ӘДІЛ СОТ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ СЕНІМІ
«Бүгінде барлық дерлік сотта электрондық жәшіктер орнатылды, сол арқылы адамдар электрондық форматтағы кез келген құжатты, тіпті сот отырысының хаттамасын да алуға құқылы. Бұл шара адамдардың әділ сотқа деген қолжетімділігін қамтамасыз етеді»,- деп атап өтті Анатолий Смолин. Сондай-ақ, ол 2009 жылға дейін бізде мамандандырылған экономикалық сот табысты жұмыс істеп келгенін, одан кейін мамандандырылған әкімшілік сот қолданысқа енгізілгенін, оның қызметіндегі оң істер мен қиындықтар туралы айтты.
Және тағы бір айта кетерлігі, барлық облыста қазір алқабилер сотының қатысуымен қарайтын қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, барлық облыста кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарайтын соттар да енгізілген.
Кеңес төрағасы Қазақстан судьялар қауымдастығының «Нұр Отан» партиясымен сот билігінің имиджін арттыру жөніндегі өзара ынтымақтастық және сот шешімдерінің орындалуына бақылау жасау бойынша меморандум жасағанын атап өтті. Бұл сот өндірісіне қоғамдық бақылаудың бір түрі болса керек. Десек те, «ең басты бақылау формасы — бұқаралық ақпарат құралдары екені рас», — деді А.Смолин.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.