АЭС: кеңесіп пішкен тон келте болмайды
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында болашақта электр энергиясының тапшылығына ұрынбау үшін елімізге АЭС салу қажеттігі айтылды. Десе де, Президент соңғы шешімді халық референдум арқылы өзі қабылдау керектігін атап өтті. Осыған орай, облыста АЭС салу мәселесі жөніндегі халықтық штаб құрылып, ел арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Бүгін Атырау облыстық мәслихат депутаты Саламат Идрисов бастаған штаб мүшелері “APEC PetroTechiс» жоғары колледжінің ұжымымен кездесті.
Қазақстанда 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіру сағатына 140,5 млрд. кВт-қа дейін ұлғаяды. Дегенмен, бұл халық тұтынатын энергияны өтеп бере алмайды. Сондықтан осы мәселе алдағы уақытта күн тәртібінен түспейтін маңызға ие болмақ. Бұл туралы кездесу барысында баяндаған штаб өкілдері электр тапшылығын жоюдың жалғыз жолы – атом электр станциясын салу екенін де атап айтты. Сондай-ақ, АЭС-тің елдің экономикасына, халықтың әлеуметтік тұрмысына пайдасын жақ-жақты түсіндірді.
–Басты мақсат – елде атом электр стансасын салу керектігі, оның болашақта елдің энергетикасында жүйесінде үлкен пайдасы бар екенін, жасыл энергетика саласында қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа да осы түсіндіру жұмыстарын халыққа, ұжымдарға түсіндірудеміз. Жалпы, біздің байқағанымыз, халық арасында АЭС-тің керектігіне оң көзқарасы бар, — деді С.Идрисов.
Кеңесті жерде кемдік жоқ. Қашан да халықпен ымыраласа, келісе отырып бастаған іс берекелі болмақ. Жиынға қатысушылар «ең бастысы қауіпсіз болса әрі энергияға деген тәуелділіктен арылтса» деген ойларын білдірді.
–АЭС-тің Қазақстанды 10-15 жылдың ішінде энергия саласымен қамтамасыз ету үшін қажетті дүние екенін түсініп отырмыз. Яғни, референдумға колледж ұжымы толыққанды қатысады деген ойдамыз, — деді «APEC PETROTECHNIC» жоғары колледжінің директоры Асылбек Нұрмышев.
Айта кету керек, 6 қазан – ел тұрғындары үшін аса маңызды күн. Көпшілікті осы саяси науқанға белсене қатысып, тағдыршешті шешім шығаруға шақырған штаб мүшелері түсіндірме жұмыстарын әлі де жалғастырады.
Сурет: newsroom.kz