СІЗ ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫП ЖҮРСІЗ БЕ?
— Бұрында, — деді АлуаӘділбек—қызы, — ата-бабаларымыздың өмір сүру ортасы бөлек болатын. Далада мал бағып, табиғат аясында жүретін. Осыдан келіп құнарлы, майлы тағамдарды тұтынған. Ал, қазір өмір сүру ортамыз өзгерді. Энергия шығыны аз, сол себепті ішкен асымыз бойымызға жинала береді. Мұның соңы семіздікке апарып соғады. Оның зардабы орасан — жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабеті сияқты сырқаттар пайда болады. «Ата-бабамыз жеген ас» деп етті артық жеу дәрумендер жеткіліксізді-гіне әкеледі.
— Сонда қандай тағам тұтыну керек дейсіз?
— Айтпағым, күнделікті жасөспірімдерге 200 грамм, ересек адамдарға 400 грамға дейін жеміс-жидек, көкөніс тұтыну міндеттеледі. Көкөністердің қоректік қасиетінің күштілігі сонша, оларды үзбей жеген адам қатерлі ісік, қант диабеті ауруларына тосқауыл қойып, сергек жүреді. Мысалы, қызанақтың құрамында ликопен деген зат бар, салат жапырағында лютеин, орамжапырақта сульфорафан бар. Аталған заттардың қатерлі ісік ауруларының алдын алатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.
— Сонда көкөніске біржолата бет бұрып, ет жеуді қою керек дейсіз бе?
— Жоқ, ет жеу керек, бірақ мөлшерін білген жөн. Еттің құрамында ағзаға пайдалы темірмен қатар, түрлі амин қышқылдары бар, олар темірдің ағзаға сіңуін жақсарта түседі.
— Қазір жұрттың көбісі жұмысбасты. Гамбургер, чизбургер, пицца секілді тағамдармен түстеніп, газдалған тәтті сусындармен шөл басып жүре береді. Тіпті, аталған тез дайындалатын тағамдар да – балалардың сүйікті асы. Бұған не айтасыз?
— Бұл тағамдардың зияны шаш-етектен. Құрамында көмірсулар көп, тұз, азықтық қоспалар, хош иістендіргіш заттар қосылады. Калориясы жоғары. Оларды «Пепси-кола», «Кока-кола» секілді газдалған сусындармен ішу тікішектегі, жатырдағы қатерлі ісікті тудырады. Ми жүйесінің қабылдағыштық қасиетін төмендетеді. Сондықтан, бұл тағамдарды жиі тұтынудан мейлінше аулақ болған жөн.
— Халық арасында дұрыс тамақтану арқылы аурулардың алдын алуда қандай шараларға мән беріп отырсыздар?
— «Тиімді тамақтану» бағдарламасы бойынша облыс жұртшылығына салауатты тамақтанудың маңыздылығын түсіндіруде үгіт, ақпараттық-насихат жұмыстары кешенді жүргізілуде. Қосымша Қазақ тағамтану Академиясының (президенті Т.Шарманов) бастамасымен дұрыс тамақтанудың ұзақ мерзімді Мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Осыған орай республиканың 16 аймағында Ұлттық салауатты тамақтану бөлімдері ашылып, жұмыс жасауда. Аталған бөлім 2012 жылдан бері Атырау қаласында да қызмет атқаруда. Бұл жерде халықтың дұрыс тамақтануын, қоспасыз өнім тұтынуын қадағалап отырамыз. Тұрғындар арасында салауатты тамақтану мәселесі бойынша насихат жұмыстары және жастарға әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.