
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Құрманғазыға аялдады
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылына келіп тоқтады. Дәрігерлер 11 күн бойы облыс аудандарын аралап, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетеді. Поезд әрі қарай Исатай, Нарын, Аққыстау, Туманное, Жамансор, Мұқыр және Сағыз станцияларына сапарлайды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Пойызды қарсы алуға арналған салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен дәрігерлерге аудан халқы атынан ризашылығын білдірді.
-Бұл пойыз – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарына қолжетімді медициналық және құқықтық көмек көрсету мақсатында жолға шыққан игілікті жоба. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арқасында емханаға бара алмай жүрген ауыл тұрғындары сапалы медициналық тексерулер мен кеңес ала алады,-деді Қ.Бөлеков.
Пойызда 29 білікті дәрігер тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Олардың құрамында терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, оториноларинголог, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, рентгенолог, психолог және функционалды диагностика мамандары бар. Тұрғындар УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу), ЭКГ (электрокардиограмма), флюорография, гастрофиброскопия, қан талдауы және өзге де тексерістерден өте алады.
Дәрігерлер еліміз бойынша барлығы 123 елді мекенге аялдап, алты ай ішінде 90 мыңнан астам адамға көмек көрсетпек.
Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық ота да жасалады.
Пойыз заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда ақхалаттылардан бөлек заңгер мен медиаторлар да бар. Олар еңбек дауларын шешіп, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге, сот және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.
Айта кетейік, бұл жоба 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 764 мыңға жуық қазақстандық медициналық тексеруден өтті. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық комиссиямен бірлесіп іске асыруда.