Жас талғамайтын жаман ауру
Әйел заты «отбасым, жұмысым» деп шауып жүріп, денсаулықтарына мән бере бермейді. Тек сырқат жанына батып, ауру дендегенде ғана дәрігерлердің табалдырығын тоздыратыны рас. Қазіргі қоғамда «жасарып» кеткен қатерлі ісік дертіне шалдығып, соңғы сатыға жеткенде ғана біліп жатқандар қанша ма? «Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады» демекші, дәрігерлер аты жаман ауруларды ерте шақтан анықтап, дер кезінде ем-дом жасағанда ғана «бетін қайтаруға» болатынын айтады. Десек те, тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын нәзікжандылар арасында сүт безі және жатыр мойын ісігі аурулары мен бедеулік белең алып барады. Сондықтан мамандар «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп» отырған әйел-аналардың саулығына салғырт қарамауына баса назар аударып, дабыл қағудан кенде емес.
Сырқаттың көбею себебі
Халқымызда «әйелдің қырық жаны бар» деген тіркес бар. Асылында, бұл отбасының қамы үшін талай қиындыққа қаймықпай төтеп беріп, қандай жағдайға да төзе білген әйел затына қарап айтылса керек. Қазір қоғам да нәзікжандыларға үлкен міндет артып қойған: ол үй шаруасын шырқ айналдырып қана қоймай, қызметте бесаспап болуы тиіс. Отағасының табыс табу мақсатында көп уақыты түзде өтетіндіктен, бала тәрбиесі де әйелдің мойнында. Сөйтіп, «бәрінің де бабын табамын» деп жүріп, олар өз денсаулығын кейінгі орынға қалдыра береді. Өңірде іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Әйел денсаулығы – қоғам денсаулығының кепілі» тақырыбында өткен облыстық конференция отбасының, қоғамның ұйытқысы саналатын қыз-келіншектердің, әйел-аналардың саулығын сақтау жайына арналды.
Иә, осынау маңызды тақырыптың кең көлемде қозғалуы бекер емес. Жастар арасында бедеулік, өмірге бала әкелетін жастағы әйелдерде сүт безі мен жатыр мойны ісігі аурулары көбейіп барады. Ал, оны анықтап, дер кезінде ем-дом жасау үшін скринингтік тексерістерден тұрақты өтіп отыру маңызды. Аты жаман дертпен бетпе-бет келген қыз-келіншектермен жұмыс істеп жүрген облыстық онкология орталығының директоры, жоғары дәрежелі онколог-дәрігер Эльмира Сапарованың тәжірибесінде неше түрлі жағдайлар кездеседі екен. Ең бастысы, мұндай дертті анықтаған аналардың аурумен күресте шиеттей балаларымен өздері жалғыз қалатыны жиілеп баратын көрінеді.
– Ешкім сырқат болсам деп тілемейді. Отбасы үшін бәріне төзіп жүре береді. Ал, мұндай дертпен ауыратынын білген кезде жақындарының да сырт айналып кететін жайттар болып жатады. Жақында бір анамыздың жолдасы психологиялық көмек берудің орнына басқа отбасын таңдап кеткен жағдай кездесті. Дерт меңдеген жас ана қиындыққа қарсы үш баласымен жалғыз күресуге мәжбүр болды,-дейді Эльмира Ғарифоллақызы.
5 мыңнан астам адам есепте тұр
Мұнайлы өңірде қатерлі дертке шалдыққандар қатары көбеймесе, азаймай отыр. Қазір Атырау облысында осындай аурумен ауыратындардың саны 5 мыңнан асқан. Оның ішінде жатыр мойны қатерлі ісігімен 786 әйел тіркелген. Сүт безі қатерлі ісігімен есепте тұрғандардың саны 824-ке жетіпті.
–Баршаңызға белгілі, елімізде 2008 жылдан бері скринингтік тексерулер өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – қатерлі ісіктің соңғы сатысына дейін жеткізбеу. Яғни, жылына бір рет міндетті түрде гинеколог-дәрігерлерге барып қаралып, анализ тапсырып тұруы керек. Өкінішке қарай, бізде саналы түрде түсінгенімен, қорқыныш-үрейі бар адамдар аз емес. Осындай жағдайға тап болған әйелдер көп реттерде қорқынышын білдіріп жатады. Шындығында, бұл да науқастың дертінен толықтай айығып шығуына кедергі келтіретіні жасырын емес. Негізі, жатыр мойны қатерлі ісігі сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында,-дей келе Эльмира Ғарифоллақызы бұл дерттің пайда болу себептеріне тоқталды.
