Жарнама
Қоғам

Аға буынның айтары бар…

Атырау қалалық ардагерлер кеңесі зейнет жасына жеткен әрбір ардагердің қоғамнан тыс қалмауына, олардың өз мүмкіндігіне қарай қоғамдық қызметке қатысып, жастар тәрбиесіне атсалысуына мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, олардың әлеуметтік әлсіз топтарына қамқорлық көрсетуге бағытталған қоғамдық қызметтерін жоспарлы түрде жүргізеді.

Аға буын–

Қазір қалалық кеңес есебінде 17  Ұлы Отан соғысының,  2500-дай тыл және 26 мыңнан астам еңбек ардагері тұрады. Олар 100-ден астам бастауыш ұйымға біріккен.

Қалалық ардагерлер кеңесі жастарға патриоттық, отансүйгіштік тәрбие беру мақсатында, қалалық ішкі саясат, білім,  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерімен, «Елсана» руханият клубымен бірлесе отырып, көптеген тиімді және танымдық бағыттағы  шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Айталық, жерлесіміз, Кеңес Одағының  Батыры Боран Нысанбаевтың 100 жылдығына орай, батыр атындағы мектепте соғыс, тыл, еңбек ардагерлерінің және оқушылардың көптеп қатысуымен есте қаларлық үлкен шара өтті.

«Әскери даңқ» музейінде «Былина» орыс этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі А.Короблевтің қолдауымен Сталинград майданындағы Жеңістің 75 жылдығына байланысты студент-жастармен кездескен соғыс ардагерлері әсерлі әңгімелерімен бөлісті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерді іске асыруға бағытталған «Дәстүр», «Ағаның ақылы», «Алтын ұя» атты жұмыс топтары адамгершілік тәрбие, діни ұстаным, мәңгілік ел тақырыптарында жастар тәрбиесіне бағытталған кездесулер, «дөңгелек үстелдер» өткізу шаралары жалғасуда. Былтыр кәсіпорын, мекеме, ұжымдарда өткізілетін «Қалалық ардагерлер кеңесі күндері»  арнайы жобасы өмірге келді. Белсенді ардагерлердің ұжымдарға барып, бір күн соларда жұмыс жасауды тәжірибеге енгіздік.

Өткен жылғы наурыз мейрамында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум ұйымдастырылғаны белгілі. Атамыш форум аясында «Көрісу» рәсімі, «Мәңгілік сарын» халықаралық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, өнер байқаулары, «Наурыз – адамзаттың материалдық емес мәдени құндылығы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.  Еуропа мен Азия  елдерінен  ат басын тіреген этнограф ғалымдар біздегі Наурыз мейрамын қарсылау, көрісу рәсімінің әдемілігіне, жаңашылдығына тәнті болып, үлкен ризашылық танытты. Оларға ұлттық кодымыздың негізі ­– халқымыздың ғасырлар бойғы тырнақтап жинап, бір жүйеге келтірген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары жайлы жазылған, этнограф-журналист Абат Кенжеғалидың «Ұлы дала ұлағаты» атты кітабы сыйға тартылды.

Қала ардагерлері «Батамен ел көгерер» аймақтық байқауына белсенді түрде қатысты. Батагөйлер байқауының материалдары кітап болып шықты.

Рухани жаңғыру аясында бір топ белсенді қала ардагері «Хан ордалы Сарайшықта», «1-мамыр» ЖШС ауылшаруашылық кешенінде болып, біраз жайттарға қанықты. Ардагерлердің әлеуметтік әлсіз топтарына материалдық көмек көрсетіп тұру күн тәртібінен түсіп көрген емес. Қарттарымыз өздерінің мекен-жайы бойынша қаладағы емханаларға бекітілген, оған қосымша «Медикер-Жайық» медициналық мекемесі арқылы жылына екі рет денсаулықтары тексеріледі.

Осындай ауқымды атқарылған жұмыстарға қалалық ардагерлер кеңесі мен мекеме-кәсіпорындар бастауыш ұйымдарының белсенділігі нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Ардагерлердің қатысуымен осындай тәрбиелік маңызы бар көпшілік шаралар биыл да өз жалғасын табатын болады.

Әліпқали БЕКЕШ,

Атырау қалалық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button