Жарнама
Медицина

ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ — ӘРКІМНІҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

— Халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығын 2015 жылға қарай 71 жасқа дейін ұлғаюына қол жеткізу;

— Ана өлім — жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2015 жылға 12,4 — ке дейін төмендетуі;

— Нәресте  өлім — жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2015 жылға қарай 11,2 — ге дейін төмендетуі;

— Жалпы өлім — жітімінің 1000 адамға шаққанда 2015 жылға қарай 7,62 – ге дейін төмендеуі;

— 15-49 жас аралығындағы топта АИТВ-инфекциясының таралуын 0,2 – 0,6% шегінде ұстау;

— I-II сатыда анықталған қатерлі ісіктің үлес салмағының 2015 жылға қарай 55,1% — ға ұлғаюы;

— Қатерлі ісікпен ауырғандардың бес жылдық өмір сүру үлес салмағының 2015 жылға қарай 50,6%-ға дейін ұлғаюы;

— Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде қайтыс болғандардың санын 5% — ға төмендету.

Міне, осынау негізгі деген нысаналы индикаторларды  жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдар ретінде ҚР Үкіметінің барлық министрліктері түгелге дерлік жұмылдырылған, алайда осы биік мақсатқа қол жеткізу үшін тек мемлекеттің тарапынан атқарылатын шаралар жеткіліксіз. Егер бұл үлкен іске қалың бұқара білек сыбана кіріспесе, олар өз денсаулығына жауапкершілігінің деңгейін көтермесе, тамақ ішу, көлік жүргізу мәдениетіне көңіл бөлмесе, дене шынықтыру, спорт, салауатты өмір сүруге түбегейлі бетбұрыс жасамаса, мемлекет тарапынан бөлінетін үлкен қаражат, атқарылатын іс-шара құмға сіңген судай болмақшы. Мен бұл жерде ұлы Абайдың төртінші қара сөзінен үзінді келтіргенді жөн көрдім: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұл дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды». Айтса айтқандай-ақ, ол заманда да, бұл заманда да адам тіршілікте денсаулықтың қадірін жете ұғына бермейтінін біз – дәрігерлер күнделікті өмірден көріп те жүрміз.

Қазір  әрбір жанға денсаулығын қалыпты жағдайда ұзақ мерзімге ұстап тұруға барлық жағдай бар, тіпті 71 жас деген орта өмір жасы да қарқынды дамып келе жатқан, гүлденген Қазақстан үшін өте аз жас болып есептеледі. Енді ұзақ өмір сүру үшін, бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуін, аналар өлімін азайту үшін, туберкулез ауруын 20 пайызға азайту үшін елімізде тек өзіме жақын медицина саласын айтқанның өзінде азғантай уақытта мемлекет тарапынан жасалған іс, қол жеткен табыс ұлан-ғайыр.

Тұрғындардың ең көп шетінейтін науқастың түрі жүрек-қан тамырлары ауруы болатын болса, елімізде барлық облыс орталықтарында арнайы орталықтар ашылды, ендігі мәселе соған емделуге дер кезінде бару, ең абзалысы — өзің ұнаған емханаға барып жылына бір рет болса да тексеруден өту, қажет болған жағдайда оны қалыпты жағдайда ұстау үшін тұрақты түрде ем алу, оған қажетті дәрінің 32 түрін тұрғындар өзі бекітілген емханадан тегін алады.

Өмірге өте қауіптің екінші тұрған түрі – қатерлі ісік ауруы, бұл аурудың алдын алуға да елімізде, біздің облысымызда барлық жағдай жасалған. Қазір  обыр ауруының көзге көрінетін түрлеріне, атап айтқанда, теріге  түскен, сүт безіне, ауыз қуысына, тік ішекке, қарынға, өңешке, аталық безіне, жыныс орнына түскен қатерлі ісікті бастапқы кезінде анықтауға болады және 100 пайыз емдеп жазуға болады. Сондай-ақ, аталық безге түскен, бауырға түскен, өңеш, ішек қарынға түскен обыр ауруын алдын алудың мемлекетіміз барлық амалын жасады.  Бұл ғылыми дәлелденген.

Ендігі мәселе – тұрғындардың жылына бір рет профилактикалық байқаудан өз бетімен тұрақты түрде өтуі. Өкінішке орай осы күнге дейін, әсіресе, үй шаруашылығындағы әйелдер арасында бірнеше жыл қатарынан медициналық байқаудан өтпегендер анықталады, тіпті алдын-ала сүт безі обыры анықталған жас ана сапалы ем алудың орнына ағайын-тумасының ықпалымен халық емшілерін жағалап кетіп жатады.

Келесі бір үлкен мәселе – бұл туберкулез ауруын азайту, ең бастысы, онымен ауыратын адамды қоғамнан оқшаулау. Бұған да барлық жағдай жасалған, туберкулез ауруымен ауырған науқастың балаларын 100 пайыз арнайы ашылған балабақшаға, мектеп-интернатқа орналастыруға мүмкіндік мол. Өкінішке орай, тұрғындардың ой-өрісі, мәдениеті, салауаттылығы өте төмен, алып жатқан емін үзіп үйге келетіндер бар, болмаса баласын арнайы балабақшаға апармайтындар бар. Сөзім дәлелді болу үшін айтарым, қаладағы «Алмагүл» ықшамауданда бес бала ауырса, оның төртеуі – үйінде туберкулезбен ауыратын адамы бар жанұядан.

Жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар саны, оның салдарынан мүгедек болып қалған адамдар қатары жылдан-жылға көбеюде. Елімізде жұмыс жасамайтын жастар әке-шешесінің несиеге алып берген автокөлігімен ертелі-кеш қала кезіп, оның соңы қайғылы оқиғаға  соқтырып жатқан жағдайлар аз емес, бұл да – жастарымыздың құндылықты бағалай білмейтіндігін көрсетеді, әрі ата-аналардың жауапсыздығының да бір көрінісі.

Саламатты өмір салтын насихаттау өз деңгейінде емес, соның салдарынан  тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі деңгейі әлде де болса төмен. Арақ ішу, темекі тарту, көлік жүргізу және тамақтану мәдениеті, артық салмақ қосу жағы денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Мұның бәрі әр адамның өзіне тікелей байланысты жайлар, онымен тек дәрігерлердің күресуі тіптен жеткіліксіз, оған бүкіл қоғам, әкімшілік, үлкен, кіші кәсіпорындар, оқу орындары, өндіріс түгел бір адамдай жұмылуы тиіс. Мемлекетіміздің қоғамдық жерде арақ ішуге, шылым шегуге тыйым салғаны дер кезінде алынған шешім болды, енді осы бастаманы үй тұрмысы жағдайына дейін енгізе алсақ, игілікті іс болар еді.

Ғазиз ЕСҚАЛИ,
 №7 емхананың бас дәрігері, жоғары санатты социал-гигиенист ұйымдастырушы,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button