АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН
Қай елдің Конституциясында да қайшылықтар бар. Әсіресе, адам құқығы және оның іске асуындағы айтарлықтай ара қашықтықты әлемдік үрдіс деуімізге болады. Осындай мәселенің Конституция талаптарында көрсетілгендей деңгейде жүзеге аспау себебін қайдан іздейміз?
Кей жағдайда Конституцияны «заң талаптары мен баптары жинақталған кітап» деп қабылдайтын қасаң түсінік иелерін де кездестіріп жатамыз. Шын мәнісінде Конституция – біздің өмір сүру образымыз. Мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаты, даму жолы да басты құжатпен тікелей байланысты емес пе?
Басты құжат «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп басталады. Демократияны желеу еткен діни ұйымдар, түрлі саяси құрылымдар қазір қоғамды тұрақсыздандыруға алып баратын сан қилы әрекеттермен айналысып жүр. Сонда демократия ойға келгенді жасау ма?
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор:
«БҰЛ – БІЗДІҢ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ»
Жалпы, Конституцияның екі үлкен маңызы бар. Біріншіден, біз әдетте «идеология жоқ!» деп шулап жатамыз ғой. Конституция – тұнып тұрған идеология. Онда елдің идеологиясы, азаматтарды тәрбиелейтін құндылықтар жатыр. Біздің Конституция — тәуелсіз ұлттың Ата Заңы.
Германия 1949 жылы өз Конституциясын қабылдады. Бұл құжат әрі Ата Заңның, әрі идеологияның рөлін атқарды. Фашизмге қарсы пәрменді идеология болды. Сол секілді Үндістан 1950 жылы Бас құжатын қабылдады. Ол мемлекеттің рухани күші бола білді.
Біздің еліміздің Конституциясынан Алаш идеясының, ұлттық идеологияның жалғасын көруге болады. Алаш партиясының негізін қалаушы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ интеллигенциясының ой-арманы осы Конституцияда көрініс тапты. Конституцияда біз адам құқығы басты орында дедік. Елімізді зайырлы мемлекет деп белгіледік. Дін емес, діни бірлестіктермен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды реттедік. Жаңа конфессияаралық қатынас орнаттық. Міне, мұның барлығы — адам құқығы.
Ата Заңымызда біз құқықтық мемлекетпіз дедік. Бұл — заңның артықшылығы. Адамның еркі әр уақыт басты құндылық болып келді. Бұл әділеттілік жолындағы үлкен қадам болды.
Конституцияда біз әлеуметтік мемлекетпіз деп жарияладық. Халық игілігіне қызмет жасау, жетімдерді, зейнеткерлерді, асыраушысынан айырылғандарды, ауру адамдарды қолдау — әлеуметтік саясаттың басым бағыты.
Біз унитарлы мемлекетпіз. Ел тұтастығына жік салынуына ешқандай ерік берілмейді. Күнделікті ішкі-сыртқы саясатта осы қағиданы қолданып келеміз. Күні бүгінге дейін бөлінбей, ұлтаралық, дінаралық қатынастарда өзара сыйластықта өмір сүріп келген болсақ, біз Конституцияға қарыздармыз. Сондықтан, «Конституция ештеңе бермеді» деп айқайлағандарға қосылмаймын. Еліміз бірте-бірте өркениетті елдер қатарына қосылып келе жатыр.
Біріншіден, Ата Заңымызды сыйлайық. Екіншіден, біз Конституцияны оқымаймыз, онда не жазылғандығын тіптен білмейміз де. Жоғары оқу орындарында Конституция туралы пән жоқ. Былайғы оқу орындары тұрмақ, заң университетіндегі студенттердің өзі конституциялық құқын білмейді. Сондықтан, Ата Заң туралы сабақты мектептер мен арнаулы және жоғары оқу орындарында енгізу қажет, Конституцияны жүзеге асыру туралы азаматтардың бастамаларын қолдауымыз керек. Өйткені, Конституцияны білмеу — экстремизм сынды түрлі қауіп-қатерлерді төндіруі мүмкін.
Бас құжатта билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінген. Жалпы алып қарағанда, Конституцияда жарияланған қағидалар түгелдей жүзеге аспай жатыр деп айта алмаймыз. Шынтуайтына келгенде, Конституция қағидаларының жүзеге асуы үшін азаматтар тарапынан белсенділік керек. Азаматтар Бас құжаттағы қағидалардың орындалуын талап етуі қажет. Бірақ, бізде бұл жағы кемшін.
Екіншіден, Конституциядағы барлық құқықты бірден қамтамасыз етуге мемлекеттің жағдайы көтермейді. Әсіресе, әлеуметтік мәселеде. Бас құжатта «азаматтардың барлығын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етеміз» дедік. Бірақ, азаматтардың барлығын бір сәтте баспаналы етіп қоюға қайшылықтар бар. Кедергілер жетіп артылады. Біз бұл мәселенің бірте-бірте жүзеге асатындығын түсінуіміз қажет.
Конституция қағидаларын өзінше түсінген ұйымдардың пайда болу себептері көп. Мәселен, күні кеше сіздің Атырауда экстремизм бабы бойынша сотталған 44 адамның жиырмадан астамы жұмыссыз екен. Егер сол азаматтардың Конституцияға сай жұмысы, көлігі болса, өзінің, отбасының тамағы тоқ болса, онда ол жігіттер экстремистерге қосылар ма еді? Әрине, жоқ. Бұл жерде заңды білмей жатыр дегеннен гөрі, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды саралауға мән беруіміз керек. Сараламасақ, жаманшылықтың барлығын өзіміздің асыл дінімізден көреміз. Ал, шындығында бұған діннің еш қатысы жоқ. Мәселенің барлығы әлеуметтік ахуалдан шығып жатыр. Осыны пайдаланып, өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асыруға ұмтылатындар іште де, сыртта да бар. Іштей сүттей ұйып отырсақ, сырттағылардың саясаты бізге жүрмес еді…
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, қоғам қайраткері:
«УАҚЫТ ӨТКЕН
САЙЫН ӨЗГЕРІС ТЕ КЕРЕК»
Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Конституция кезінде жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданды. Құжатта негізінен еліміздің сол кездегі жағдайына байланысты басты бағыттар қамтылған еді. Бүге-шүгесіне дейін барлық нормалар жазылмағанымен кейін Ата Заңға негізделген жекелеген заңдар дүниеге келді.
Біздің басты кемшілігіміз – азаматтардың құқықтық сауатының нашарлығында. Құқықтық мәселемен айналысып отырған мемлекеттік қызметкерлердің өзі конституциялық талаптарды толық біле бермейді. Осыдан келіп адамдардың құқығына байланысты заңдардың жиі бұзылуы орын алып жатыр. Заңды білмеген адам өз-өзін қорғай алмайды. Сондықтан, әр азаматтың конституциялық құқығын мектептен бастап үйретуді қолға алған дұрыс.
Рас, жылына бір рет келетін Білім күні мерекесі сайын Конституция сабағы болып жатады ғой. Меніңше, бұл жеткіліксіз. Конституция әр адамның күнделікті жұмыс үстелінде жатуы керек еді. Сонда көзқарас та өзгерер еді, бірақ олай болмай тұр.
Тағы бір мәселе, Бас құжат қабылданғалы бері біраз уақыт болып қалды. Бүгінде әлем сәт санап құбылып жатыр. Осыдан біраз бұрын жазылған Ата Заңымыздың кей баптарының бүгінде өмір талабына жауап бермей қалуы ғажап емес. Сондықтан, Бас құжатқа уақыт өткен сайын өзгеріс енгізіп отыру артық болмас -ау деп те ойлайсың.
Рас, Бас құжаттың бетін ашпаған азаматтар бар. Олар Конституцияға Үкіметтің кезекті бір құжаты деп қана қарайды. Шындығында, бұл — тіршілік тынысына қатысты құжат. Онда баршамыздың міндеттеріміз, борышымыз жазылған. Конституция — өміріміздің, қауіпсіздігіміздің, ұрпақтарымыздың болашағының кепілі.
Егемендік елең-алаңында демократиялық ел боламыз деп жүріп, тізгінді босатып алған кезіміз де болды. Әсіресе, діни ағымдар өз саясатын жүргізіп, халық арасына мықтап енді. Әлеуметтік құрылымның әртүрлілігі себепті, халық біркелкі емес қой. Бұл елге, ұлт бірлігіне өте қауіпті. Мұндай құбылыстарға біздер демократия көрінісі деп қарамауымыз керек. Мүмкін, мұның себебін заңның босаңдығынан іздеуіміз керек болар.
Рас, дін туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, шектеулер қойылды. Әлі де ширата түсетін мәселелер жетерлік. Сондықтан, заңдарды уақыттың талабына сай жетілдіріп, өзгертіп отыру керек. Өркениетті елдердің тәжірибесін ескерсек, ағымнан қалып қоймауға тырыссақ, санада да, қоғамда да оң өзгерістер орын алар еді.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
«ҚОҒАМДЫҚ
САНА ӨЗГЕРУІ ҚАЖЕТ»
Тікелей Конституцияға жүгініп, еңбек барысындағы, саяси құқығын қорғаймын дегендерді ынталандыру қажет. Арамызда конституциялық құқығын пайдаланып, жеке басының экономикалық, еңбек құқығын, дербес тұтастығын қорғап жүрген адамдар бар. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары оларды дәріптей бермейді. Сондықтан, насихаттау көбірек керек.
Конституцияның қадірін жете біле бермейміз. Негізінде Конституция – біздің өз алдымызға дербес мемлекет болып қалыптасуымыздың басты алғышарты. Біздің қоғамдық санада өзін-өзі қорғау сөкет нәрсе деп есептеледі. Біреу сотқа жүгінсе, оған көбіне «пәлеқор», «арызқой» деп қараймыз. Қайта соңғы бес-алты жылда еңбек дауына байланысты талаптармен сотқа жүгіну мәселелері позитивті шешіле бастады. Ерекшелігі сол, бізде азаматтар сотқа белгілі бір заңдарға сүйену арқылы жүгінеді. Тікелей Конституцияға сүйеніп, сотқа жүгіну тәжірибеде жоққа тән.
Демократия еркіндік береді. Бірақ, бұған біз байсалдылықпен қарауымыз қажет.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА.