Энергетикалық қауіпсіздік – өзекті мәселе
Бүгінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – өте өзекті мәселе. Бұл әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар Қазақстан үшін де жоғары маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған аса мән беріп, өзінің жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауында да айқын басымдықпен тоқталып, Үкімет пен тиісті ведомстволарға нақты тапсырмалар беріп келеді.
Жолдау жүктеген міндеттердің Атырау облысында жүзеге асуы, қолға алынған іс-шаралар хақында ой бөлісіп, пікір алмасу бағытында газет редакциясында «Дөңгелек үстел» өткізілген еді. Ашық әңгіме, тікелей диалог форматында ұйымдастырылған басқосуға облыстағы салалық мемлекеттік орган мен аймақтың энергетика кешені құрамындағы құрылымдардың басшылары қатысты.
Назарбек ҚОСШИЕВ,
облыстық «ATYRAÝ » қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы
– Бүгінде республиканың қай өңірінде де тұрғындар мен тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтаушы, басқа да коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардағы негізгі жабдықтар тозып, жарамдылық мерзімінің асып кеткені алаңдатады. Оның үстіне, бұларда ондаған жылдар бойы ескі құрылғылар дер мезгілінде жаңартылмай, профилактикалық және күрделі жөндеу жұмыстары уақытылы жасалмаған. Сондай салғырттықтың салдарынан былтыр қыста бірнеше өңірде жылу-электр орталықтары мен жылыту қазандықтары, тұтастай энергожүйеде бірнеше мәрте апатты жағдайлар болды. Қыстың көзі қырауда тұрғындар жылусыз бүрсең қағып, жарықсыз «соқыртеке ойнағаны» жадымызда.
Әрине, Атырау облысында ондай жағдай болған жоқ. Өзге өңірлермен салыстырғанда біздегі ахуалды көшілгері, тіпті «жақсы» деп бағалауға болады. Десек те, арқаны кеңге салып, қам-қарекетсіз отыра беруге болмайтыны тағы да анық…
Қуаттан тапшылық болмайды
Марат ҚАРАМАЛАЕВ,
облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары
– Апаттың қашан да айтып келмейтіні рас. Жоғарыдағыдай жағдайдың бізде де орын алмасына немесе қайталанбасына ешкім кепіл бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы зор.
Жалпы бұл мәселеге Үкімет деңгейінде де үлкен мән беріліп, республика бойынша ауқымды шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтсақ, еліміздің энергетика жүйесіндегі ахуалды сауықтыруға бағытталған 2023-2030 жылдардың аралығын қамтитын кешенді бағдарлама қабылданған. Дәл осындай өңірлік бағдарлама, соған сәйкес жасақталған сызба-жоспар да бар. Онда осы кезеңде іске асуы тиіс шаралардың орындалу бағыттары мен мерзімдері көрсетілген. Болжам бойынша, 2030 жылға дейін Атырау облысында энергия тапшылығы 200 мегаватты құрауы ықтимал.
Жасыратыны жоқ, өткен жылдары Атырау қаласында да қуат көздерінде авариялық тоқтатулар болып, тұрғындар ұзақ уақыт жарық пен жылусыз қалды. Бірнеше шағынауданда қатарынан қиын жағдай қалыптасты. Әсіресе, «Нұрсая» мен «Самалда», сосын бірқатар елді мекенде қайта-қайта жарық өшті. Бір қарағанда, уақытша құбылыс болғанмен ток тасымалдайтын желілер мен оны таратып-жеткізуші қосалқы станциялардағы ақауларды анықтап, апатты жағдайды қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұл үшін «Атырау-Жарық» АҚ тарапынан бірнеше бригада құрылған. Алайда, кейде олардың да күш-қабілетінің жетпейтіні, электр қуатының тапшылығы мен желі бойындағы кернеудің төмендігі байқалып қалады.
Атырау облысы бойынша басты қуат көздерінің қатарында «АЖЭО» АҚ, «Теңізшевройл», NCOC, KUS және «Атыраумұнаймаш» ЖШС-терінің теңгеріміндегі станцияларды атауға болар еді. Бірақ Атырау жылу-электр орталығынан басқасы қуат көзін негізінен өз қарамағындағы нысандарға ғана береді. Дегенмен, әлгіндей апатты жағдайлар туындаса, солардың көмегіне жүгінетініміз бар. Соған қарап, бүгінгі таңда қуат көзі тапшы, мүмкіндік шектеулі деп біржақты бағалауға да болмайды.
Рас, жыл өткен сайын тұтыну көлемі көбейіп, қажеттілік ұлғайып барады. Өңірлік энергетика кешенінің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында сегіз жылға арналған сызба-жоспарда атқарылар жұмыс ауқымы мен жүзеге асыру жолдары айқындалған.
Облыстағы қуат тұтыну көлеміне келсек, жаз мезгілінде көрсеткіш күрт көбейеді. Өйткені, бұл кезде күнделікті пайдаланылатын жарық, теледидар мен тоңазытқыштан бөлек салқындатқыштар, басқа да қосымша қуат қажет ететін электр жабдықтары мен қондырғыларды ескерген жөн. Бұл кезде тұтынылатын электр қуатының көлемі 430-450 Мвт аралығында ауытқиды. Ауа температурасы төмендеп, күн салқындағанда тиісінше жүктеме де азайып, қажетті көлем айтарлықтай кемиді. Осыны ескеріп, жыл бойына тұтыну мен жүктеме көлемін бір деңгейде ұстау үшін қолданыстағы станцияларды жаңарту, қосымша энергия көздерін енгізу көзделген. Мысалы, Атырау мұнай өңдеу зауытының өзінде 30 Мвт-қа дейін ток беру мүмкіндігіне ие станция бар. Алайда, мұндағы нақты тұтыну көлемі – 85-90 Мвт. Осыған байланысты, кәсіпорын қуат өндіру мүмкіндігін қалайда 50 Мвт-қа жеткізуді межелеп отыр. Атырау жылу-электр орталығында да жыл соңында өндірілетін қуат көлемін 65 Мвт-қа кеңейту жоспарланған. Бұдан бөлек, KUS компаниясы 110-120 Мвт, ТШО да сол шамада қуат өндіруге қол жеткізуді көздеген.
Айта кетерлігі, біздің негізгі тұтынушымыз – тұрғындар, яғни жеке және заңды тұлғалар мен өндірістік кәсіпорындар. Бұлардың электр энергиясына деген қажеттілігі ішкі резервтердің (оның көлемі – 450 Мвт) есебінен өтеледі. Мұнда қажеттілігіне қарай 30-40 Мвт көлеміндегі энергия Ресейден және Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатынан алынады.
Іс тетігін кадр шешеді
Мақсот ӘЛЕНОВ,
«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ президенті
– Бүгінгі басқосуымыздың басты тақырыбы – энергиямен жабдықтау, тапшылықты жою мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы. Біздің кәсіпорынның өзі 200 Мвт электр энергиясын өндіреді. KUS компаниясының мүмкіндігі де сондай.
Кәсіпорын қызметіне қысқаша шолу жасасақ, күні бүгінге кәсіпорын теңгеріміндегі екі үлкен нысанда жоспарлы күрделі жөндеу жұмысы толық аяқталды. Бұлардың бірі – №8 қазандық агрегаты, екіншісі – №7 турбоагрегат. №5 байланыс трансформаторында жоспарланған жұмыстың тең жартысынан астамы орындалып, айдың соңына дейін аяқталмақ. Одан бөлек, атқарылу мерзімі биылғы шілдеден қыркүйекке ауыстырылған №10 турбогенераторды күрделі жөндеу де аяқталуға таяды. Басқа да бірнеше нысанда жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жасалып, кейбіреуі қабылдауға дайын тұрса, бірқатары техникалық сынақтан өткізілуде.
Әріптесім айтып кеткендей, электр қуатын тұтыну көлемінің ең көбейетін кезеңі жаз айлары, яғни, жылдың ең ыстық мезгілі. Ал, күн салқындағанда көрсеткіш күрт азаяды, көбінесе 250-300 Мвт-тан аспайды. Мәселен, жылу беру маусымында тұтынушыларға жіберілетін жылу энергиясы мен салқын суды ысытуға ғана жұмсалатын қуаттың арасы жер мен көктей деуге болады. Тұтыну тарифінің көтерілуі энергияны өндіруге қажетті пайдаланылатын отынның бағасына, басқа да бірқатар факторларға қатысты.
Ащы да болса шындық, соңғы кезде біздің салаға білімді, білікті мамандар тұрақтамайтын болды. Жұмыс күрделі, ауыр әрі жауапты болғанына қарамастан оларға төленетін жалақы жарытымсыз. Уақытша болса да жағдайдан шығу үшін осында көптен бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі, тіпті зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа тартуға тура келеді.
Егер өндірістік тапсырмалардың ойдағыдай орындалып, жоба-жоспарлар дер кезінде жүзеге ассын десек, осындай күрделі мәселелерді шешіп алған жөн. Түптеп келгенде бұл энергеткалық қауіпсіздік проблемасын оң шешуге алғышарт болады деп ойлаймын.
Атыраудың жарығы бәріне де жетеді
Қуат СИСЕНҒАЛИЕВ,
«Атырау-Жарық» АҚ вице-президенті
– Айта кету керек, облыс аумағында, әсіресе қалада көп қабатты тұрғын үйлер, жекеменшік сектор, әлеуметтік және өндірістік нысандар, инженерлік инфрақұрылым, тұрмыста қолданылатын құрылғы-жабдықтардың көбеюінен энергияға деген сұраныс та өсіп барады. Сарапшы-мамандардың есептеуінше, бұл көрсеткіш әр жыл сайын 20 пайызға ұлғайып отырады екен. Осыдан келіп «тұтынушылар санының өсуіне сай энергиямен жабдықтау немесе сұранысты өтеу көрсеткішінің жоғарылау тенденциясы байқала ма?» деген заңды сауал туындайды.
«Атырау-Жарық» – облыс елді мекендерін электр энергиясымен жабдықтап, қызмет көрсетуші бірден-бір табиғи монополия субъектісі. Ашығын айтсақ, соңғы бірнеше жылдан бері кәсіпорын теңгеріміндегі немесе қамтуындағы электр қуатын тасымалдап жеткізуші әуе желілерінің үзілуі, негізгі және қосалқы станциялардағы ақаулардың салдарынан апатты сөндірулер жиіледі. Оларды неғұрлым қысқа уақытта қалпына келтіретін 4-5 арнайы бригада бар. Сымдардың үзілуінен бөлек, Құрманғазы ауданында бірнеше ауылға электр қуатын тасымалдайтын бағандар құлап, Азғыр өңіріндегі тұрғындардың тәулік бойына жарықсыз қалған сәттері де кездесті.
Қазір Атырау қаласындағы қосалқы станциялардың бәрі бірдей бізге қарамайды. Жалпы ұғымда бұларды «трансформатор» деп атаймыз. Егер қалалық электр жүйелеріне қарасты КтП-ларды есепке алсақ, акционерлік қоғамның теңгерімінде 407 станция бар. Ал, 447 КтП – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, ал 1662-сі – кәсіпкерлік субъектілеріне бағынышты. Мұндағы ең өзекті проблема – құрылғы-жабдықтардың басым бөлігіне иелік етіп отырған бизнес субъектілері меншігіндегі нысандарға электр қуатын біз арқылы пайдаланғанымен, техникалық қызмет көрсетіп күтіп-ұстау жағын өз міндетіне алған. Өкінішке қарай, заңды тұлға ретінде тіркеліп, бір-бір трансформаторды қолдарына ұстап отырған әлгі бизнесмендер міндеттемесін орындауға келгенде жауапсыздық танытады. Ортақ талап бойынша жылына екі мәрте (көктем мен күзде) техникалық тексеруден өткізіп, ақауы бар-жоғын, жарамдылығын куәландыратын құжаттарын да алмайды.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жекелеген шағынаудандар мен қала маңындағы ауылдар жарықсыз қалғанда барып, жағдайға солардың қарауындағы КтП-лардың біріндегі ақаулықтың себепші болғанын бір-ақ білеміз. Амал нешік, мәселе әбден тұйыққа тірелгенде барып, токтың қай тұстан қысқаша тұйықталып, сымның үзілгені, қай учаскедегі құрылғының істен шыққанын анықтап, апатты қалпына келтіретін кезде біздің жігіттердің біраз терлеп қимылдауына тура келеді. Осы мақсатта құрылған авариялық бригада шұғыл түрде объектінің басынан табылып, іске кірседі. Салалық бөлімнің қарамағандағы құрылғы-жабдықтар сыр беріп, жоғарыдағыдай жағдай қайталанса, оны қалпына келтіруге тағы да біздің мамандарымыз жұмылдырылады.
Акционерлік қоғам бойынша негізгі жабдықтардың тозу көрсеткіші, реконструкция мен күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесі, инвестициялық бағдарламаның өз игілігін беруі де ерекше мазмұнға ие. Жасыратыны жоқ, қолданыстағы құрылғылардың тозуы – 40 пайыз. Сонымен қатар, бағдарламада қаралған реконструкциялау мен күрделі жөндеуден өткен активтеріміздің үлесі 60-65 пайыз деңгейіне жеткен. Мұны жоғары көрсеткіш демесек те, салыстырмалы түрде алғанда бұл әнебір төмен көрсеткіш те емес.
Оған қоса айтқым келгені, «Азғыр өңіріндегі ауылдар жарықты көршілес Ресей елінен алады екен» деген әңгімені де құлағымыз шалып қалады. Әрине, мұны мүлдем жоққа шығармаймын. Әйтсе де, осыдан екі жыл бұрын осы өңірде орын алған жағдай тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, баршамызды да алаңдатты. Сол күндері алапат жел мен нөсер жаңбырдан ұзындығы жүздеген шақырымға созылған электр сымы үзіліп, оған қоса ондаған жылдар бойы ауыстырылмаған бағандар жапырыла құлап, азғырлықтардың сағаттап емес, тәулік бойына жарықсыз қалғаны есімізде. Дәл сондай сындарлы сәтте де оларға ең бірінші көмекке келген «Атырау Жарықтың» жігіттері еді. Сондықтан, шалғай ауылдағы ағайындардың шаруасын өзіміз шешудің жолдарын қарастырып, теңгерімімізге алудың амалын қарастырып жатырмыз.
Технологиялық көпір керек
Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ,
«Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті
– Қазір саладағы маңызды мәселенің бірі – қаланың оң жағалауын жылумен толыққанды қамтамасыз ету. Қаланың осы бөлігіне жылу энергиясы Жайық өзені арқылы өтетін конструкциялардың диаметрлері 426-530 миллиметрлік екі жылу магистралының бойымен ЖЭО-ның негізгі көзінен жеткізіледі. Бұл жерде туындап отырған үлкен проблема – жыл санап көпір өткеліндегі жылу жүктемесі шамадан тыс артып келеді. Оның салдары магистралды желідегі гидравликалық режимнің сақталуына теріс әсерін тигізеді.
Жаңадан салынған көп қабатты үйлердің пайдалануға берілуіне байланысты қосымша жылу жүктемелерін іске қосу қажеттілігі туындайтыны заңдылық. Осыны ескеріп, «Атырау жылу жүйелері» АҚ төрт жыл бұрын «Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесіп, «Атырау қаласында жылу желілерінің сенімділігін және даму перспективасын арттырудың 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған техникалық негіздемесі» атты жоба әзірлеген еді. Қала әкімдігімен келісіліп, бекітілген бұл құжатты қабылдаудағы басты мақсат – шаһардың дамуын, тұрғындар санының өсуін қаперге ала отырып, қолданыстағы жылу желілерін жаңғырту және жаңадан салу. Ол үшін Жайық өзенінің үстімен өтетін арнайы технологиялық көпірді тұрғызу жобасы таңдалды. Жоба аясында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бірнеше іс-шараларды жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, «РК-120 Мвт» аудандық қазандығының қолдағы бар қуатын пайдаланып, қосымша жылыту қазандығын орнату. Қолданыстағы қазандықтың аумағын кеңейту үшін жер телімін бөліп, техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу. Сондай-ақ қаланың оң жағалауынан 200-300 Гкал/сағ жылу жүктемесін қамтамасыз етуге қабілетті қазандықтың құрылысын жобалау және салу. Кәсіпорын бойынша жылу желілерін реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарын (барлығы – 15,8 км) жоспарлы жүргізудің нәтижесінде жылу желілерінің тозу көрсеткішін 15,7 пайызға дейін төмендету.
Күні бүгінге қаланың сол жақ бөлігін жылумен қамту деңгейі қалыпты. Өйткені, бұл беттегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу оң жағалауға қарағанда ешқандай қиындықсыз, кедергісіз таратылады. Әрине, жылудың берілуінде құбырлардағы ақаулардың салдарынан апатты жағдайлардың орын алып жататынын жоққа шығаруға болмайды. Десек те, күш-мүмкіндіктің дер мезгілінде жұмылдырылып, мамандардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында апатты жағдайлар мейлінше қысқа мерзімде қалпына келтіріледі.
Тағы бір тоқталар жайт – еліміздің өзге өңірлерінде болып жататын жағдайлармен салыстырғанда, бізде тіркелетін төтенше жағдайлар сипаты мен қауіптілігі жағынан анағұрлым жеңіл. Инвестициялық бағдарламада белгіленген жөндеу-профилактикалық жұмыстарының бекітілген жоспар-кестеден кешікпей жүргізілуінің нәтижесінде соңғы он жылдан астам уақыттан бері ірі апат болған жоқ.
Мұнымен «бізде бәрі жақсы» деп өзімізге өзіміз баға беруден де аулақпыз. Бұрыннан айтылып жүрген жыл сайын қыркүйек айы келгенде ыстық суды тоқтатып, тұрғындарға қолайсыздық туғызатын мәселе де бар. Соның кесірінен адамдардың денсаулығына кінәрат келтірілетінін, басқа да жағдайларды білеміз. Егер тұтынушының көзқарасымен алғанда, олардың реніш-шағымы орынды. Әйтсе де, біздің жұмыс тәжірибемізде мұндай жұмыстар дәл осы кезеңге жоспарланған. Желілерді гидравликалық сынақтан өткізіп, қысыммен тексерудің жылу беру маусымына дайындық шарасының бірі екенін тұрғындар түсіністікпен қабылдағаны жөн.
Сұрақ: – Бір айдан кейін жылу беру маусымы басталады. Біздің оған дайындығымыз қалай? Тиісті межеден көріне аламыз ба? Тұрғындар тарапынан туындап отырған сұрақ – жыл сайын күн салқындап, оқу жылы басталған шақта ыстық су тоқтатылады. Бұл жұмысты жаз айларында жасауға болмай ма?
Ә.ТЕМІРҒАЛИЕВ:
– Әуелі мүмкіндікті пайдалана отырып, мына мәліметті қала тұрғындарының қаперіне бергім келеді. 19-21 қыркүйек аралығында құбырлардың тығыздығы мен беріктігін анықтау мақсатында гидравликалық сынамалардың болуына байланысты қала бойынша ыстық су беру тағы да тоқтатылады. Ол бізге жөндеу жұмыстарының сапасы мен қосымша кемшіліктерді анықтау үшін қажет.
Ал, сынаманың қыркүйекте жүргізілуі – мәжбүрлі шара. Негізі, ыстық судың тоқтауы бізге де шығын әкеледі. Нақтырақ айтсақ, жаз айларында жергілікті атқарушы органмен келісіп, әр аумақта күрделі жөндеу жүргіземіз. Сол кезде қысым берілген учаскелер қалады, мұндай желілерге жылу бере алмаймыз. Әйтпесе, қыста күрделі апатқа соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, желіні толықтай тоқтатып, тексеруіміз керек. Мәселен, солтүстік облыстарда жаз айларында ыстық су мүлдем берілмейді. Яғни, көктемде тоқтатып, күзде қосады. Тіпті, көршілес Батыс Қазақстан облысында да осындай процедураларды жүргізу үшін 10 күн бойы қалада ыстық су тоқтатылады. Негізінде, қала ішіндегі желінің ұзындығын ескерсек, барлығын тексеріп, қысқы маусымға дайындау үшін екі аптадай уақыт кетеді. Бірақ біз оны уақытынан бұрын аяқтауға күш саламыз.
Жылдағы дәстүрге сай, биыл да облыс әкімінің қаулысы негізінде аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарға қазанның 1-інен бастап жылу беріле бастайды. Бірақ бұл жерде де жергілікті күн райы ескерілетінін де ескерген жөн. Көпқабатты үйлерге 15 қазаннан бастап жылу беріледі.
