«АДАСА КӨРМЕ, БАУЫРЫМ!»
Өткен сәрсенбі күні, мұсылмандардың қасиетті айы — Оразада, Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры Атырау қаласының УГ-157/9 мекемесіндегі жазасын өтеушілермен кездесу өткізді. Деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу мәселесіне арналған жүздесуді Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы, әділет полковнигі Данияр Туашев ашып бергеннен кейін қонақтар сөз алды. Өз сөзінде Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев деструктивті діни ағымдардың таралуы жайында айта келіп:
— Сырттан белгілі бір мақсатпен келген келімсек дәстүрлі емес бағыттағылардың жанұшыра насихаттап жүргендері дін емес. Мұның барлығы – қасиетті ислам дінін, ислам әлемін бүлдіріп, барынша бөлшектеуге арналған әрекеттер. Діни тұрғыдан адасқан адам – өте қауіпті. Ондай адам кез келген қылмысқа барады. Ал, ең өкініштісі, ол өз ісін, өз жолын дұрыс деп есептейді, — десе, теолог Қанат Жұмағұл діннің шынайы қарым-қатынас екені, сол себепті өзге діннің адамы болса да, оған деген мәмілеміз дұрыс болуы керек дегенді меңзеді. Реті келгенде аталған мекемедегі жазасын өтеушілер өздерін ойландырып жүрген сауалдарға жауаптар алды.
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Айбек Аташевтың айтуынша, осынау кездесудің басты мақсаты – түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында деструктивтік діни ағымдардың таралуының алдын алу, теріс ағымдардың зияндылығын түсіндіру және оған қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру. Олай болса, шараға қатысқан екі жүздей азаматтың бірінің болмаса бірінің бұл кездесуден өзіне пайдалы әсер алғанына сенім мол.
Лиза СЕЙТІМОВА.