Жарнама
МедицинаҚоғам

Тегін дәрі қолжетімді ме?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада тегін дәрідәрмек алуға құқылы адамдардың 20 пайызы оған қол жеткізе алмапты. Содан жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, емдеу мекемелеріне шұғыл тексеру жүргізген. Нәтижесінде орасан олқылықтарға жол берілгені анықталыпты. Енді жауапты адамдар жазаға тартылмақ көрінеді.

2018091215274269930_1

Министрлік мойындаған кемшілік

Бұл ретте салалас министрлік бірнеше себепті атайды. Мәселен, біріншіден, медицина мекемелері дәрілік заттарға деген сұраныс пен оны қамтамасыз етуді дұрыс ұйымдастыра алмауда. Екіншіден, аймақтардың ақпараттық жүйелеріне қате деректер енгізілген. Үшіншіден, дәрілердің қозғалысын бақылау мен есепке алу тәртібі бұзылған. Төртіншіден, мұқтаж жандарды толық қамтамасыз етуге қаржы жетімсіздігі қолбайлау. Міне, мамандар осындай негізгі себептерді көлденең тартады.

Әйтсе де, Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Үкімет сайтында орын алып отырған оралымсыздықты ашық айтыпты. Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген ол «Науқастарды дәрі-дәрмекпен дұрыс қамтамасыз етпейді. Препараттар берілмесе де, қағаз жүзінде берілді деп жаза салады. Тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де бар. Сосын дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейді екен» деді ол. Одан әрі лауазым иесі мұндай мекемелер басшыларын қатаң жазалау қажеттігін айтты.

Республикада кадр тапшылығы әлі өткір күйінде тұр. Еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарын жылына 4000 шамасында түлек тәмамдайды екен. Солар қайда кетіп жатыр? Мамандар, әсіресе, алыстағы ауылдарда жетіспейді. Тұрмысы төмен, жағдайы жоқ мұндай өңірлерге ешкім де барғысы келмейді. Ал, өз ақшасына оқыған түлектер жұмсағанға, әрине, көнбейді. Демек, дәрігерлерді ақылы оқытқанның олқылығы осындайда білінеді.

Ақылы демекші, қаражатын жұмсап диплом алған мамандардың бәрі сауатты да емес. Оқу орындары, әлбетте, қаржысын төлеп, табыс түсіріп  отырған мұндай жастардан айырылмайды. Сонда ертеңгі күні адам саулығы кімге сеніп тапсырылады? Елбасының кейбір сапасыз тәлім беретін білім ошақтарын жабуға дейін шара қолдану қажеттігін айтып отырғаны да сондықтан. Расында да, түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болмаса, қолындағы табақтай дипломымен еш кәдеге жарамаса, осындай қадамға барған да жөн шығар.

Өткен жылдың қыркүйегінде газет оқырмандарының сауалына берген жауабында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева аймақта 144 дәрігер жетіспейтінін айтқан. Бұл – бүгін ғана емес, біраз жылдан бері қалыптасқан проблема. Жоғарыда айтылғанындай, ақшасын төлеп оқыған мамандардың қайда барам десе де еркі өзінде. Білігін сатуға құқылы. Тіпті дипломын салып қойып, басқа салада жүргендері де бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аймақ басшылығы жергілікті бюджет есебінен биыл 350 мектеп бітірушіні оқытуды жоспарлап отыр. Ал, өткен жылы осындай қолдауға 222 жас ие болған-ды. Міне, солардың арасында медицина мамандары көбірек қамтылғаны абзал. Оның үстіне, бірқатар жоғары оқу орындарындағы дәрістің төмендігі медициналық білім ошақтарына да тән.

Осындай жағдайда ақылы ем көрсететін орындар көбейді. Әрине, оларға да тиісті сертификат беріледі. Әйтсе де, жекеменшік нысандардың қитұрқы тірлігі жетерлік. Жұртшылықты дәрі бағасының жиі өзгеруі де мазалайды. Редакциямызға тұрақты хабарласатын зейнеткер Жарылған Сәрсен былтырғы қыркүйекте «Жақында «Тұрғын үй қалашығындағы» «Мұнайшы» стадионына қарсы дәріханаға бас сұқтым. «Мезим» дәрісі мен «Зығыр майын» сатып алдым. Олардың бағасы бір айда едәуір қымбаттапты. Осыған дейін сәйкесінше 560 және 967 теңгеден еді. Енді 660 және 1167 теңгеге көтеріліпті» деп реніш білдірген-ді. Содан бергі ахуал қандай? Жалпы, осы дәріханалар жұмысын реттеуге бола ма? Әлде оларды да тексеруге тыйым салынған ба?

