Жарнама
Қоғам

АҒАТ СӨЙЛЕМЕЙТІН АДАМ

Өзі бір қызық адам, мінезі құбылмалы, мұғалім болғандықтан ба, тез ашуланғыш, бірақ та, қайтымы тез. Өзін кей сәтте жас балаша ұстайды. Көңілі бос, көзінен жас тез  шығып кетеді. «Өтірік айта алмаймын, себебі мен математиканың мұғалімімін ғой, есептің жауабы шықпай қалады» деп үнемі айтып отырады.

Жанының тазалығы секілді, оның жүріп өткен өмір жолдары да адамды елең еткізбей қоймайды. Оның білім беру саласында атқарған атаулы істері және еңбегімен ел құрметіне бөленген ерен жетістіктері соның айқын көрінісі. Жолболды Ағатайұлы – елге еңбек сіңірген мұғалім. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда олардың көпшілігі еліміздің әр саласында абыройлы еңбек етуде.

Жолболды Ағатайұлы 1934 жылы 7 қарашада Ақтөбе облысының Байғанин ауылында дүниеге келіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің қатарластары сияқты басынан көп қиыншылықтарды өткізді.

Оның Көшер деген ағасы майдан даласынан оралған соң жұмыс бабымен 1952 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының Жылыой ауданы Қосшағыл поселкесінде темір жол саласында еңбек етеді. Сол кезде Жолболды Ағатайұлы әскери борышын ұшқыштар полкында өтеп келгеннен кейін еңбек жолын Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде жұмысшы болудан бастайды.

Аласа бойлы, жұқалтаң келген, сары бала шілденің шақырайған ыстығына, күз бен қыстың жаңбырлы желіне, төпелеген қарына қарамастан, үлкен жауапкершілікпен қызмет етеді. Әрі жұмысты жасай жүріп, кешкі мектепте оқып, домбыра үйірмесіне қатысады.

Кешкі мектепті бітірген соң 1956 жылы Гурьев педагогикалық институтына түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Қосшағылға оралып, орта мектепте жұмыс жасады. Осыдан 56 жыл бұрын сол мектепте апамыз Қаламқас Бақтыгереевамен танысып, отбасын құрды.  Осы Қосшағыл мектебінде бірі математика, бірі қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді, екеуі төрт ұл мен үш қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.

Жолболды музыкант емес, бірақ  домбыра, мандалин тартқанды, ән айтқанды жақсы көреді. Дүлдүл домбырашы, дарынды сазгер, жерлесіміз Тоқсанбай Құлтумиевтің жетекшілігімен құрылған ұлт аспаптар оркестріне қатысып, 1958 жылы Гурьевтегі мұнайшылар клубында фестивальда үлкен оркестрде домбыра тартқан адамның бірі – осы Жолболды Ағатайұлы.

Дос-жаран, құрбы-құрдастарымен кездесе қалғанда Қабдырахман Хисымов екеуі Абайдың «Қаламқасын» және «Подмосковные вечера» әндерін айтып, құлақтың құрышын қандырады. Өзінің жақсы көретін пернесі мен шегін дәл басып, әуенімен жан жүрегіңді  ләззатқа бөлеп тебірентеді.

Бір қызығы сол, апамыз бен жездеміздің балалары ұстаздықты қаламай, әрбіреуі әр салада жұмыс істейді. Арапа-Құлсейіті – темір жол, Алмагүлі –медицина, Айгүлі — құрылыс, Әмин, Ақлепес, Галясы – мұнай саласының қызметкерлері. Жөкең мен Қаламқас бүгіндері немере, шөбере сүйіп, ұрпақтарының құрметіне бөленіп отыр.

Жолдасқали ТУҒАНОВ,

еңбек ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button