Жарнама
Қоғам

АҢ АУЛАУДЫҢ ДА ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

 

Өткен жылы да осы аңшылық базада Францияның туристік агенттігімен жасалған келісім-шартқа орай Франциядан, Ресейден келген әуесқой аңшы, балық аулаушы туристер қабылданып, қызмет көрсетіліп, жергілікті бюджетке тиісті мөлшерде қаржылай кіріс түсірілді.

Бекітіліп берілген бес аңшылық алқабы, негізінен, Каспий теңізі жағалауы бойында. Бұл алқаптар су құстарын атып алу, қабан, қоян аулап, олжалау үшін қолайлы. Ал, аңшылыққа тиісті жер аумағы 736 мың гектарды құрайтын Қызылқоға ауданында судың азайып кетуіне байланысты бұл жұмыс баяу жүруде.

Табиғаттың көркі де, сәні де – аң мен құс. Сондықтан, маусымдық аң-құс аулау белгіленген ережемен жүзеге асырылады. Табиғат байлығының талан-таражға түспеуіне жауап беру, қызметімізді соған сай үйлестіріп отыру – біздің басты ұстанымымыз. Осы тұрғыдан рұқсат етілген жабайы аңдар мен су құстарының олжалау мөлшері жыл сайынғы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аймақтық инспекциясы жүргізетін санақ бойынша беріліп, орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес бөлінеді. Жыл сайын жүргізілетін аң, құстардың санағына қоғам тарапынан қаражат бөлінеді.

Соңғы уақытта табиғатта қасқырлар санының өсіп кетуі, олардың үй жануарларына шабу деректерінің орын алуы жиілеп кетті. Осыған орай, облыстық бюджеттен табиғат қорғау бағдарламасы бойынша 2015 жылы қасқырларды азайтуға қомақты қаржы бөлініп, 191 қасқыр, 53 бөлтірік, 14 шибөрі үшін аңшыларға сыйақы төленді.

Есеп бойынша облыс аумағында төрт мыңға жуық қасқыр бар екендігін және оның өсімталдығын ескеретін болсақ, ауланатын  түз тағысының санын күрт көбейту керек. Бұл мәселе келер жылы шешімін табады деп сенеміз.

Тағы бір атап өтерлігі, аң аулау үшін соңғы уақытта әуесқой аңшылар «Аэробот», «Тетрацикл», «Арго» базасындағы арнайы және қолдан жасалған құралдарды пайдаланып жүр. Бұл су айдынының айналасындағы жердің бүлінуіне себеп болса, шулы әрекеттер салдарынан аңдар мен құстар құнарлы тіршілік мекендерін жарамсыз орындарға ауыстыруына мәжбүр болатындығы ақиқат.

Атырауға жұмыс сапары кезінде еліміздің Премьер-министрі К.Мәсімовке өңірдің елеулі проблемалары айтылып, соның ішінде балық қорын қорғау, браконьерлікпен күресті күшейту мәселелері сөз болған-ды. Сонда аймақ басшысының көтерген мәселелері Үкімет басшысының тарапынан қолдау тауып, үкімет табиғат байлығын орнымен пайдаланып, сақтауға, қорғауға жете көңіл аудара бастады. Өйткені, балық ресурсы – мемлекет меншігі. Бұл жерде мемлекет өз құқығын өзі қорғап, оны тағылықпен аулаудың алдын алмаса, әрине, балық қоры сарқылады. Міне, осы мәселе күрмеуі қиын проблеманың туындауына әкеледі.

Ал, бізде Жайық өзенінен балық аулаушылар әлі күнге дейін тегін, жолдамасыз балық аулап, өзендегі балық қорына орасан зиян келтіріп отыр. Себебі, осы он шақты жылдан бері кез-келген адамға өзен-көлден 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат етіледі.

Соңғы жылдары толғағы жетіп отырған тағы бір мәселе – Жайықтың су деңгейінің күрт төмендеп бара жатқандығы. Сол себепті, бағалы балықтың уылдырық шашуына жағдай жасау үшін Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстарын жүйелі жүргізуді қолға алған жөн.

Ғайнет ҚУАНҒАЛИ,

   облыстық аңшылар және балық аулаушылар

 қоғамының төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button