Атырау облысының әкімі журналистерді марапаттады (+ФОТО)
Атырауда 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, аймақтың медиа кеңістігін дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті.
- — Бұқаралық ақпарат құралдары – қашанда шынайы ақпараттың қайнар көзі. Жалпы жұртшылық мерзімді басылым, теледидар, радио, әлеуметтік желілер арқылы күнделікті өмір аренасында болып жатқан алуан түрлі оқиғалармен танысып, мемлекеттік органдардың қызметі туралы жан-жақты біліп отырады. Алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдары облысымыздың өсіп-өркендеуі мен кемел келешегін нығайту жолында өз қомақты үлесін қоса береді деп бек сенемін, деді Серік Шәпкенов.
Салтанатты шарада «Сарайшық» журналының әдеби редакторы Нұрым Ерғалиев ҚР мемлекеттік наградасы — «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Серік Қабдолов пен «102 FM» радиосының басшысы Слухия Абжатироваға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі және қарымды қаламгер, журналист Жұмабай Доспановқа «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.
Сонымен қатар «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Қаршыға Көшеков, «Нарын таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аяпберген Салихов, «Атырау» газетінің шолушысы Айбөпе Сабырова, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Жанат Молдашева және «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалының редакторы Жәнібек Қалым Тауман Амандосов сыйлығының иегерлері атанды.
Бұдан бөлек 15 БАҚ қызметкері Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, 7 қызметкерге Нұр-Сұлтан қаласында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында тәжірибе алмасу үшін жолдамаға ие болды.