«ROSTOK»-та сөйлеп жүр, талай елдің баласы
БҮГІНДЕ ӨҢІРДЕ АУТИЗМ ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП ОТЫР. ҚАЗІРДІҢ ӨЗІНДЕ ОБЛЫС БОЙЫНША 200-ДЕН АСТАМ АУТИЗМ ЖӘНЕ БАСҚА ДА МЕНТАЛЬДІ БҰЗУШЫЛЫҚТАРЫ БАР БАЛАЛАР ТІРКЕЛГЕН. МҰНДАЙ БАЛАЛАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕП, ЕҢ БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ АТА-АНАСЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУІ ҚАЖЕТ. МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ДА БҰҒАН ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛУЫ ӨТЕ ОРЫНДЫ. ӨЙТКЕНІ, ОЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ БҰРЫН-СОҢДЫ МҰНДАЙ МӘСЕЛЕМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛМЕГЕН АТА-АНАЛАРҒА ОҢАЙ СОҚПАСЫ АНЫҚ. ҚОҒАМ
ТАРАПЫНАН ДА ОЛАРҒА ҚОЛДАУ НЕҒҰРЛЫМ КӨБІРЕК БОЛСА, МӘСЕЛЕ СОҒҰРЛЫМ ТЕЗІРЕК ОҢ БАҒЫТҚА БҰРЫЛАР ЕДІ.
Қуантатыны, биыл 1 шілдеден бастап аутизм диагнозы бар балаларға шипажайда сауықтыру қызметі тегін болатыны айтылды. Бұл осы диагноз бекітілген балалардың ата-аналарының көңіліне қуаныш сыйлады. Ал, республика бойынша аутизм диганозымен жұмыс істейтін АВА терапевт мамандар аз. Тіпті елдегі халықаралық дәрежедегі мамандарды саусақпен санап алуға болады екен.
«БАЛАҢ СӨЙЛЕЙ МЕ?..»
Осы секілді олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бес жыл бұрын Атырауда түрлі даму ерекшелігі бар балаларға арналған «ROSTOK» ABA орталығының филиалы ашылған болатын. Орталық аутизм, даун синдромы, сал, басқа да ауруларға шалдыққан балаларды оңалтуға арналған. Алматы қаласында орналасқан бас кеңсенің филиалы ретінде ашылған орталық балалар арасында сөйлеу қабілеті мен психикалық-психологиялық дамуы бұзылған балаларды оңалту бағытында жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыстармен білікті дефектолог, логопед, психолог, АВА-терапевттер айналысады. Сондай-ақ оңалту бағдарламасына жылқы терапиясы секілді оңалту шаралары енгізілген. Мұндағы түрлі ойын және топтық жаттығулар кешенінің де септігі мол.
Орталық аутизм диагнозы бар балалардың отбасыларына ерекше балаларды дамыту мен тәрбиелеу мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Бұл туралы орталықтың бес жылдығы аясында ұйымдастырылған басқосуда сегіз жасар қыз баланың анасынан білген едік. Төрт жылдан бері орталыққа күн сайын бір сағатқа келіп, мамандардың көмегіне жүгініп жүрген Динара Көбенованы орталықта көрсетілген процедураның нәтижесі көңіл қуантады.
– Қаладағы балабақшалардың біріне барып жүргенімізде осы орталыққа баласын әкеліп жүрген анамен сөйлестім. Ол үш айда баласының сөйлей бастағанын, маған да осы жерге барып көруге кеңес берді. Айтқанындай, алғаш келген айда-ақ бір сөз, келесі айда тағы бір сөз қосып сөйлей бастады. Алты айда алты сөз сөйледі. Бір жылда сөйлем құрап, екінші-үшінші жылы түсінігі қалыптаса бастады. Ал, төртінші жылы қалыпты балаға айналды. Әрине, көп шыдам қажет болды. Дәрігерлер «психикалық дамудың тежелуі» деген диагноз қойған еді. Ең
алғаш «ана», «әке» деп тілі шыққанмен, артынша дамуында тежеліс бары байқалды. «Есікті аш», «Жарықты сөндір» деген сөздерді естімегендей кейіп танытатын, мұның тегін емес екенін сезіп, қолға ала бастадық. Балабақшамен қатар орталыққа күн сайын белгілі бір уақыт, тек бір сағатқа қалдырмай әкеліп жүрдік. Өз басым қызымды дер кезінде емес, кешігіп әкелдім деп ойлаймын. Негізі екі жас жарымда әкелген құпталады екен. Өйткені, мамандар баланың миы төрт жасқа дейін дамып кететінін айтады. Дегенмен мамандар оңалтуды бастап кетті.
Күнде үзбей келгеннің нәтижесінде қызымыз бүгінде қалыпты сыныпта білім алады. Мектепке дейінгі даярлық сыныбын бес жастан алтыға, алты жастан жетіге дейін екі жыл қатарынан оқыды. Қазір екінші сыныпта оқиды. Орталықтың көмегі орасан зор болды, — дейді Динара.
Ол өз басындағы жағдайды жүрген ортасында, таныстарының арасында айтып жүреді екен. Негізі ата-анаға қай орталыққа барса да көп шыдам қажет, сол үшін орталықпен қатар, үйде де баланы оңалтумен айналысу керек. Үйге келген соң да баламен жұмыс істеген Динара Көбенова орталықтың әу бастан ұнағанын айтады. Мүмкіндігі бар адамға төлемақысы да қолжетімді. Әуелі қызын мектепке апарғанда сынып жетекшісіне балдырғанның жағдайы туралы ашып айтпай, сырттай бақылап көрейін деп шешіпті.
