РЕФОРМАҒА САЙ БАЙЫПТЫ ІС КЕРЕК
Еліміздің әрбір азаматы денсаулығын сақтауға, кепілді тегін медициналық көмек алуға құқылы. Мұндай құқықты қарапайым халық тек мемлекеттік емханаларда ғана пайдалана алады. Бірақ, қазір мемлекеттік емдеу мекемелерінен толық тегін медициналық көмек алу мүмкін емес екендігі ешкімге де жасырын емес.
Қазақстанда медициналық мекемелердің 80 пайызға жуығы мемлекеттің қарамағында. Демек, халықтың емделуі, негізінен, мемлекеттің еншісінде деген сөз. Деректерге көз салсақ, жыл сайын мемлекет қазынасынан медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін қыруар қаржы бөлінеді екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, облыстық денсаулық сақтау саласына 2011 жылы 14 398,9 млн. теңге қаржы бөлінсе, 2015 жылғы қаржыландыру көлемі 22 474,3 млн. теңгені құраған. Демек, соңғы бес жылда аталған салаға бөлінген қаржының көлемі 1,6 есеге артқан.
Бұған қоса, соңғы жылдары аймақтың денсаулық сақтау саласында көптеген емдеу орындары салынып, қажетті құрылғылар сатып алынды. Облыстық онкологиялық диспансер мен облыстық балалар ауруханасы соңғы үлгідегі 64 тілімді томографпен, ал облыстық кардиологиялық орталық 128 тілімді томографпен жабдықталған. Бұған қоса, ауруды жоғары деңгейде анықтайтын эксперт класты аппараттар, ас қорыту ауруларын ерте анықтайтын қазіргі заманғы қондырғылар, биылғы жылдың өзінде қалалық жедел жәрдем станциясына 19 арнайы автокөлік сатып алынған. Байқап отырмыз, үкімет тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып отырған мүмкіндік көлемі қомақты. Осыған қарамастан аталған сала жұмыстарында әлі де олқылықтар аз емес.
Мемлекеттік емдеу мекемелерінің барлық шығынын қазынадан бөлінген қаражат өтейді. Жалақы, коммуналдық қызмет, құрал-жабдықтар мен өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар мемлекеттің мойнында. Сөйте тұра, емделушілер үшін ақылы қызмет түрлерінің болуына не себеп?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, «тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейтін медициналық зерттеулер жүргізілген жағдайда, пациенттердің жеке тілектері бойынша, емдік формулярға енгізілмеген емдік құралдармен емдегенде» деген сияқты бірнеше деректер келтірілген. Шынтуайтына келгенде, сырқаттардың қарапайым анализ тапсыруы үшін көбіне жеке емдеу орындарына жіберетіндігі, кейбір мамандардың болмауы себепті ақылы емханаларға баруға тура келетіндігі де рас.
Жеке клиникалар мен медициналық орталықтарға халықтың сұранысы жоғары. Мәліметтер бойынша, бір рет ақылы емделгендердің 90 пайызы қайтадан ақылы медициналық қызмет түріне жүгінеді екен. Жеке клиникалар мен медициналық орталықтарда қызмет ететін мамандардың жалақысы мемлекеттік емдеу мекемелеріндегі қызметкерлерге қарағанда жоғары. Сол себепті, соңғы уақытта мемлекеттік емханалардан жекеменшік медициналық орталықтарға кетіп жатқан тәжірибелі мамандардың қатары да көп.
Ең бастысы, бiлiктi мамандар жетіспейді. Атырау облысы бойынша 10 мың тұрғынға дәрігерлермен қамту көрсеткіші республикада 14 орын болса, дәрігерлердің жалпы санынан – соңғы орында. Облыс бойынша 144 дәрігер жетіспейді. Оның 67 пайызы – қалалық медициналық мекемелерге, 33 пайызы – ауылдық жерлерге!
Статистикалық мәліметтер бойынша, Атырау облысынан медициналық жоғары оқу орнына түсушілер саны өте аз. Бұған қоса, білікті мамандардың жоғары еңбекақы төлейтін жеке медициналық мекемелерге кету фактілері көптеп кездеседі. Дәрігерлердің жартысына жуығы – зейнет жасына жақындағандар.
