Үзілмесін үмітің!..

эk Медицина

«Ауруын жасырған өледі» демекші, адамзат баласына қатерлі ісіктен қауіп азаймай тұр. Оның үстіне бұл дерттің түрі  жасарып келеді. Жас таңдамайтын болған. Әлем дабыл қағуда… Осы орайда, біз де облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира САПАРОВАМЕН сұхбаттасып, бас қатырған бас тақырыпты талқылаған едік.

–  Эльмира Карифуллақызы, қатерлі ісік неден, қалай пайда болады?

– Көпке түсінікті болу үшін айтайын, қатерлі ісік дегеніміз,  ағзадағы толып тұрған жасушаның біреуі «есінен адасады». Яғни, сол жасушада генетикалық өзгеріс пайда болады. Оның ДНК-сы өзгеріп, обырдың жасушасына айналады. Бірақ, бізде иммундық жүйе бар. Патрульдік полиция секілді тексеріп, сол өзгерген жасушаны жояды. Лимфажүйенің жасушалары үнемі бөтен жасушаны танып, оларды тазалап отырады. Алайда, иммундық жүйе де кейде «аңғармай қалады», өзге нәрсені көрмей қояды. Міне, сол кезде жаңағы жасуша бөлінеді, тез жайылады, көбейеді, дамиды. Жасуша өте көп болған кезде қатерлі дерт анықталады. Жалпақ тілмен түсіндірсем, көрініс осындай.

Қатерлі ісік халық түсінігінде «жаман ауру». Көбі осы бір қатерлі ауру табылып қалмай ма деген үреймен дәрігерге көрінуге қорқады. Ағзасындағы сәл өзгерісті көрсетіп, мамандардың қабылдауына бармайды. Сол баяғы қорқыныш, күдік. Бірақ, обыр үкім емес, XXI ғасырда бұл дерт созылмалы ауру қатарында деуге болады. Тек дерттің алғашқы кезеңінде дер уақытында асқынудың алдын алып, емдеу жедел жүргізілсе, құлан-таза айығуға біздің елде мүмкіндік жоғары. Рас, аурушаңдықтың өскені байқалады. Десе де, бір қуантарлығы, республика бойынша жүргізілген диагностиканың арқасында қатерлі ісікті ерте анықтау статистикасы өскен. Әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінің дерегі көп тіркелсе, ерлер арасында өкпе обыры жиілеген. Содан кейін ішек, асқазан, жатыр мойны қатерлі ісіктері алдыңғы орында. Қатерлі ісікті емдегеннен, әрине, алдын алған тиімді. Профилактика үшін арнайы скринингтік зерттеулер бар. Оған да белсенділік керек.

– Бұл ауру тұқым қуалай ма?

–  Қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары саналатын  топтар бар. Солардың қатарына тұқымқуалаушылық жатады. Тұқымында не туыстық байланысында сол дертке шалдыққан не көз жұмғандар болса, күдіктенген адам қан талдауын жасатып, қауіптің алдын алуына болады. 

– Біздің облыста жаман дертке шалдыққандардың саны қанша?

– Статистика бойынша  онкология диспансерінде Д есепте 4857 наукас тіркелген. Осы жылдың соңғы бес айында 486 ауру анықталды. Аурушаңдық көрсеткіші 8,4% көбейді.

– Аурудың алдын алу үшін нені білуіміз қажет?

– Әр адам өз ағзасының бақылаушысы, тыңдаушысы бола алуы керек. Бұл өте маңызды. Ағза – тірі. Ол белгі береді, өзгереді, қарсы әрекет жасайды, күреседі. Міне, осындай кезде саналылық, сауаттылық таныту керек. Өз денсаулығыңыздың қадірін білуге саналы көзқарас қалыптастыру қажет. Содан кейін медициналық қадамдар бар. Мәселен, жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы әйелдер 4 жылда 1 рет қаралуы керек. Сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 40-70 жастағы әйелдер 2 жылда 1 рет қаралады. 

Колоректальды обырды ерте анықтау үшін тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жастағы ерлер мен әйелдер  2 жылда 1 рет өтуі керек. 

