25 жұмысшы уланып, 4 адам ауруханаға түсті
Атырауда 25 жұмысшы уланып қалды. «Мой ГОРОД» порталының хабарлауынша, жаппай улану «Теңізшевройл» компаниясына қарасты мердігер мекемелердің бірінде орын алған.
8 ақпан күні тіркелген оқиға желісі мынадай. Әдеттегідей кешкі ас ішкен жұмысшылар ауқаттанғаннан соң өздерін жайсы сезінген.
«Жұмысшылардың барлығы Құлсары қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін 21 адам амбулаториялық ем алуға жіберілді. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Науқастардың жағдайы тұрақты. Уланудың себебін сараптама жұмыстары анықтайды» делінген Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі таратқан мәліметте.
Айта кетелік, оқиға Теңіз вахталық поселкесінде орын алған. Жапа шеккендердің барлығы «ЮлмарСервиз» компаниясының қызметкерлері.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.