Оның айтуынша, қыз-келіншектердің басым бөлігі ауруды «қабылдай алмайтын» көрінеді. Ал, оны анықтайтын бірнеше зерттеу бар. Диагноз сол тексерістердің нәтижесі бойынша қойылады. «Шындығында, барлық қатерлі ісік аурулары ішінен жатыр мойны ісігінің себебі табылған. Оның себепшісі – адам ағзасындағы папиллома вирусы. Оған қарсы бізде вакцина бар» деді ол.
Аурудың алдын алудың жолы қандай?
2010 жылдан бері пилоттық режимде аурудың алдын алу мақсатында Қостанай, Алматы, Астана, Атырау қалаларындағы 11-13 жастағы қыз балаларға екпе салына бастаған. Десек те, сол жылдары Қостанай қаласында жасөспірімнің екпе алу кезінде өзін жайсыз сезінуіне байланысты қоғамда түрлі пікір пайда болып, бастама тоқтатылған еді. Араға жыл салып бұл екпе қайтадан енгізілген. Өйткені, басты мақсат – аурудың алдын-алу, соңғы сатыға дейін жеткізбеу еді. Басқа дерттермен салыстырмалы түрде қарағанда жатыр мойны қатерлі ісігінің ғана нақты шығу себебі анықталған. Сондықтан сала мамандары екпені дер кезінде алуға кеңес береді.
– Мәселен, асқазанда пайда болатын қатерлі ісікке ондағы жара себепкер болуы мүмкін. Яғни, емделмеген жағдайда онда пайда болған клеткалар біртіндеп «жаман ауруға» әкелуі ықтимал. Мұнда да дәл солай. Мысалы, әйелдер арасында жатыр мойны эрозиясы деген ауру бар. Ол тұрмысқа шыққаннан кейін пайда болады. Егер адам ағзасында папиллома вирусы және эрозия анықталса, оның соңы қатерлі ісікке ұласады деп нық сеніммен айта аламын. Ерте жастан және көп адаммен жыныстық қатынасқа түсу, темекі шегу, жиі түсік жасатудың соңы осы ауруларға душар етеді,-дейді Эльмира Ғарифоллақызы.
Облыстың бас онколог-дәрігері айтқандай, жатыр мойны қатерлі ісігімен күрестің ең тиімді жолы – оны ерте кезде анықтау. Сол себепті, екпе де жыныстық қатынасқа түспеген кезде салынуы керек. Жалпы, адам ағзасында болатын папиллома вирусының 200-ден астам түрі бар. Оның ішінде 16,18, 33,45 түрлері жоғары онкогендік топ болып саналады.
«Скринингтен өткенннен кейін цервицит, дисплазия секілді диагноздар анықталса, одан қорқудың қажеті жоқ. Диспансерге келіп тағы қосымша талдау, зерттеулер жүргізу керек. Атап өтер жайт, 2010 жылы пилоттық режимде жүзеге асқан екпе салу кезінде Атырауда вакцинаны ақылы түрде алуға болатын еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бүгінде 14-15 жастағы қыз балалар арасында ерте жүктілік деректерінің анықталуына байланысты ғалымдар екпені етеккірі жаңадан келе бастаған 11-13 жастағы қыз балаларға салуды ұсынды. Папиллома вирусына қарсы екпе әлемнің 107 елінде міндетті вакциналар қатарына енген» деп атап өтті Эльмира Сапарова.
Тәжірибе нені көрсетті?
Осыдан он төрт жыл бұрын вакцина Атырауда 2600 жасөспірімге салынған болатын. Сол кезде дәрігерлер мектептерді аралап, ата-аналармен кездескен. Әрине, көпшілікті бұл екпенің құрамы көбірек қызықтырғаны рас. Олардың көкейінде «қызымды бедеулікке алып келмей ме?» деген орынды сауал туындағаны да жасырын емес.
– Ол кезде біз де шетелдік ғалымдардың тәжірибесіне сүйене отырып материалды айтқан болатынбыз. Қазір біздің өзіміздің тәжірибеміз бар. Атырауда екпе салынған 2600 қыз баланың тізімін қарап шығып, 50 екпе алған және алмаған жасөспірімді тексерістен өткіздік. Бүгінде сол қыздарымыздың арасында тұрмыс құрып, балалы болып отырғандары бар. Сол себепті, бұл вакцина ешқандай да бедеулікке алып келмейді деп 100 пайыз сеніммен айта аламыз. Ал, вакцина алмаған қыздар арасында бүгінде 38 пайызы папиллома вирусын жұқтырған. Екпе алғандардың тек 0,08 пайызында ғана осы вирус анықталды. Оның өзі де онкологиялық емес топқа жататын түрі екен. Сондықтан, екпеден қорықпау керек. Әрине, бұл өте нәзік тақырып болғанымен, қатерлі ісіктің алдын-алу үшін кейбір ақпараттарды ашық айтып, жеткізу қажет деп ойлаймын. Өйткені, әйел – отбасының ұйытқысы,-деп нақтылады Эльмира Ғарифоллақызы.
Сүт безін тұрақты тексеріп отырыңыз!
Өкінішке қарай, елімізде сүт безінің қатерлі ісігі дертіне шалдыққандар қатары азаяр емес. Оның үстіне, әлі күнге дейін бұл сырқаттың нақты пайда болу себебі анықталмай отыр. Десек те, бірқатар қауіп факторлары бар. Айталық, егер отбасында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан адам болса, басқа мүшелерінің де осы аурумен ауру қаупі жоғары. Сондай-ақ, әйелдердің гормондық деңгейі өзгерген кезде, мысалы, кеш бала көтеру, ерте етеккір келуі, гормоналды препараттарды ұзақ уақыт пайдалану қатерлі ісік қаупін арттырады. Артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмендігі, ішімдікті шамадан тыс тұтыну сүт безі қатерлі ісігінің дамуын жоғарылатады. Экологиялық жағдайдың нашарлауы да әйелдердің денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан мамандар екі жылда бір рет скринингтік тексерістен өтіп тұруға кеңес береді.
– 40 жасқа дейін қыз-келіншектер тек ультрадыбыстық зерттеу арқылы сүт безін қарай алады. Оның денсаулыққа кері әсері жоқ. Ал, маммография 40 жастан асқан әйелдерге ұсынылады. Сонымен қатар, үй жағдайында да душ, ванна қабылдаған кезде қолтық астындағы сүт безінің жағдайын тексеріп тұру керек,-деді Э.Сапарова.
Дені сау анадан – дені сау ұрпақ
Медицина саласында, нақтырақ айтсақ, гинекология саласында 25 жылдық тәжірибесі бар Назымгүл Меңдешованың айтуынша, әйелдің репродуктивті денсаулығына назар аударылуы тиіс.
– Соның ішінде жанұя жоспарлау, дені сау ұрпақ дүниеге әкелу мәселелерін арттыру мақсатында жұмыстанып келеміз. Статистикаға жүгінсек, Қазақстан халқы арасында дәрумендер мен микроэлементтер тапшылығы кездеседі. Жүктіліктің физиологиялық, босанудың асқынусыз өтуіне және дені сау ұрпақтың дүниеге келуіне бірден-бір ықпалын тигізетін фактор – жанұяны, яғни жүктілікті жоспарлау. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз Израильге барып, сол елдің медицинасымен кеңірек танысқан болатынбыз. Сол кезде аналардың өмірге 15-16 сәби әкеліп, соған қарамастан қанында гемоглобині 130-140 көрсеткішін көргенде таңданғанымыз бар. Шындығында, олар қажетті дәрумендерді дер кезінде қабылдап, бала өмірге әкелгеннен кейін солардың орнын толтырып отырады екен,-деді Назымгүл Бақтыгерейқызы.
Бедеулік жасарып барады
«Экомед Атырау» ЖШС директоры, дәрігер-репродуктолог, денсаулық сақтау саласының магистрі, жоғары санатты акушер гинеколог Гүлсара Басарова аналық жасушаларды криоконсервациялау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жастар арасында бедеулік көбейіп келеді. Қазір ЭКО-ның көмегіне жүгінген қыз-келіншектердің жас жамасы 22 жасты құрап отыр. Тіпті, бүгінде 20 жасқа енді толған өрімдей қыздардың өзі ЭКО-ның көмегіне мұқтаж. Яғни, бедеулік жасарып барады. Ер балалар арасында да жағдай мәз емес.
– Осыдан 8 жыл бұрын Атырауға келіп, клиника ашқанымызда санаулы уақыттан кейін ұрпақ таратуға қабілеті төмендеген аналармен жұмыс істеп, бірнеше жылда барлығын қамтып үлгереміз деп ойладық. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, ЭКО жасауға ниет білдіргендер қатары азаяр емес. Оның үстіне, бүгінде «жұмыс істеп, жағдайымды жасаймын» деген қыз-келіншектер үшін бізде жасушаларды «қатырып қою» әдісі қарқын алып келеді,-деді Гүлсара Басарова.
Р.S: Әрине, біздің менталитетімізге байланысты кейбір тақырыптар қоғамда «жабық» күйінде қала беретіні жасырын емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, диагноздың атынан үркіп, онкологиялық орталыққа беттей алмай жүргендер де бар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» орнына денсаулыққа салғырт қарап, кейін бармақ тістеп қалып жатқандар қанша ма? Сондықтан, тәуелсіз мемлекеттің алтын діңгегі саналатын отбасының дені сау болу үшін әйел-аналар саулығына баса назар аударылуы тиіс. Қайткен күнде де, аналар ауырмасын!