– Бұрын қатерлі ісік 40-тан асқан адамдарда кездесетін еді. Қазір жас бала да мұндай дертке шалдығып жатады. Бұл туралы не айтасыз?

– Иә, әлем онкологтары «онкология жасарып барады» деп дабыл қағады. Елімізде 23 жастағы науқаста жатыр мойнының қатерлі ісігі 4-ші кезеңде анықталды. Бұл – өте жас көрсеткіш. Егде жаста кездесетін колоректальды ісіктер 30-40-тағы адамдарда анықталады. Бұған себеп көп, факторлар да түрлі. Тамақтану, өмір салты, гендік мутациялар…

– Елімізде бұл дерттен айықтыратын дәрі-дәрмектер бар ма? Ем үшін қажетті дәрілер қайдан жеткізіледі?

– Қатерлі ауру алғашқы сатыда 100% толық емделеді. Оған қажетті дәрі-дәрмек бар, емдеу тактикасы да жақсы ұйымдастырылған. Ал, ауру асқынып, жағдай ушыққан тұста да науқастың салын суға кетірмейміз. Оң нәтижесін беретін ем-дом не хирургиялық әдістер қолданылады.

– Өзіңіз басқаратын диспансер базасында операцияның қандай түрлері жасалады?

– Атырау облыстық онкология диспансерінде күрделі де бірегей оталар жасалады. Жыл басталғалы 233 ота жасалды. Былтырғымен салыстырғанда отаның саны артқан. Оны жасайтын – жергілікті онкохирургтер, онкологтар. Мысалы, бір науқастан өткен айда 15 кг-дық ісік алынды, 82 жастағы кейуананың жыныс жолынан жатыр 21 см-ге дейін түсіп, несеп-нәжіс шығаруын әбден қиындатқан. Тез арада тексеру жүргізіліп, ота жасалды. Жатыр және қосалқы мүшелер толық алынып тасталды. Қынаптың ішінен қуық, тоқ ішек қабырғасы табылды, ал пайда болған жарадан онкологиялық процесс анықталды. Осындай өте ауыр жағдайда жасалатын 5-6 сағатқа созылатын қиын оталар болады. 

– Материалдық жағдайларыңыз қалай? Ауыр халдегі науқастарды емдеуге қажетті өнімдер табыла ма?

– Біздің осал тұсымыз – ғимарат жағдайы. Диспансердің ескі, тозығы жеткен ахуалы бәріне белгілі. Бірақ, бұл сұрақ қозғалды, радиология корпусы құрылысының қаржылық сметалық құжаттары жасақталды. Онкоқызметте түйткілді мәселелерді шешуге барымызды саламыз. Маман тапшылығын болдырмаудың да тетіктері қарастырылды. Мысалы, аудандарға баратын жас мамандарға 5 млн. теңге, қалада жұмыс істейтіндерге 3 млн. теңге көтерме ақы төленеді. Онкологиялық науқастар МӘМС шеңберінде толық тегін емделеді, скринингтік бақылаулар да МӘМС жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Дәрі-дәрмек тағайындалу тәртібі бойынша жеткізіледі. Тек тапсырыстың кешігуіне байланысты сұрақтар туындайды. Мұндай жағдайда алмастыратын препараттар ұсынылады. 

– Бүгінде ел экономикасын инновацияға бейімдеу жайы жиі айтылады. Сіз, маман ретінде, медицина секторының инновацияға бағыт алуын қалай бағалайсыз?

– Жалпы  онкологиялық ауруларды ерте анықтау, диагноз қою, сондай-ақ қатерлі ісігі бар науқастарға заманауи үлгідегі медициналық көмек көрсету деңгейі жақсарды. Бұл жетістік мемлекетіміздің медицина саласына жіті назар аударуы және дамыған елдермен тәжірибе алмасуға кең жол ашуының нәтижесі деп білемін. Мәселен, мамандардан кеңес алу және амбулаториялық жағдайда қатерлі ісікке күдікті пациенттерді тексеру «жасыл дәліз» бойынша – жалпы кезектілік пен шектеулерден тыс, он сегіз жұмыс күні ішінде жүргізіледі. 

Онкологияға күдік болған жағдайда МРТ және КТ тегін жүргізіледі. Осы және басқа да тексерулерге жолдаманы пациент тіркелген емханадан алуы қажет. Диагноз қою мақсатында қатерлі ісіктерге күдікті пациенттерді тереңдетілген тексеру онкологиялық диспансерге жүгінген сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде, емдеу тактикасын нақтылау және терапияны дербестендіру мақсатында – отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

«Жасыл дәліз» – «жаман аурудың» «жайылып кетпеуін» қадағалайтын тәсіл. Бұл да бір инновациялық қадам деуге болады. Онкологиялық ауруларды емдеу хирургиялық, химиотерапиялық және радиологиялық бағытта жүзеге асады. Ем кешенді жүргізіледі. Хирургиялық оталардың да түрлері, тәсілдері жетілдірілген. Қазір заманауи молекулярлық-генетикалық, иммуногистохимиялық зерттеулер, таргеттік терапия, минималды инвазивті, лапороскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар қолданылады. Химиопрепараттар да халықаралық стандарттарға негізделген.

– Онкологиялық аурулардың көбейіп бара жатқаны рас. Басшы, әрі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осындай мәселелерді шешуде қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыз?

– Әлқиссадан бастайыншы, мен еңбек жолымды  Атырау облыстық онкологиялық диспансерінде қатардағы дәрігерден бастадым. Онкоқызметті дамыту саласында 20 жылдық тәжірибем бар. Бұл саланың, жалпы жергілікті денсаулық сақтау ісінің құрылымын білемін. Енгізілген жаңашылдықтарды, емдеу саласындағы ілкімді істерді, озық тәжірибені меңгерген кәсіби, білікті дәрігерлердің талпынысын бағамдай аламын. Сондай-ақ өткір мәселелердің, өзекті сұрақтардың қордаланғанын да жақсы білемін. Мәселен, мүгедектікті тағайындау. Бұл мәселе – науқастардың, қамкөңіл жақын жандарының жанайқайы. Белгілі бір уақыт сайын олар мүгедектігін растауға мәжбүр. Немесе туабітті кінәраты бар балаларға өмір бойы мүгедектік тағайындауды қарайық. Ерекше баласы бар екенін ата-аналар неге бірнеше рет дәлелдеуі керек?!

Сонымен қатар, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың тиісті емі аяқталған соң, оның белгілі бір санаттағы мүгедектігі алынып тасталады. Бұл – алдағы уақытта протез немесе тиісті қолжетімді көмекті алуға кедергі.  Одан бөлек, қатерлі ісіктің алдын алу қызметін нығайту, бұл – күн тәртібінен түспейтін тақырып.

Емдеу мекемелерінің тозығы жеткен ғимараттарын жаңарту да күйіп тұрған мәселе. Яғни, медициналық нысандар құрылысын салу сұрақтарын шешу, оның ішінде Атырау облыстық онкология диспансерінің ахуалы сіздерге жақсы таныс. Жасыратыны жоқ, аймақта маман тапшылығы айқын сезіледі. Оны шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Өзге өңірлерден жұмыс істеуге келетін мамандардың әлеуметтік жағдайы маңызды. Мысалы, ауыл-аймаққа баратын медицина мамандарына  көтермелеу жәрдемақылары бар да, ал қалаға тарту үшін мұндай көмек берілмейді. 

Міне, осы мәселелер көптің көкейінде жүр. Менің мамандығымның миссиясы да – жақсылық жасау, халық саулығын сақтау, науқастың жанына араша болу, сапалы өмір сүруіне қалтқысыз қызмет ету. Осы тұрғыда көтерілген мәселелер мінберлерде жиі айтылып, оның шешілуі жіті қадағалануы тиіс. Депутат мандаты – менің қызметімнің нәтижелі болуына сенім, мен үшін зор мәртебе. Бас дәрігер ретінде ұсына алмаған мәселелерді депутат ретінде шешкім келеді.

Әрине, әр адам конституциялық құқына сәйкес мамандығы немесе лауазымына қарамай депутат бола алады. Өзінің саласындағы түйткілді мәселенің анық-қанығын жетік білген соң, оның талқылануына, шешілуіне атсалысқаны абзал. Мен де өз күшімді осы рольде сынағым келді. Бәрін уақыт көрсетеді.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз