Жарнама
Медицина

«ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫНДА ШЫНАЙЫЛЫҚ БАСЫМ», – ДЕЙДІ ПРОФЕССОР ЖАСАН ЗЕКЕЙҰЛЫ

— Жасан Зекейұлы, сіз – тәуелсіздік жылдары елге оралған қандастарымыздың бірісіз. Атап айтар жай, елге Шығыс Тибет медицинасы тәжірибесін алып келген алғашқы адамсыз…
— Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізгенін естігенде бөркімізді аспанға ата қуанған қазақтың бірімін. Елге деген сағыныш, туған жерге деген ыстық сезім бізді Отанға қарай жетеледі. Егемен еліміздің ертеңі, жарқын болашағы жолында өз үлесімізді қосайық деген мақсатпен 1994 жылдың аяғында атақонысқа ат басын бұрып, алғашқы лекпен елге қадам басқандардың бірі болдық. Көп кешікпей-ақ медицина саласын дамытуды қолға алып, шығыс медицинасын ғылыми тұрғыда дәлелдеу ісіне кірістім.
— Шыны керек, шығыс медицинасына деген халық сұранысы жоғары болғанына қарамастан, ол әлі күнге дейін ресми түрде мойындалмай келеді. Бұл – бүгінгі күннің көрінісі. Ал, сол жылдары тіптен қиын болғаны айтпаса да белгілі. Сондықтан, сіз үшін алғашқысында ең үлкен қиындық неде болды?
— Оныңыз рас, бұл – үлкен мәселе. Себебі, дамыған елдерде медицинаның бұл саласы арнайы ғылым ретінде қаралып, жоғары оқуды бітірген маман шығыс медицинасы бойынша емдеу ісін жүргізуші деген құжат ала алады. Ал, біздегі мәселе саладағы кеңестік жүйе қалыптастырған соқпақтан шыға алмай келе жатқанымызды білдіреді. Елбасымыздың өзі бір сөзінде «адам өміріне қажетті медицина саласы тәсілдерінің жаттығы жоқ. Озық технология, әлемдік жетістіктерден үйренуіміз керек» деген болатын.
Сол шақта медицина саласының түгелдей орыс тілді болуы ең үлкен кедергі болды. Осы себептен де орысша тіл үйреніп, С.Асфендияров атындағы медицина университетінің аспирантурасына оқуға түсуіме тура келді. Шығыс медицинасын шаманизммен шатастырып немесе кемшін қалған сала ретінде қалыптасқан көзқарасты өзгерту үшін көп ізденуге, мол тер төгуге тура келді. Аспирантурадағы оқумен қатар, Алматыдағы №12 орталық клиникалық ауруханада қызмет атқара жүріп, ғылымнан қол үзбеуімнің нәтижесінде «Аурулардың алдын алу не асқынған жағдайда шығыс медицинасының көмегімен ем көрсету» деген тақырыпта алғаш рет қазақ тілінде диссертация қорғадым.
— Ал, бүгінгідей зор сұранысқа ие болған «Жас-ай» орталығын ашу туралы ой қашан туындады?
— Алғашқысында осы ем түрін жоғарыда айтқан емхана көлемінде жүргізе бастадық. Оның үлкен сұранысқа ие болып жатқанын көрген соң, ақылдаса келе, 2004 жылы төрт қызметкері бар жаңа орталық аштым. Ал, бүгінде біздің мекемеде сексенге жуық адам қызмет етеді, оның ішінде үшеуі – мүгедек жандар. Емделушілер қатарында республика көлеміндегі адамдармен қатар, алыс-жақын шет елден келгендер де бар. Ресей, Белоруссияны айтпағанда, Түркия, Германия, Австриядан келіп, ем алғандар да бар. Осы тұста айта кеткенім жөн, бізге негізінен ауруы әбден асқынып, соңғы үмітім сіздерде деген адамдар келеді. Ұзақ жыл бойы төсек тартып қалған 500-ге жуық адамның сауабын алып, аяғына тұрғыздық. Бала көтере алмай жүрген аналарға жасаған еміміздің арқасында 600-дей нәресте өмірге келді. Жүре алмайтын, ДЦП сырқатына шалдыққан бірнеше балаға ем жүргіздік. Бұл тұстағы тағы бір айтпай кетуге болмайтын мәселе, балаларға екпе жасау ісінен зардап шеккендер көптеп кездеседі. Қызуы көтеріліп отырған не кез-келген ағзасында ауытқушылығы бар балаға екпе жасауға болмайтын жағдайда салынған екпенің салдарынан кемтар, сал болып қалған балалардың бар екені өкінішті-ақ.
— Осы ретте айта кетсеңіз, сіздердің емдеріңіз қаншалықты қолжетімді деңгейде? Себебі, қолдың қысқалығына байланысты ауруы жанына батса да, баруға мүмкіндігі жоқ жандар бар екені белгілі ғой…
— Рас айтасыз. Біздің алдымызға келетін адамдардың ауруының сан алуандығы секілді әлеуметтік деңгейлері де әртүрлі. Сіз атап өткен топқа жататын жандардың жағдайларын арнайы құрылған кеңес мүшелері талқыға салады. Қажет деп тапқан жағдайда, квота бөліп, ем жүргіземіз. Осы уақытқа дейін осындай топтағы жеті мыңдай адамға көмек қолын создық. Ал, бағасының қолжетімділігі жөнінде сенімді түрде «иә» деп айта аламын. Себебі, барлық лайықты жағдай жасалған, үш мезгіл тағамы қарастырылған бір күндік төлемақы мөлшері 4 мың теңгені құрайды.
— Дәрігер — бүгінгі күні жетіспей тұрған маманның бірі. Сіздің ойыңызша, бұл олқылықтың себебі неде?
— Таяуда осы салаға қатысты жиында белгілі болғанындай, біздің елімізге сегіз мыңға жуық дәрігер қажет. Ақ халат киіп, адам емдеу – үлкен жауапкершілік пен үлкен жүректі қажет ететін мамандық. Менің ойымша, салаға келем деген адамның дайындығы, білімімен қатар, психологиясын да толыққанды зерттеген жөн. Адам жанына шын жанашыр болатын, еліне деген сезімі бар адамнан міндетті түрде жақсы дәрігер шығады. Мәселен, көршілес Қытайда білімді жастарды медицина саласына оқытады. Ал, шет елде осы саланың мамандарын тегін оқыту жүйесі қалыптасқан. Осы мәселені де мемлекеттік деңгейде қарастырған жөн. Өз кезегімде, мен бұл мәселенің бір шешімі ретінде белгілі оқу орындарында білім алатын жастар үшін онға тарта арнайы стипендия тағайындап отырмын.
— Ал, шығыс медицинасының шапанын жамылып, елді адастырып жүргендер бар екені де белгілі. Бұған тосқауыл болудың жолы қандай?
— Қытайда бұл бағыттағы арнайы сертификат жылына тек белгілі бір мөлшерде ғана беріледі. Еш қабілеті болмаса да ине саламын, адам емдеймін дегендер біздің елімізде сертификат алу үшін бір қоғамдастыққа мүше болады да, құжатты алудың жеңіл жолын қарастырады. Тіпті, ешқандай сәйкесті құжатсыз-ақ адам емдеп жүргендердің бар екені — бүгінгі күннің ащы шындығы. Сондықтан, халықтың көзі ашық болғаны жөн. Бұл жердегі тағы бір қиындық келтіретін мәселе – желілік маркетинг жүйесі бойынша неше түрлі қоспаларды сататын адамдардың көп болуы. Мемлекеттік деңгейде тосқауыл қойылмағандығына байланысты, бұл үрдіс елімізде кең қанат жайған. Үстінен көретін азын-аулақ ақшаға бола, ұсынып отырған өнімін өткізуді көксейтіндер – медицина, тағамтану саласына еш қатысы жоқ кез келген саланың адамдары. Ал, оны тұтынған адамдар ағзасындағы дәрумен қандай деңгейде болып тұрғанын білместен, оның көлемін арттырар болса, ауруға шалдығатынын білмейді. Яғни, артық дәрумен керісінше ағзаны улайды. Қазір осы тақырып кең талқыланып, желілік маркетингтің алдын алу жайы туралы шаралар алынғалы жатыр.
— Жалпы, шығыс медицинасы мен дәстүрлі қазақ емінің ұқсас тұстары көп деседі…
— Еуропа медицинасын тарихи уақытпен санамаласақ, жас сала деп атауға болады. Ал, шығыс медицинасының қолданыла бастағанына бірнеше ғасыр болды. Шығыс Тибет медицинасы мен қазақтың дәстүрлі медицинасы етене жақын. Бұл ретте Әбу-Сина, әл-Фараби, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбектерінің маңызы орасан. Оларды терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білуіміздің де мәні зор.
Ал, дәстүрлі ем-домымыз туралы айтсақ, сол кезде-ақ соқырішекке, баспаға ота жасалған. Ата-бабаларымыз қойшының таяғымен белі шойырылған адамның тізесін ұрған. Шығыс медицинасындағы кең қолданылатын табанды қыздыру әдісі де бізде болған. Аталарымыз қызыл кірпішті отқа қыздырып, бойындағы салқындықты алдырған. Ал, тілме арқылы қан алдыру ісі де ежелгі емдеу ісінде кең қолданылғанын бәріміз білеміз. Бұл – қан қысымы ауруын емдеудің бірден-бір жолы. Сондықтан, неге біз өз қанымызда, өз тегімізде бар медицинадан қашамыз? Оны өзгеге теліп, одан бас тартуымыз әсте дұрыс емес.
— Сіздің ине салумен қатар, тамыр ұстайтын да қасиетіңіз бар.
— Дұрыс емделу үшін – дұрыс диагноз қоя білу керек. Тамыр ұстау — маған дарыған ерекше қасиет деп білемін. Осынау әдіспен қойған диагнозымның дұрыстығын дәлелдеу мақсатында арнайы аппараттардың нәтижесімен салыстыратынымыз бар. Сол сәтте олардың жүз пайызға жуығы дәлме-дәл келеді. Десек те, қажет болған жағдайда арнайы құрылғылардың көмегіне жүгінемін.
— Дамыған елдерде, мәселен, АҚШ емханаларында науқастың сұранысы бойынша үй жануарларын алып келуге рұқсат етілген көрінеді. Бұл тәсіл арқылы науқастың жағдайы жақсарып, ағзасы тынышталады екен. Ал, Жапонияда дәстүрлі киім киіп, ән айту тәсілі медицинада кең қолданыста. Израильде арнайы дайындалған шарап арқылы емдеу қолға алынған. Сіздің ойыңызша, бұл ретте қазақша емдеу тәсіліне нендей жаңалық енгізуге болады?
— Жалпы, қазақтың ұлттық тағамдарының қай-қайсысы да – бірден-бір ауруға ем болатын дәруменнің қайнар көзі. Әсіресе, жылқы етінің шипалық қасиеті мол. Ол – таза жерді сүйеді, әрі таза тамақтарды ғана тұтынатын аса талғампаз жануар. Сондықтан, оның саумалы мен қымызы өте пайдалы. Сондай-ақ, ешкі сүті де – ана сүтімен теңестірілген, құнарлылығы жоғары тағам. Сиыр етінің де ағзаға қорек беретін қасиеті басым. Түйе сүті, шұбаттың да өкпе ауруынан айықтырар бірден-бір ем екені белгілі. Сондықтан, біздің орталықта емдеу курсынан өткен жандарға осындай қасиеттерін ескере отырып, шұбат, қымыз, саумал, сүт ішу жөнінде нұсқаулықтар жазып береміз.
— Сізді жұрт алтын ине салады дейді. Бұл тек теңеу ме, әлде шын сипаттама ма?
— Біз қолданатын иненің құрамында расында да алтын болады. Күнделікті екпелердің орны қалып, ауыртатыны белгілі. Ал, біздің инелер ауыртпайды, орны да қалмайды. Бір салғанда бірнешеуін саламыз. Оны арнайы тапсырыспен Қытайдан алдыртамыз.
— Республикалық «Жас-ай» журналын жарыққа шығару сынды істі қолға алғаныңызға да біраз уақыт болды. Өзі тапшы уақытыңыздың біраз бөлігін осы іске арнауыңызға не түрткі болды?
— Екі айда бір рет жарық көретін басылымды шығарудағы басты мақсатым — медицина саласына қатысты қазақ тіліндегі аз жарияланымның санын толтыру, халықтың сауатын ашу.
— Алыстан ат арытып келген кез келген адам сіздің қабылдауыңызда болуды қалайтын шығар…
— Белгілі тәртіп бойынша, науқастарды өзім қабылдаймын. Ал, емдеу ісін жүргізетін білікті мамандарымыз жеткілікті. Күніне бірнеше адамды қабылдаймыз. Ал, келген әр науқастың жағдайы тікелей өз бақылауымда болады.
— Сөз соңында айта кетсеңіз, медициналық орталықтың бөлімшелерін әр өңірде ашу, соның ішінде Атырауда ашу туралы жоспарларыңыз бар ма?
— Таяу уақытта Астанадан орталық ашу ісін қолға алып отырмыз. Ал, сіздің өңіріңіздегі ұлтжанды азаматтардың қолқа салуына орай, келесі кезекте Атырауда ашсақ деген жоспарымыз бар.
— Ісіңізге сәттілік тілейміз! Мағыналы әңгімеңіз үшін көп рахмет!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button