Жарнама
Қоғам

АҢҚАУ ЕЛГЕ – АРАМЗА МОЛДА

Нәтижесінде, бірнеше экстремистік топтардың қызметіне тыйым салынды. Атап айтсақ, 2004 жылы «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі» ұйымдарына, 2005 жылы «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман-ағайындар», «Талибан» қозғалысы, «Боз гурд», «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар Қоғамы», «Хизб-ут-Тахрир» сынды көптеген шетелдік ұйымдар Жоғарғы Сотпен экстремистік деп танылды. Елімізде қызметіне тыйым салынған ұйымдардың қатарында, сондай-ақ, «АУМ Синрикё», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам қозғалысы», «Алля Аят», «Ата жолы» деструктивті ұйымы да бар.
Аталмыш ұйымның өкілдері жайлы қысқаша сипаттар берер болсақ, олардың діни сауаттары төмен, тіпті басым бөлігінің сауаты мүлде жоқ деуге де болады. Бірақ, олар «есіктен есікке» жүріп, ел аралап, апталап-айлап халық арасында үгіт-насихат жүргізудегі белсенділігімен ерекшеленіп отыр. Ағым жақтастарына тән басты ерекшелік те мыналар: әдетте, олар жұпыны киінеді, жұпыны төсек-орынды қанағат тұтып, жұпыны тамақтанады. «Ырзықты жолымызда Алланың өзі жетістікке жеткізеді» деумен шамалы қаражатпен ғана жолға шыға береді. Өйткені, олар жомарт адамдардың хадия (сыйлық) немесе садақа ретінде азды-көпті берер көмектерін іштей есепке алады.
«Таблиғшылар» топ-топ болып, белгілі бір елді мекенді бағытқа алып аралауды мақсат тұтады. Мұндай сапар кезінде ұйымның кейбір мүшелері өздері тұрақтайтын мекен-жайларды дайындаумен айналысса, қалғандары үйді, базарларды аралап «дағуат» жұмыстарын жүргізеді. Әдетте ұйым оның негізін салған адаммен аталатыны белгілі. Сонда бұл топтың «Таблиғ жамағаты» деп аталу себебі неде? Топ мүшелері ұйымның атауын, яғни, «таблиғ» сөзінің «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды беретінімен түсіндіреді. Өздерін осылайша атауларының себебін олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисіндегі: «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!» деген сөзімен байланыстырады. Бір қарағанда таблиғшылардың бұл дәлелдері орынды сияқты көрінгенімен, зерделей келе ол пікірдің еш қисынсыз екендігін аңғаруға болады.
Біріншіден, олардың келтірген хадисі «умуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни, бұл хадистегі «жеткізіңдер» деген сөз жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па, қандай тәсілмен, қашан, кімдерге жеткізу қажет екендігі жайлы түсінікті етіп айтылмаған. Сондай-ақ, бұл хадисте аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын сөз де келтірілмеген. Сондықтан, бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шарғи тұрғысында дәлел бола алмайды. Өйткені, қасиетті Құран Кәрімде топтарға бөлінбеу туралы анық нұсқаулар берілген. Құранда «бөлінбеңдер» деген мағынадағы аяттар бар болса, хадистерде Әхлүс сүннә жамағатынан бөлінуді айыптайтын үкімдер де келтірілген.
Өкінішке орай, осындай айдай анық нұсқаулар бола тұра, оларды елемей, өздерін білгіш санайтын кейбіреулердің жергілікті жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай (сүннәға сай емес деп), өз бетінше өзге бағытты ұстанғылары, сол әрекеттері арқылы адамдардың арасында бүлік салып, өз ұстанымдарын басқаларға мойындатқылары келетіндері жасырын емес. Осыдан келіп олар мешіт имамдарымен кереғар пікірталасқа түседі. Өздеріне жұрттың назарын аудару үшін, жергілікті жамағаттың амалдарына қайшы келетін амалдар жасайды. Біз сөз қылып отырған «Таблиғ жамағаты» да осындай топтардың қатарына жатады.
Олар елді мекендерді аралап жүріп, өздері «баян» немесе «хұтба» деп атап кеткен үгіт-уағыздар жүргізеді. Атап айтсақ, «баян» кезінде «таблиғшылар» адамдарды уағыз тыңдауға шақырып, жиналған қауымды бірнеше топқа бөліп, олардың әрбіріне жетекші тағайындайды. Сөйтіп, оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелерді үйретеді. Осы тәртіппен өткен бірнеше күннен кейін сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» (уағызға) шығуға міндеттейді. Оларға: «Сапарға шығып дағуат жасау дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін түсіндіріп берушісіңдер, адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар»- деп үйретеді. Сөйтіп, әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге 1 күн, яки 3 күн, жылына бір қырық күн, өмірінде бір үш ай дағуатқа шығуға мәжбүр болады. Таблиғшылар мұндай дағуатқа шығуды «харуж» деп атап кеткен.
Өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптату үшін олар «Әлі Имран» сүресінің 110-аятындағы: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. Сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және жаман істерден тыясыңдар»,- деген үкімді алға тартады. Олардың өз сөздерімен айтқанда «Міне, аятта адамдарды тура жолға шақыру және жаман істерден қайтару туралы айтылған. Сондықтан, біздер дағуатқа шығып, адамдарды тура жолға шақырамыз және оларды жаман істерден қайтарамыз» деп сендірген болады. Бірақ, бұл аят олардың сөздеріне дәлел болмайды. Өйткені, ол аятта дәл таблиғшылар сияқты бөлек жамағат құру туралы да, немесе 1 күн, яки 3 күн, жылына бір рет қырық күн, өмірінде бір үш ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген.
Бұған қоса, дін жайлы дағуат ету, оны елге өз деңгейінде жеткізе білу кез-келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, себебі, оған белгілі бір деңгейдегі діни сауаттылық керек. Бұл туралы Құран аяттарында да, хадистерде де нақты нұсқаулар бар. Ал, «таблиғшылар» болса барған мешіттерін жатақхана ретінде пайдаланып, сонда ішіп-жеп, бірнеше күн жатып алады. Әрине, мешіттерді бірнеше күн жатын орын еткен соң, онда өздерінің кір-қоңын жуып, әртүрлі келеңсіз әрекеттерімен мешіттердің құнын кетіреді. Ал, бұл қоғамдық ортада «Ислам діні — лас, берекетсіз адамдардың діні» деген ой тудырады.

Артур АЙТМАҒАМБЕТОВ,
Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау
орталығы» мекемесінің бөлім басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button