Елбасы дәрі-дәрмек саудасына қатысты мәселеге орай «Бұл – бизнес қана емес, әр адамның саулығы, тұтас ұлттың саулығы» деген-ді. Демек, оның маңызы мемлекеттік тұрғыда көтеріліп отыр. Оның үстіне, Мемлекет басшысы фармацевтика саласындағы ілгерілеу болғанымен, оның өнімдері біраз үстеме бағамен сатылып жатқандығын да айтқан. Бұған өзара ауызжаласу, монополистік үстемдік, жең ұшынан жалғасу секілді бүгінде белең алған олқылықтар себеп. Мұндай алаңдарлық ахуал аймақта да кездесуі ықтимал.

Парламент пәрмені

Осы материал жазылып жатқанда Парламент Мәжілісі дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтарын бұқараға қолжетімді ету жөніндегі заңдылықтар жобасын мақұлдады. Демек, олардың шекті бағалары белгіленбек. Сайып келгенде, бұл – Елбасының да тапсырмасы. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі айтып отырғанындай, дәріханалардың әрқайсысында дәрілердің бағасы түрліше. Кейде екі есе айырмашылық аңғарылып жатады.

Әйтсе де, шекті баға енгізілуі қазір арзандау дәрілердің кенет қымбаттап кетуіне соқтырмай ма? Денсаулық сақтау министрлігі мамандары бұл ретте өзге елдердің тәжірибесі басшылыққа алынатынын айтады. Көпшіліктің қорқынышы да сол. Аттылыға жаяу ілесер ме? Дамыған мемлекеттердің жан басына шаққандағы табысы бізбен салыстыруға келер ме? Оның үстіне, министрдің түсіндіргеніндей, қазіргі қымбат дәрілерге азырақ, арзандауына көбірек қосымша болатын тәрізді. Сонда бүгінде зейнеткерлер мен мүгедек жандар жиі тұтынатын қолжетімді дәрілер құны күрт көтеріліп кетуі әбден ықтимал. Шекті бағаның өзі олардың қалтасына қосымша салмақ салары сөзсіз. Ендеше, бүгін жағымды жаңалық ретінде ұсынылып отырған жайдың қаншалықты жақсылығын уақытында көрерміз.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, халықтың ренішін туғызатын жай – дәрі-дәрмекті сатып алу жүйесінің тиімсіздігі және онымен қамтудың жария еместігі. Демек, лауазым иесі жең ұшынан жалғасушылықты жоққа шығармайды. Елбасы ұлт саулығына селқос қарауға болмайтынын айтып отырса, қызмет бабын осылай теріс пайдаланушыларға кешірім жасаймыз ба?

Үкімет отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысынан хабардар еткен министр республиканың 11 аймағында 2016-2017 жылдарға арналған жалпы құны 4-3 млрд. теңгенің дәрісі пайдаланылмай қалғандығын айтты. Бұл нені көрсетеді? Халықтың саулығы жақсарып, енді ешкім ауырмайтын болған ба? Әлбетте, олай емес. Мұның, менің ойымша, екі себебі бар.

Алдымен, әр аймақ тапсырыс берерде өзінің ерекшелігін ескергені жөн. Мәселен, мұнайлы Атырау мен шырайлы Шымкент тұрғындарының дерті де бөлек. Экологиясы ауыр аймақ үшін қажетті дәрі-дәрмек тіпті бөлек. Сол сұраныс сарапталуы тиіс. Әйтпесе, дертіне дауа болмайтын нәрсені кім алады? Одан әрі, дәріні көбірек қажет ететін қарттар мен мүгедектердің соны алатын ақшасы болмаса ше? Қазіргідей қымбатшылықта күнкөрісі төмен жандардың саулығын ойлауға шамасы жетпесе ше? Міне, қоғамның басты проблемасы, өмірдің ащы шындығы осы. Оның үстіне, қолдағыны талан-таражға салып, тамыр-танысқа таратып жатса, асқынған ахуал, әрине, сауықпайды.

P.S. Сонымен, түйіндеп айтқанда, халықтың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы жөнінде басталған әңгіме денсауық сақтау саласындағы өзге де проблемаларды қамтып өтті. Медицина мекемелерінің жең ұшынан жалғасып, тегін нәрсені ақшаға сатып жүргендігі белгілі болды. Мұны министрлік те, құзырлы орындар да жоққа шығармайды. Демек, кінәлілерді қолға түсіріп, қатаң жазаға тарту керек. Адам саулығын саудаға салуға ешкімнің құқығы жоқ.

 

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button