Жарнама
Қоғам

АҚИҚАТ АЙТЫЛУҒА ТИІС

 «Халел Досмұхамедовтің Мәскеу мұрағатынан табылған хаты» деп исі қазақтан сүйінші сұраған қосымша тақырыпшасы бар. Онда «2007 жылы Мәскеудің Әскери-тарихи мұрағатынан осы хатты көшіріп алдым. Орал қаласының мұражайында болған кезімде бұл жөнінде ешбір дерек кездеспеді. Көптеген тарихшылар, философтармен кездескенімде осы хат туралы тағы да ешкім еш нәрсе айта алмады. Соған қарағанда, хатпен бірінші танысып отырған мен болуым керек. Оқырмандар хабардар болсын деп қазақшаға аударып беріп отырмын» депті зерттеуші, Семейдегі Шәкәрім және М.Әуезов атындағы университеттердің құрметті профессоры Болатбек Нәсенов. Өте құнды жәдігер. Оны тауып, бүкілхалықтық айналымға қосқаны үшін атақты ғалым Болатбек Нәсеновке айтылар алғыс ұшан-теңіз. Бір қызығы, қандай жолмен қолдарына түскенін құдай біледі, хат ішкі істер департаментінің ұсынысымен Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімінің сараптап, саралауынан өткен. Демек, сол кездің өзінде-ақ Санкт-Петербург қаласында оқитын қазақ студенттеріне деген патша өкіметінің тарапынан сенімсіз көзқарас қалыптасқан. Олардың белсенділігінен, ұлтжандылығынан секем алған тәрізді. Әскери-медицина академиясының 2-курс студенті Халел Досмұхамедовтің хатына жүргізілген мына тексеріс соны әйгілейді.
Зерттеуші ғалым Болатбек Нәсенов әуелі №12065 ішкі істер департаментіне Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімінің қайтарған жауабын ұсынып алып барып, әрі қарай хатқа кезек берген. Сөйтіп, бәрін рет-ретімен жария еткен.
Осы жерде жалпыға түсінікті болу үшін Халел хат жолдап отырған Қазан қаласындағы мал дәрігерлік институтының студенті Ғұбайдолла Бердиев кім еді, аз-кем соған тоқтала кеткен орынды болар. Ол да Атырау өңірінің азаматы. «Батыс Қазақстан» энциклопедиясындағы (Алматы, «Арыс» баспасы, 2002 жыл, 189-бет) мәліметке қарағанда, Ғұбайдолла Есқалиұлы 1885 жылы Гурьев уезінің Қарашығанақ ауылында туған. Орал реальдық әскери училищесінде, Қазан мал дәрігерлік институтында оқыған. 1905 жылы қаңтардың 9-ында Қазандағы студенттер ереуіліне қатынасқаны үшін қудаланған. Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің бірі. 1917 жылы уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары болып тағайындалған. 1918-1919 жылдары Гурьев уезіне қарасты Қарабау (қазіргі Қызылқоға ауданында) болыстық земство басқармасын басқарған. 1921 жылы туған жерінде өкпе ауруынан қайтыс болған.
Ғұбайдолла Бердиев пен Халел Досмұхамедов екеуі – екі қалада оқыса да бір-бірімен арақатынастарын үзбеген ниеттес, мүдделес, рухтас болған озық ойлы, ұлтжанды азаматтар. Оған мына хат және 1908 жылы Санкт-Петербургте екеуінің қастарына Нұрғали Ипмағамбетовті алып бірге суретке түсулері куә.
Енді Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімінің жауабы мен хатқа (екеуі де «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған күйінде, еш өзгеріссіз басылып отыр) назар аударалық:

№ДПОО қоры, опись — №1904. 1915-іс.
Әскери-медицина Академиясының студенті
Досмұхаметов Халел Досмұхаметұлы туралы
Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі 4-тәртіп 23 қазан, 1904 ж. №15081

Осы жылғы 16 қазанда №12065 полиция департаментінің ұсынысына жауап беремін. «Сенің Халелің» атты Санкт-Петербургтен Қазан қаласындағы ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке 7 қазанда 1904 жылы жазылған хаттың авторы Әскери-медицина Академиясының студенті Досмұхаметов Халел Досмұхаметович Даманский көшесі қиылысында, №46 үйде тұрады.
Осыған дейін ол туралы саяси сенімсіздік көрсететіндей мәліметтер түскен емес.

ХАТ

1904 жыл, 7 қазан. С.Петербургтен Қазан қаласындағы
ветеринар институтының студенті
Ғұбайдолла Бердиевке.

Қаладағы ұзақ мерзім ішіндегі қапырық өмірден кейін дала маған бойды билеп алатындай әсер етті. Өзіме таныс киіз үйдің көрінісі, аса қымбатты ауылыма келгенім, туыстармен кездесу, сырт адамдардың құрметі – осының бәрі таңғаларлықтай әсер етеді. Бұл далалықтардың өркениеттілерден жоғары тұрғандығының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қырғыздар жоғарғы дәрежелі білімдер алып жатқанын ойыңызға алсаңыз, сол кезде бұл халық та еңбекке, алға басуға қабілетті деп есептейсің. Ол: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», — деген сөз.
Ақ шайтандардың қол астында үнемі бола беру мүмкін емес. Өзін-өзі тұншықтырушы, әрі өз билігін шектемеген, тіпті жер-асты күшіне қарсы тұра алмайтындар өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет аймақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсыруда, жаншуда. Олардың жерлерін тартып алуда. Бұл жерлерді халқымыз қанын төгіп татар, башқұрт, қалмақтардан қорғап қалған еді. Отаршылар мыңдаған адамдардың өмірін қиып, ұрыларына, тонаушыларына, біздің халықты «үйретушілерге» бөліп берді.
Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық-зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету дәуіріне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүруі үшін жанталасуы қажет.
Дәл осындай жолмен біздің дала әкімшілігіндегілер де қимылдамақшы (Нач. СПБО.О. с/л №12065 Досмұхаметов). Бірін-бірі жамандау, пәлеқорлық, дау-жанжал туғызу және партияға, жікке бөлініп жауласуды қоздыруда.
Басқарудың басшылары болып, міне, бірнеше жыл бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар келеді. Мысалға, басқарманың қызыл крестіне жанашырлық жәрдем жинау дегенді сылтау етіп бастықтар «бұйрықпен» байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір рубль жинауды жариялады. Бұл адам айтқысыз көп сомадан бастықтарға 100 сомы қалдырылады. Біздің бақытсыз халқымызға Юлдузовтың компаниясының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.
Сайлау кезінде де солай. Ешнәрсе қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді.
Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қолыңнан ештеңе келмейді. Біз халыққа көмектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының барлығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтың компаниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды.

Аққа қара жұқпайды

Тура тілді нағыз ердің сөзі. Бұлай сөйлемесе ол Халел болар ма?! Хаттың өн бойынан қазақ даласына деген сағыныш, ауыл өмірін өркениеттілерден жоғары қоюшылық, азаттықты аңсаушылық лебі еседі. Өз елінің келешегіне деген сенім қандай керемет, қандай асқақ! «Ол: Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады» деген сөз» деуі нағыз көрегендіктің көкесі болып табылады емес пе?!
Орыс отарлаушыларының халқымызға жасап отырған озбырлығын да хатта айтудай-ақ айтыпты-ау. Олардың қол астында үнемі бола берудің мүмкін еместігін қаперге береді. Қазақтың қанын төгіп, сыртқы жаулардан қорғап қалған басыбайлы жерлерін тартып алып, біздің қазаққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық-зорлық арқылы қайыршы болуды үйретіп, халықты құрып кету дәуіріне жеткізбекші екендігін тілінің бізін тыға отырып баян етіпті.
Орыс компаниясының жергілікті жердегі қазақтан шыққан жандайшаптарының қыр жұртшылығына көрсеткен әлімжеттіктеріне қатты ренжиді. Әсіресе. «…Юлдузовтың (дұрысы – Жұлдызов. Т.Ж.) жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек» деген пікір айтуы Халел Досмұхамедұлының ақиқат жолында ағайынға да бұрылмай, шындықты шімірікпей айтатын дәл тура би екендігінің дәлелі. Себебі, Жұлдызов деп отырғаны Тайсойған құмында ежелден іргелес, қоныстас отырған өзінің рулас жақыны — Алдар бидің бәйбішесі Жұпардан туған баласы Есембайдың немересі Жұлдыздың ұлы болса, ал Халел сол Алдар бидің тоқалы Ақшабақтан өрбіген Тілекенің ұрпағы.
Одан әрі тағы бір мәселе туралы шыр-пыры шығып толғанады. Хатта «Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтың компаниясынан сұмырай Жұмағұлды (дұрысы – Жұмақұл. Т.Ж.) сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды» деп үлкен алаңдаушылық білдіреді. Жұлдыз Тумаш ауылына болыс болған кісі. Енді оның ұлы Ықсанның баласы Жұмақұл билікке келмекші. Ол – Гадучев компаниясының сойылын соғатын адам. Халел, сондықтан, туысқаны болса да, оның болыс болып сайлануына қарсы. Міне, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген осы болса керек. Осылайша, Халел Досмұхамедұлы – студенттік дәуренінің өзінде ел қамын жеген қайсар ер болып қалыптасқан тұлға.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің доценті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button