ЖАНБАЙДАҒЫ АПАТ АУЫЗДЫҚТАЛЫП ЖАТЫР

Жанбай ауылының іргесінен шыққан қою ерітінді үлкен әңгіменің өзегіне айналып тұр. Тұрғындардың айтуынша, мұнай мен газ, құм араласқан, бұрқ-сарқ қайнаған шығарындының иісі тынысты тарылтып, қолқаны қабады. Экология бүлінген. Мал шығыны жиілеп, тал-терек сола бастаған. Көлденең өзге кеселдерді де жергілікті жұрт ұңғымадағы апаттың зардабымен байланыстырады. Қоғамды алаңдатқан мәселенің мәнісін білу мақсатында Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВТЫ сөзге тартқанбыз. Естігеніміз мынау:

Осыдан алты жыл бұрын «ПМ Лукас» компаниясы Жанбай ауылының маңынан бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Кейін басталған іс аяқталмай, алаңның орны көміліп қала беріпті.
– Былтырғы жылдың қараша айында №7 бұрғылау ұңғымасында апат орын алған еді. Кейін сол жерде ерітінді пайда болды. Көп ұзамай жерасты газы шықты. Осы жағдайға байланысты аудан әкімінің қолдауымен мәселе ерекше бақылауға алынып, шұғыл шаралар жүзеге асты. Ұңғыманың аумағы қоршалып, оған топырақ төгілді. Дегенмен, жер астынан шыққан газ қосындысын тоқтату мүмкін болмады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
М.Өтеғалиевтың баяндауынша, дәл қазіргі күні қою ерітінді №7 бұрғылау ұңғымасының өзінен емес, одан он метр жерден қуалап шығып жатыр. Оны тоқтату, апаттың зардабын жою мақсатында жергілікті басшылық арнайы мәжіліс ұйымдастырған. Басқосуға прокуратура органдары, экология, төтенше жағдайлар құрылымы басшыларымен қатар, тиісті серіктестіктің өкілдері қатынасыпты.
– Бүгін де мәселеге байланысты жиын өткізіп отырмыз. Түйінді тарқату жайын талқыға салдық. Осы орайда тоқталатын екі проблема бар: алғашқысы, апат орнына қатысты. №7 бұрғылау ұңғымасы, оның маңындағы жер 2009 жылы Батыс Қазақстан аймақаралық мемлекеттік геология және жер қойнауын пайдалану департаментіне берілген. Сондықтан, бұл тұста аталған жерді ұңғыманың иесі «Потенциалойл» ЖШС-іне қайтадан уақытша беру мәселесі шешімін табуы тиіс. Екіншісі, жерасты жұмыстарын жүргізуге ҚР Мұнай және газ министрлігі геология комитетінің рұқсаты керек. Осынау түйткілдерді тарқату үшін еліміздің Мұнай-газ министрлігіне хат жазылды, – деді сұхбаттасушымыз.
Айтып келмейтін апаттардың зардабын жоюға байланысты Мұнай және газ министрлігінің бастамасымен арнайы қор құрылғаны мәлім. Бүгінде одан қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, жергілікті құрылымдар да бос отырған жоқ. Апаттың зардабын жою, қалпына келтіру жұмыстарының жобалық құжаттамасын жасақтау шаруасы реттеле келіпті. Енді алдағы қыркүйек айының алғашқы күндері тендер ұйымдастырылатындығы белгілі болып отыр.
«Потенциалойл» ЖШС жетекшілерінің Мәскеудегі иелерінен қосымша қаражат сұраған өтініші қанағаттандырылған. Жобалық құжаттарды жасақтау «ГеоПроектімен» қатар, «Горизонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тапсырылған еді.
Исатай ауданының көлемінде мұнай-газ өндірумен айналысып жатқан «Потенциалойлдың» басшылары қою ерітінді шығып жатқан шұңқырлардың қоршаған ортаға елеулі зияны жоқ дегенді айтады. Баяндауларынша, шыққан газдан қорытынды алынып, геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтына (КазНИГРИ) тапсырылған. Олар «адамға, сонымен қатар малға зиян келтіретін компонент жоқ» деген тоқтамға келген көрінеді.
Соған қарамастан, жергілікті тұрғындар проблеманың аяқсыз қалмауын талап етуде. Айтпақшы, бір мысал, аталған серіктестік жерасты газын қазірдің өзінде кәдеге жарата бастапты. Яғни, табиғи отынды залалсыздандырып, одан электр қуатын алып отыр екен. Жаңалық ойлап тапқан құрылым басшылары енді жұртшылықтың жанайқайына құлақ салуы қажет. Ал, жергілікті басшылық «мәселе жақын күндері шешіледі» дегенді сеніммен айтып отыр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз