Жарнама
Медицина

Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде

Атырау қаласындағы №2 емханада репродуктивті денсаулық апталығы аясында ашық есік күні ұйымдастырылды. Мамырдың 12-17 аралығында өтетін шараның басты мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыру, отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

844565a9 c76f 4c56 bd17 736c3258b1dc

Іс-шараға Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Жалмурзина мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары Әлия Жанғалиева қатысты.
Ашық есік күнінің ашылуында сөз сөйлеген Зәмзагүл Жалмурзина әйелдер мен отбасылардың денсаулығы қоғамның тұрақтылығы мен дамуына тікелей әсер ететінін атап өтіп, репродуктивті денсаулықтың маңыздылығына тоқталды.

–Әйелдердің денсаулығы – қоғамның денсаулығы, ал отбасылық жағдай – мемлекеттің болашағы. Әр отбасының денсаулығына ерекше назар аударылу керек. Репродуктивті денсаулық мәселесі қоғамдағы маңызды тақырыптардың бірі. Әсіресе, әйелдер мен жас жұбайлар арасында дұрыс ақпараттандыру жұмыстары қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі күні көптеген жұптар жоспарсыз жүктілікпен немесе медициналық тексерулерден өтпей өмір сүріп жатыр. Бұл мәселелердің алдын алу үшін осындай ашық есік күндері өте маңызды, — деді З.Жалмурзина.

cea218b9 868c 49ad a391 f017ba8dfc2e

Іс-шара аясында емхана директорының ана мен бала жөніндегі орынбасары Айнұр Шманова «Жүктілікке дейінгі дайындық» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында жүктілікті жоспарлаудың маңыздылығы, ер-әйелдің ағзасын алдын ала тексеру, дұрыс тамақтану мен психологиялық дайындық туралы кеңінен айтылды.
Сонымен қатар Айнұр Иманова бала көтермей жүрген ерлі-зайыптыларға мынадай кеңес берді.

-15-49 жастағы қыз-келіншектерде репродуктивті уақыт болып есептеледі. Егер жұптар бала көтермей жүрсе, тек әйел адам емес, ер адам да дәрігерге қаралуы керек. Тамақтану, салауатты өмір салты – бәрі ұрпақ сүюге әсер етеді. Алайда ер адамдардың көбісі дәрігерге баруға құлықсыз, бұл мәселені кеңірек ақпараттандыру маңызды, — деді ол.

c09f2ffc f5aa 4207 9160 7fb460cb1900

Іс-шарада тұрғындарға жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, АИТВ-ның алдын алу, бала жоспарлау, қауіпсіз жүктілік пен ана болу туралы кеңестер берілді.
Репродуктивті денсаулық апталығы – бұл қоғам назарын отбасылық құндылықтарға, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға және ұрпақ тәрбиесіне бағыттайтын маңызды бастама. Ашық есік күніне келген тұрғындар өздерінің көкейіндегі сұрақтарға жауап алып, кәсіби мамандар — гинеколог-дәрігерлер Сәндігүл Құлниязова мен Айкүміс Қоржыновадан пайдалы кеңес алуға мүмкіндік алды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button