«Жедел жәрдемде» өмірге келген Томирис
Өткен жұмада Атырау қаласында «жедел жәрдем» көлігінде сәби дүниеге келді. 02 сағат 44 минут шамасында «103» қызметіне жүгінген 41 жастағы әйелдің толғағы үдеп, босануға дайындала бастайды. Сала мамандары перинаталдық орталыққа жеткізбек болып жанталасқанымен, жарық дүниеге асыққан нәресте бригада көлігінде іңгәлап өмір есігін ашты.
«103» қызметкерлері автокөлікті тоқтатып, сол жерде босандыруға шешім қабылдайды. Фельдшерлер Айзат Иманғали мен Орынбек Таубаевтың кәсіби іс-әрекетінің нәтижесінде келіншек сәтті босанып, сүп-сүйкімді қыз бала көлікте дүниеге келді. Ол – отбасының төртінші перзенті. Ата-анасы есімін Томирис деп қойды.
– Қазір анасының да, нәрестенің де жағдайы қанағаттанарлық. Туысқандары қызметкерлерге шексіз алғысын білдіруде. Бұл жағдай – «жедел жәрдем» қызметкерлерінің екі жылдық тәжірибелерінде алғашқы рет босандырып алу сәті. Алайда, мамандар еш сыр білдірмей, біліктілікпен барлық іс-қимылды алгоритм бойынша жасаған. Әйелдің жүктілігі 38-39 апта болатын. Ішінің ауырсынуы кешкі 21 сағаттан бастап мазалаған. Толғағы тым жиілеген соң ғана «103» қызметкерлеріне шақырту берген. Сөйтіп, таңғы 03 сағат 15 минутта «жедел жәрдем» көлігінде аман-есен босанды. Нәрестенің дені сау, дене температурасы қалыпты. Салмағы – 3,5 келі, бойы 45 сантиметр. Анасы емханада әйелдер кеңесінде есепте болған, дәрігерге уақытылы қаралған. Денсаулығында еш шағым болмаса керек. Көліктегі босанудан кейін сәбидің кіндігі кесіліп, анасы мен қызы облыстық перзентханаға жеткізілді, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.
«Жедел жәрдем» қызметінің әйелдерді үйде босандыруы жиі болып тұрады. Абырой болғанда, барлығы сәтті жүзеге асып келеді. Алайда, мамандар «жедел жәрдемді» тығырыққа тіремей, «103»-ке ертерек хабарласу қажеттігін ескертеді.
– Бүгінде барлық маманның да біліктілігіне сын жоқ. Олар кез-келген жағдайда жедел дәрігерлік көмек көрсетуге дайын. Десе де, тұрғындар өз саулығына салғырт қарамағаны жөн. Әсіресе жүктілік кезінде немқұрайдылық танытуға болмайды, — дейді Наргиз Нұридинқызы.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында облыста 36 үйде босанып қалу дерегі тіркелген. Тек қазанның басынан бері үйде босанған 3 әйелдің екеуі Атырау қаласында, біреуі Құлсарыдан екен.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА