Бар екен, барып қайттым…
Кең дүниені қарауылсыз түрмеге айналдырған, үрей мен күдік жүздірген осы бір «тәжтажал» және оның ажырамас бөлігіндей «өкпе қабынуы» жаныма жақын адамдарды жағалай жалмап алса да, құдайы шындығым, көңіл түкпірінде «сол өзі бар ма?» деген күмәнді ой қылаң беретін.
Соны сезгендей, «көрсетейін саған да» деп, көресіні көрсетіп тынды. Желіктірер жиын-той, ішпес-жемесіңе қоймайтын қонақтық сирексіген, көшеге шығып келгенің болмаса, омалып үйде отырасың. Қайдан жабысты?
Аяқ асты ұнжырға ұндай жентектелді. Қызу көтерілгендей ме, ештеңеге зауқың жоқ. Тық-тық жөтеліп қоясың. Сазгер Илья Жақанов аға «Зәуреш», «Бір кезде Ақан едім аспандағы…» екі кітабына қолтаңбасын түсіріп, жолдапты. Рецензия жазғанымды қалайды. Бұйығы көңілде «Зәурешті» бір-ер күннен асырмай бітіріп, ағаның өтінішін орындауға кірісіп келіп кеттім. Ауқаттың орнына ауа сіміресің. Қызу көтеріліп, жөтел жиілеп, өз-өзіңе келе алмайтындай көңіл-күй қалыптаса бастады. Бір пәлені сезгендей «Зәурешті» жеделдете жазып он-шақты беттен асырғанда, жағдай мүлде қиындай түсті. Аяқтауға мүмкіндік ала ма, алмай ма? Өрісін шектеп, шолақтау қайырып, орта көңілде бітірген болдым. Компьютерден өткізіп, ағама салып жібердім.
Тағы да мойынға алған шаруалар көп еді, бірақ, беймәлім сырқат төсекке сұлатып салды. Жазу үстеліме сәл отырсам болды, «демалағой, тек жат» деген беймәлім әмір беріледі. Қысқасы, мен- мен емеспін, кержалқау, дімкес, біреумін. Сөйтіп, аптаның үстінде уақыт үйде өтті. Ертеңді-кеш салдырған «Цифозилин», «Алоэ» т.б. дәрілердің көк түйір қауқары жоқ. «Тамақ іш» дейді, қайдағы тамақ, көргің келмейді. Бір бокал қара суды бөліп-бөліп ішесің, әл кетті, ындын тоқтады. Қиналып жатқаныңда, «арағыңды ішесің бе?-дейтінін қайтерсің. Ес жия алмас сәтте ескі достан да безінеді екенсің, қайран дүние!
Осыны жазғым-ақ келмеп еді, «өзгелерге сабақ болсын, жазып беріңіз» деп тық-тық етіп болды ма… Қысқасы, әлгі «ит аурудан» тексерілетін жерге бардық, рентген қорытындысы алғашында таза нәтиже көрсетіп, ондағы ағайын інішек: «Ой, аға, тамағыңды ішіп, жата бер үйде, жазыласың, жай тұмау шығар»,-деді. Сөйтіп көрдік. Сүліктей жабысқан сілімтік сырқат кетер болмады. Әл-дәрменді құртты 2-3 күнде.
Қайыра алып барды әйелі түскір, бармасыңа қоймай, жеңнен жетектеп. «ПЦР» ғой деймін тексеріс атауы, мұрынды шұқыды, болды, ертеңіне анализ «Положительный» болып өзіміздің жаңа ауруханадан бір-ақ шықтық. Абай атам айтқан «ақ киімді денелілер…» елпілдеп ұшып жүрген айналайындар, қай-қай сырқаттан да аянып қалып жатырған олар емес. Жұдырықтай шөлмектердің бірінен соң бірін құяды. Алынған анализде қисап жоқ, қар мен құйрық сенің меншігің емес. Кейбірін шырамытасың, көбісін танымайсың. Бастан-аяқ аппақ адамдар, көздері жылтырайды, ол да көзәйнектің ар жағында.
Үш күн өтті, есімді жиғандаймын. Тілім кәлимаға келіп, құлқын құлата қоймағанымен бір нәрселер өткізе бастады. Көзім жарқырап ашылып келеді. –Аға, сіз енді Атырауға барасыз. Одан әрі тексеретін аппараттар сонда, давай жинақталыңыз, «жедел жәрдеммен» өзіміздің мейірбике алып кетеді,-деді.
Бармаймын, ары қарай сорпа-су ішіп үйден емделемін. Қасарысып қарсы тұрдым. Онымнан бірақ түк шықпады. Қорқытты, ақ киімді дәрігер әлде мейірбике.
Жақсы екен біздің «жедел жәрдемдегі» мені апарған інішек. Танып сәлемін беріп, мейірбике жып-жылы ілтипатымен жүрек жібітіп үш сағат жарымда заулатып алып келді. Нұрсаядағы жаңа, қызыл аурухана, екінші облыстық деген дәрежесі бар екен. Ақ киімді аузы-басы тұмшалылардың көкесі мұнда болып шықты. Ерік оларда, сен айтқанын орындаушы жаны бар робот.
Бір минут кідірткен жоқ, ұшқыштарды дайындайтын сияқты әйнекті бір аппаратқа баспен сүңгітіп келіп жіберді. Біраздан соң «ағай, шығыңыз, енді томографияға түсіреміз, сосын осы жерден түрлі анализ аламыз» деді. Әбден дағдыланған, осының бәріне жарты сағат уақыт кетті ме, кетпеді ме?
Одан арғы тағдырымыз 2-қабат, 13-палатаға байланды.
Мұнда да ілтипатты жандар, жып-жылы көзқарас. Айыбы жүздері жабық ақ киімділер ылғи. Ағаны-ағалап, атаны-аталап құрақ ұшып жүргендер. Шағын палата, үш кереует, туалетің ішінде. Дәлізге шықсаң, қара көрсетсең ренжіп қалады олар. Іннен шықпауың керек, дұрысы. Ақиқатында мен бұларға біршама еңсе көтеріп, ес жиып келдім. Бұл құрманғазылық дәрігерлердің арқасы деп мойындап, үлкен-кішісіне шексіз алғыс, шектеусіз рахман-нұрымды жолдаймын.
Ертеңді-кеш қан алу, ине сұққылаудың ала топалаңы басталды да кетті. 2 күннен кейін тамыр арқылы сұйық жіберу сап тоқтап, егіс те сәл саябырсыды. Бір-ер тиек дәрі, таңертең-кешке кіндік тұстан қан сұйылтатын «Гипорин» жібереді. Бар ем-дом сол, үлкенге де кішіге де. Қатынас жоқ, жабық есік. Егер саған жаны ашып біреу ас-су әкелсе, палата нөміріңді, аты-жөніңді жазып кетеді. Түсқайта төрттен кейін арнайы мейірбике таратады оларды.
Сағат сайын болмас, бірақ жиі-жиі қан алу әбден шаршатады. Әрі-беріден соң тамыр қашып, тереңірек тығылады. Ақ киімділер оны судан балық шаншығандай сұққылап-сұққылап бәрібір тауып алады. Кейде ренжіген боласың «тәртіп солай» деп, тақ ете түседі, тұмшалы бет әйел заты. «Әй, мәші», деп сылқ еткізіп ауырған қарыңды алдына тастайсың. Бармақтай жуандықтағы «пробирканың» екі-үшеуін толтырып алып, тайып тұрады. Ұмыттырмай қайта қан алуға келеді. Ертеңгі 4 не 5-терде осы тірлік қайыры жалғасады. Бірақ тәжірибе жинақтаған, екі апта шамасы уақытта сырқаттардың жүзін жадыратып шығарып салып жатады.
Серейтіп–серейтіп өліктерді де әкетеді бұл жерден. Кейде біреу емес, бірнеше тағдырластың жалп етіп шамы сөнеді, жүрегің мұздап, тұманда адасқандай тұнжыр қалып, жаныңды жабағы бұлттар басады. Сөйлеуге зауқың жоқ.
Дәрігеріміз Орыспаева Жантөре Керейқызы. Анамызды күткендей күтіп, ол келгенде айта жағымызды айтып қаламыз сол бір ақ желең жанға. Жақсы сөздері сарқылмайтын мейірбан жүрек өзі. «Енді шығарсаң да болады ғой»-дейміз еркелеп. Қаланың жігітіне ол: — Сізді енді бір-ер күнде шығарамын, тәуірлендіңіз, оңашалықты, өкпе гимнастикасын жасауды жалғастырасыз барған соң»-деп желпіндіріп қойды оны бірде.
ТШО-дан әкелген индерлік азаматқа:
- Аға, сіз арақ ішесіз, оны тоқтатыңыз, бұл аурухана ғой,-дейді. Ол болса: — Қарындас, қайдағы арақ, тамақты әзер алдырып отырған жоқсыздар ма,-деп азар да безер болады. –Аға, қойыңыз, анализ бәрін сайрап айтып береді бізге,-дегенде, әлгі інішек жым болды.
Бар болғыр жөтел қысқанда «Тассайдың» баклажкасынан жұтып-жұтып жіберетін. Демек, жуас сұйық жынды сұйыққа ауысқан.
- Аға, Байтолла Ғазизов менің курстасым, сіз келе жатыр дегеннен шырын-шыжық болды ғой, Өмірзақ Зиноллаұлы бір жағынан… Қолдан келгенді кім-кімнен де аямаймыз.
- Қарындас, бұл жайға менің қатысым жоқ мүлдем. Кейін білдім, ауылдағы достар дабылдатқан. Күннің көп бөлігі ұялы телефонмен сөйлесуге кетеді. Астанадан бері қарай ауыл, аудан болып безектейді де жатады. Сол бір ақтарылған пейілдер тірлікте жиған абырой, байлық десе де болады. Аллекем, шұғыл өзі қажет деп таппаса, сол көңілдер үшін де мынау бес күндік пәниде бола тұрғың келеді. Көп-көп тілеулес көңіл-көркем мінездерге айтар алғыс, бас иер құрметімнің шегі жоқ. Алладан қайтсын!
Екі апта шамасы уақытта қайыра сүңгітті, ұшқыштар кабинасына. Бәрін қайыра тексерді. – Келгенде өкпе 56 пайыз қабынған, 20 пайыз қалды. Ол гимнастика, оқшаулау, көкөніс, сорпа-сумен кетеді,-деді Жантөре Керейқызы. Ух! Дала қандай, ауа қандай керемет! Әлем мұнша жарық болар ма. Тәлтіректеп бой түзеп кеттім, тіл емес, жүрегім сөйлегісі келді. Туған топырақ, алтын ошаққа дегбірсіздене жүйткідік.
Ауылға келіп, ауасын жұтып, көп көңілдердің көлінде жүздік, тұңғиық тереңінен шексіз рахат таптық. 5-6 күн өткен соң аула сыртына шығып, жаңа поштамды алып жатқан сәтте бір жеңіл көлік тоқтай қалды, рулас інішек, Асылбек, жанында келін, әй-шәй жоқ құшақтап: -Ой, аға сізді жаман айтты ғой, хабар естіген соң, қой, жеңгейге барып, басын сүйейік,-деп шыдай алмай түнде келсем, есік кілттеулі, марғау тыныштық, сосын ойландым, сірә жаңсақ шығар үйге қайттық үмітімен күледі, жанарында қуаныш ойнатып. Жиен болып келетін Дина қарындас келе қалды, сол сәтте құшағын ашып: -Нағашы, «Қиғаш» дүкеніне келіп едім, бір үлкен аға сізді «сүйегін бермепті, сонда қойыпты, ертең үйінен үшін береді, онымен бірге түскен ағасы Ғаділхан да әзер жатқан көрінеді», деп сайрап тұрды, миым айналып сауда жасамай сот кеңсесіне дейін жаяу жүре беріппін»-дейді ол. Тағы бір көлік тоқтай кетті, Сұлтанбек інім Гүлшатымен, мойыныма асылып жатып ол: -Тәке сізді өзіңіз аттас біреумен шатыстырған сияқты,-деп күледі қызыл шырайланып. Салауат Стаханұлы көрші інім ауруханада жатқанымда: -Тірі екенсіз ғой, көз жасымды тыя алмай отырғанымды қарашы,-деп құрылыс жүргізіп жатқан Балқұдықтан хабарласты. Менің тірі қалғаным үшін шын қуанған ақ көйлек достар, көңілдес ағайынның үлкен-кішісіне бас иер тағзым! Айтпақшы, Ғаділхан ағам да Света жеңгеммен бірге тәуірленіп, қара шаңырағына оралды, аман-есен.
Ешкімге реніш жоқ, барамыз ғой ол жаққа, санаулы сағат тілі кілт тоқтағанда. Ескі жапырақтар сарғайып барып үзілеміз, орнымызға жаңасы бүр жарады. Өлімді айтып қойғанның сөкеттігі жоқ, болмай қоймайтын ақиқат кім үшін де, ол сөзсіз болады. Сонымен, «тәжтажал» да, оның өкпені бүрер сыңары да бар, бастан өтті. Әлдеқалай дене қалтырап, қызу көтеріліп, жөтел белгі беріп, сүлесоқ тартсаңыз, дәрігердің көмегіне тездетіп барған абзал. Асқындырсаңыз бірталай азап шегесіз, жаныңыз отқа түседі, опық жейсіз. Қазір ақ халаттылар әбден маманданған. Қызметтерінде, ілтипат–ықыластарында қапы жоқ, дәрі-дәрмек жеткілікті. Уақытында барсаңыз, олар өлім шеңгелінен тездетіп арашалап алады, ия кешіксеңіз… айтқым келмейді…
Ілініп, ілмиіп жүрсем де журналист дегеннің көзі көргіш, жүрегі сезгіш ғой, кейбір көңілге түйген жайттар бар еді, оны да ішке бүгіп қалдым, Алладан кейін табынарым ақ халаттыларға риза болғандықтан.
Жер бетіндегі әр пенде ауырмай, «тәжтажалдың» қанды өткелінен аман өтсе екен, соның ішінде «әр қазақ менің – жалғызым!»
Таңатар Дәрелұлы,
Қазақстан Журналистер, Жазушылар Одақтарының мүшесі