Әрине, проблемалар да жоқ емес. Энергетикалық қауіпсіздік туралы айтқанда, жылуды тасымалдау жайын да ұмытпауымыз керек. Өйткені, жыл сайын шаһардың оң жақ бөлігі қарқынды дамуына байланысты жылу-электр орталығынан жылуды тар көшелермен жеткізу қиындай түсетіні жасырын емес. Орталық көпір астындағы желілерді ұлғайту мүмкін болмағандықтан, басқа да жолдарын қарастырып жатырмыз. Енді облыс, қала әкімдіктерімен бірлесіп осы мәселені шешуіміз қажет. Әзірге оның бір ғана шешімі бар, коммуникациялық жүйелерге жоғарыдағы жобада айтылған арнайы технологиялық көпір салынуы тиіс. Сол арқылы жылу жүйелерін де, басқа да коммуникацияларды жүргізуге болады. Ол үшін қаражат керек.
Екіншіден, ел арасында «Фин қазандығы» аталып кеткен нысанның қуатын арттыру мәселесі бар. Яғни, қаланың оң жақ бөлігі жоғары жылдамдықпен дамуына байланысты оның да мүмкіндігін молайту қажет. Тұтынушылар қатары көбейгендіктен, жаңа жылу жүйелерін салу үшін тағы да арнайы «дәліз» керек.
Айталық, соңғы жылдары ескі қала маңында құрылыс көбейді. Олардың барлығын жылумен қамтамасыз ету үшін сәйкесінше, біз де қуатымызды көбейтуге жұмыстанамыз. Ал, қаланың сол жағында мұндай мәселелер жоқ.
Шынын айту керек, соңғы 10-12 жылда бізде бірінші, екінші дәрежелі апат болған жоқ. Өткен жылы аздаған ақаулар орын алды. Мұның барлығы жылу жүйелері мамандарының кемшіліктерді дер кезінде анықтағанының арқасы деп білемін.
Былтыр «Нұрсая», «Береке» шағынаудандарында болған келеңсіздіктерді жойдық.
Сұрақ: – Рас, өзге өңірлерімен салыстырғанда бізде жағдай әлдеқайда жақсы. Бірақ тозығы жеткен жылу желілерінің проблемасы жоқ емес. Осыдан он бес жылдай бұрын қазынадан бөлінген қыруар қаражатқа облыстағы энергокешен толықтай жаңаруға тиіс еді…
Ә.Темірғалиев:
– Біріншіден, жылу желілерін жөндеу және жүйелерді қайта жаңғыртудан өткізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбейтінін айтқым келеді. Себебі, біз жекеменшік құрылымбыз. Ал, инвестициялық бағдарлама арқылы біз 72 пайызға ескірген желіні 60 пайызға дейін түсірдік.
Десек те, тозығы жеткен құбырларды ауыстыру жұмыстарынан гөрі ескіруі әлдеқайда жылдам. Қазір біз жыл сайын 20 километрдей желіні ауыстырып келеміз. Алайда, ескі жылу жүйелерін дер кезінде жаңарту үшін бұл көрсеткіш жылына 40 шақырымға жетуі тиіс. Бұған құбырлардың қолдану мерзімін де қосып қойыңыз. Егер арнайы бағдарлама бойынша магистралдық жүйелерді жаңартып отырсақ, 2030 жылға қарай тозығы жеткен жылу желілерін 15 пайызға түсіре аламыз.
Ал, кішкентай диаметрлі кварталдық жүйелерді біз жыл сайын жөндейміз. Атырау облысындағы ахуалға сай ыстық судың коррозиясы жоғары болғандықтан құбырларды жиі ауыстыруға тура келеді. Оның да шешімін қарастырып жатырмыз.
Тобықтай түйін
«Дөңгелек үстел» басындағы дидарласуды басылымның бас редакторы Назарбек Қосшиев қорытындылап, әңгімені түйіндеді. Ол алдымен ашық әңгіме, еркін пікірлесуге құрылған басқосуда күн тәртібіндегі тақырыптың жан-жақты талданып, спикерлердің ойы бір арнаға тоғысқанын атап көрсетті. Сол үшін де оларға белсенді азаматтық ұстанымын танытып, пайымды пікірлерімен бөліскені үшін ризашылығын білдірді.
Дайындағандар Дәулетқали АРУЕВ,
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