Зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге жаратуда жаңа тетік іске асырылады
Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Жаңа тетік халық үшін стоматологиялық қызметтерге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігін сақтауға мүмкіндік береді.
«Келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі отандық стоматологтар қауымдастығымен бірлесіп, диагностиканың әдістерін қолдану арқылы оны алғанын растай отырып, стоматологиялық қызметті алу рәсімін шектеуге емес, оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған тетіктерді пысықтады», — деді спикер.
Бұл ретте бірнеше кезеңдер көзделген: растайтын құжаттарды тексеру және емдеу жоспары (рентген-панорамалық сурет немесе емдеуге дейін 3Д); комиссияға құжаттарды беру; стоматологиялық клиникамен шарт жасасу; денсаулық паспортына деректерді енгізу (рентген-панорамалық сурет немесе емдеуден кейінгі 3Д).
«Әр емханада дәрігерлік-консультативтік комиссия бар. Стоматологиялық клиникалардың қызметтеріне ақы төлейтін Отбасы Банкі бұны құрамына қазақстандық стоматологиялық қауымдастықтың өкілдері кіретін біздің емханалардың дәрігерлік-консультативтік комиссияларының анықтамалары негізінде жүргізетін болады. Сондықтан адамның қолында екі сурет болады: қызмет көрсеткенге дейінгі сурет және қызмет көрсеткеннен кейінгі сурет. Біздің әріптестеріміз сендіргендей, оларды қолдан жасау мүмкін емес. Әр адамның осы суретте көрсетілетін жеке ерекшеліктері бар», — деп нақтылады спикер.