Жарнама
Медицина

Түркиядан келген дәрігер атыраулық балаларға ота жасады

 Атыраудағы облыстық балалар ауруханасына Түркиядан іссапармен хирург дәрігер келіп, бүлдіршіндерге ота жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

LIV Hospital клиникасының балалар хирург-ортопеды, доцент, медицина ғылымдарының докторы Шенол Бекмез облыстық балалар ауруханасында 2 ота жасады.  Кеше 10 шілде күні туа пайда болған ақауының асқынуы диагнозы қойылған 14 жастағы қызға операция жасалды. Осыған орай Шенол Бекмез шеберлік сабағы барысында сан сүйегінің остеотомиясы мен сан сүйегі мойнын ұзарту оталарын өткізді.

hirurg 2

— Мен мұнда Атырау облыстық балалар ауруханасы басшылығының шақыртуымен келдім. Біз әріптестерімізбен және жергілікті балалар ортопеді Болат Есназаровпен бірлесіп ота жасадық. Келгендегі мақсатым – шеберлік сабақтарын өткізіп,  тәжірибе алмасу. Кешегі ота 14 жастағы Меруертке жасалды. Өте сәтті өтті. Алдағы уақытта жағдайы жақсарып кетеді деген үміттеміз, — деді Ш.Бекмез.

Облысымызда осындай үлкен мүмкіндіктің пайда болғанына ең әуелі Меруерттің анасы А.Сәрсенбаева риза. Өйткені ол осыған дейін перзентімен бірге  шетел асып, ем іздеген. Тіпті 3 ота жасатқан. Өкінішке қарай, нәтиже болмапты. Қызын  5 айлық кезінен бастап дәрігерлерге қаратып келе жатыр. Ташкент, Алматыға да апарған. Осымен оған төртінші рет ота жасалып отыр екен. Бүгін облыстық балалар ауруханасында тағы бір науқасқа ота жасауға дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының балалар ортопед-травматологы Болат Есназаров айтты.

 — Бұл шеберлік сабағын көптен бері жоспарлап жүргенбіз. Өйткені бұл өте күрделі оталардың бірі. Біздің елде бұрын-соңды жасалмаған. Осындай қиын да, күрделі оталарды шетелден мамандармен тәжірибе алмасу барысында жасап отырмыз. Келген мамандардың тәжірибесі мол. Алдағы уақытта өзіміз ота жасаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді Б.Есназаров.

hirurg 3

 Отадан соң, шетелден келген мамандар ауруханада жатқан науқастарға кеңес берді. Айта кетейік, Атырау облыстық балалар ауруханасы аясында Түркиядан келген мамандардың шеберлік сабағы алғаш рет өткізілді. Аурухана басшылығы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында жылына 3-4 рет шетелден білікті дәрігерлер шақырып, шеберлік сабағын өткізіп келеді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button