– Үш жастан асқан балалар ақпаратты жай қабылдайды. Әдетте, бірінші сыныптағы бала минутына елу сөз оқу керек болса, тілі жай шыққан балалар он бес-жиырма сөз оқиды. Сөйтіп сынып жетекшісінен қызым мен өзге балалардың сабақ үлгерімін салыстырып сұрап көретін болдым. Апайы қызымнан да төмен деңгейде оқитын балалар бар екенін айтты. Екінші сыныпқа көшкенде сабағы жақсарып, екпінді атанды. Әсіресе математикаға, логикаға қабілеті ерекше. Есепті өзі шығара береді, — деді ол.
Орталықтың оңалту шараларын алып жүрген балалардың алдыңғы легі мектеп табалдырығын аттап, олардың оң нәтижесін көзбен көрген ата-аналар осы орталық арқылы саулығын түзеп, қатардан қалмай білім алатындарына сенімі зор. Бастысы, әр ата-ана болашаққа үмітпен қарап, нақты нәтижеге жету үшін дәрігерлермен бірлесіп, балаға медициналық, психологиялық тұрғыда қолдау көрсету қажеттігі қатты сезіледі.
Бір өкініштісі мамандармен қатар, осы секілді орталықтар қалада саусақпен санарлықтай. Бүгінде Атыраудағы орталықта 30 балаға қызмет көрсетіледі.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТЫ ИГЕРГЕН ӘЖЕ
Орталықтың негізін қалаушы, мінез-құлық маманы Жанат Ахметованың бұл салаға келуіне отбасындағы жағдайдың түрткі болғанын жасырмады. Бұл оның қат мамандықты игеріп, елдегі бірегей маман болуына жол ашты.
– Немерем екі жасқа толғанда адамға тіке қарамай, атын атағанда көңіл аудармай, өзімен-өзі ойнап отыра беретін болды. Содан арнайы мамандарға көрсетуге жұмыстанғанымызбен, 2008 жылы Атырауда тиісті мамандар жоқ еді. Сөйтіп жүріп өзім израильдық ABA кеңесші-маманы Юля Ерцке хат жазып, жағдайымды айттым. Ол маған оқуға кеңес берді. Сосын арнайы курстарға қатысып, оқи жүріп, өзіме жаңа әлемнің есігін аштым. Оның алдында балаларды мектепке дайындайтын дамыту орталығын ашқан едік. Оған аутизм диагнозы қойылған балалар бірінен соң бірі жинала бастады. Бүгінгі таңда Алматы, Атырау қалаларында 70 шақты бала қызмет алады. 2015 жылы Атыраудағы филиалды ашуға Өмірләззат Өмірғалиқызы ұсыныс жасап, келісім-шарт жасастық.
Орталыққа келетін балалар көп, бірақ мамандар тапшы. Юля Ерцті елге шақырып, АВА терапиясы бойынша екі курс өткізді. Сол кезде COVID-19 індеті ушығып, курсты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал қашықтан оқыту курсын канадалық Зухра Камардың қатысуымен жүргізе бастадық. Былтыр мінез-құлық мамандарының қауымдастығын құрдық. Мамандығымыз әдеп нормасына сай, өзіміздің кодекс, этикетіміз бар. Өйткені, балаларды ұрып, жұлқуға, оларға дауыс көтеруге болмайды. АВА мамандығы адамгершілікке үндейді. Қазір мінез-құлық сарапшысы сұранысқа ие. Өкінішке қарай, мұндай мамандар жоқтың қасы. Оқу-ағарту министрлігінен университет қабырғасында курстар өткізуге келісім алдық. АВА мамандар бұрынғыдай емес, әр облыс орталықтарында бар. Дегенмен әлі де аз. Мамандар болғанның өзінде оларға тәжірибелі тәлімгерлердің болғаны жақсы. Егер тәлімгер болмаса жас маманға өте қиынға соғады. Ауызды құр шөппен сүртуге де болмас, қазір жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау аз емес. Әр қаладан ресурстық сыныптар ашылып, инклюзивті білім беруге көңіл бөлініп жатыр. Педагогтар мен психологтарды да оқытып жатыр, — деді Жанат Бойханқызы.
Алматы, Атырау қалаларында ғана жұмыс істейтін орталықтарда жергілікті кішкентай тұрғындармен қатар Өзбекстан, Ұлыбритания, Нидерланд, Америка елдерінің балдырғандары да оңалтудан өтіпті.
«ROSTOK» ABA орталығы Атырау филиалының директоры Өмірләззат Өтебаева – бүгінде мінез-құлық сарапшысы, Алматы, Атырау қалаларының тәлімгері. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар сарапшының айтуынша, ата-аналардың көпшілігі жөргек киген ерекше балаларды алты-жеті жасында әкеледі.
– Көбінесе үйде болған балалардың ата-аналары олардан сан мен әріпті айтуын сұрап, көп нәрсені талап етіп жатады. Ал, орталық әуелі дәретханаға бару, жуыну, қасықты ұстап, дұрыс тамақтану секілді қарапайым дағдыға үйретеді. Олар бір нәрсе сұраса да түсіндіре алмағандықтан жылап, есіріп жатады. Сондықтан басынан бастап қайта үйретеміз, — деді сарапшы.
Басқосудың мақсаты аутизм мәселесін қалың бұқараға кеңінен түсіндіріп, өзектілігін жеткізу болғандықтан орталыққа Ресейдің Екатеринбург қаласынан мінез-құлық сарапшы маманын шақыртыпты. Ресейлік маман Надежда Белоглазова аутизмнің не екенін, оның қоршаған ортадағы әлеуметтік дағдыларының тежелуіне тигізетін зияны туралы таныстырып, АВА ғылымы туралы сөз қозғады.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор