көпшілігі – «диванда жатқан демагогтар».

Сонау дәуірде өмір сүрген ұлттың айтулы тұлғалары Асан Қайғы, Әл-Фараби, Әз-Тәуке аңсаған әділетті қоғамды ешкім бізге құрып бермейтіні ақиқат. Егер соған әркім өзі талпынбаса, ниет білдірмесе, біздің қазіргі тұрмысымыздан кері қарай кететініміз анық. Оған мысал ретінде Ауғанстан, Сирия тәрізді өзімізге тым жақын жатқан елдердің 1970 жылдардағы және қазіргі жағдайын салыстырып көріңіз!

Әріге бармай-ақ, кешегі Батыс Алашорданың ұстанымы болған экономиканы әртараптандыру мәселесін алайық. 1918-1920 жылдары Ембі мұнайын игеруді бастаған ағылшын алпауыттары сол мұнайды Батыс Алашорда жетекшілері Жанша мен Халел Досмұхамедовтердің рұқсатынсыз шетелге шығара алмаған. Бұл – тарих шындығы!

Сол қайраткерлер елді дамыту үшін Жапонияның даму бағытын ұстанған. Бұл да бекер емес. Ал, оларды «тыңшы» есебінде көзін жойғаннан кейін біздің бағытымыз басқа жаққа бұрылды. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттар мен өңір әкімдеріне инвестиция тартуды міндеттегелі бері Қазақстанға жаңа инвестициялық тұлғалар келе бастады. Әрине, «Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ», кейбір кешеуілдеулердің бары рас. Бірақ бетбұрыс бар. Меніңше, жаңа да әділетті мемлекет құрудың негізгі алғышарттары осында жатыр.

Қазақстанда соңғы 30 жыл бойы қалыптасқан «суперпрезиденттік» жүйеге тосқауыл қойылуы да елді дамытуға деген жанашырлық. Президенттің тек бір мерзімге сайлануы, оның біршама өкілеттіктерінің Парламент пен Үкіметке бөлінуі халықтың тұрмысына да әжептәуір әсер ететінін атап өту керек.

Мысалы, мүгедектер мен жастарға жасалып жатқан түрлі көмек-қолдаулар мені шынымен қуантады. Атап айтқанда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өзінде соңғы жылдары жас ғалымдар саны артып келеді. Тек биылғы оқу жылында Phd саны 34-ке жетті. Университеттің жас ғалымдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысып, аса құнды жәдігерлерді табуға қол жеткізіп жүр. Физика-математика факультетіндегі әріптестеріміз әр түрлі деңгейдегі бағдарламаларды ойлап тауып, жетілдіруге түбегейлі ден қойып келеді. Министрліктің және университетішілік жобалармен жұмыс істеп, шетелдік ғалымдармен қарым-қатынас жасап жүрген жастарды да атап өту керек. Бұл зор жетістіктер ғой. Бұрын мұндай мүмкіндіктер өңірлік ғылымды дамытуда болған жоқ.

Менің айтып отырғаным – бір ғана өңірде бір саладағы жетістіктер. Ал, дәл осындай өзге өңірлердегі табысты істерді санап шықса, Қазақстанның даму деңгейі соңғы 5-6 жылда әлдеқайда жоғарылағанын ұмытпау керек.

Осы тұрғыдан алғанда, Е.Бапидың бұл мақаласында орынды пікірлер айтылған деп ойлаймын. Жалпы қарапайым азамат ретіндегі ұстанымыма келсек, қандай да бір тақырыпты талқыламас бұрын мәселеге байыпты қарап, әр нәрсені ойша сараптап алған дұрыс болар.

Динара ХАМИДУЛЛИНА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің деканы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button