Кейінгі жылдары облыстық бюджеттен сөз болып отырған сала мамандарын тұрақтандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. 2013-2014 жылдары аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс жасайтын 35 дәрігер мен 12 орта медицина қызметкеріне қызметтік пәтерлер берілген. Дәрігерлерді тұрақтандыру бағытында тұрғын үймен қамту жұмыстары аудандарда жақсы жүргізіліп жатыр. Атырау қаласында жұмыс жасап жүрген мамандарға 2016 жылы тапсырылатын 240 пәтерлік үйден пәтер бөлу жөнінде облыс әкіміне ұсыныс берілген.
Медицина саласындағы Ұлттық бірыңғай жүйенің негізгі принциптерінің бірі – бәсекелестікті жандандыру. Бұл жүйе науқасқа таңдау құқығын береді. Дәл бүгінгі таңда науқас адам жоспарлы түрде емделу үшін Қазақстан Республикасындағы кез келген медициналық ұйымды таңдай алады. Осы қағидатқа сүйенсек, таңдау еркі науқас адамның өзінде.
Өкінішке орай, «бұл таңдау еркі тек қағаз жүзінде ме» деп қалдық. Біз тілдескен ата-аналардың бірі «№2 емханада есепте тұрған немеремді «Алмагүл» шағынауданындағы емханаға ауыстыра алмай жүргеніме екі жыл болды. «Алмагүлдегі» учаскелік дәрігер есепке алудан үзілді-кесілді бас тартты. Үйге шақыруға бара алмайтындығын айтып, ат-тонын ала қашты» десе, тағы бір жас келіншек бала ауырғанда үйге шақырса, учаскелік дәрігердің келмейтіндігін ренішпен айта бастады. Ішінара болса да, осындай келеңсіз жайттардың кездесетініне тағы да куә болдық.
Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда «Кезексіз емхана» қағидасы бар. Сырқаттардың босқа келіп-кетулерін болдырмау, кезек күтушілікті азайту, уақыт үнемдеп, келушілерге қолайлы жағдай туғызу бағытында жасалған бұл жұмысты ілкіде халық жақсы қабылдады. Бұрынғыдай сарылып кезек күтіп отырмайсың, керекті маманға үйден телефон, интернет арқылы жазылуға болады.
Бірақ, кезексіз емхана дегеніміздің кезегі тіптен көп, әбігері мол болып шықты. Әсіресе, лор, окулист сияқты мамандарға бүгін қаралғыңыз келсе, тіркеу орнындағылар бір айсыз бос уақыты жоқ екендігін айтып қарап тұрады. Бір ай дегеніңіз – біршама уақыт. Жанға батқан ауру бұған төздірмесі анық. Талонның бітіп қалатындығы тағы бар. Амалсыздан жеке емханаларды жағалауға тура келеді.
Назар салып қараған адамға бірыңғай денсаулық сақтау жүйесіндегі реформа жанды істерге ғана жетелейді. Қаржы бар. Мемлекет халық денсаулығына айрықша маңыз беріп келеді. Басқа өңірлерді қайдам, біздің облысымыздағы ірі мұнай компаниялары соңғы үлгідегі медициналық аппараттар алып беріп, қолдан келген көмектерін аяп қалып жатқан жоқ. Әйтсе де, облыста медициналық қызметтердің сапасы әлі де талап үдесінен көрінбей отырғаны кім-кімге де жасырын емес.
Кейбір дәрігерлердің алдына барған науқасты қараудан гөрі, медбикесімен бірге компьютерге көбірек үңіліп, деректерді тіркеп, әуреге түсіп жататынын да көргенбіз. Себебі, айлық жалақылары осыған байланысты екен. Сонда науқас дәрігерге айлық жалақы жасап беру үшін бе, әлде ауруына ем іздеп бара ма?
Емханалардағы тіркеу орнындағы қызметкерлерден бастап немқұрайлылыққа, кіші медицина қызметкерлерінің адаммен сөйлесу мәдениетінің төмендігіне және науқасты әрі-бері жұмсауға әуестіктері де кездесіп қалатындықтарын ешкім жоққа шығара қоймас.
Бұл айтылып отырғандардың барлығы ащы болса да шындық. Біз көпке топырақ шашып, дәрігерлердің еңбектерін жоққа шығарудан аулақпыз. Аталған саланың қол жеткізген жетістіктерін, атқарған жұмыстарын ешкім де жоққа шығармайды. Біздің мақсатымыз – әлі де кездесіп отырған кемшіліктерді түзеп, шешімін күткен мәселелерді облыстық денсаулық сақтау басқармасының назарына беру.
Аманбек Жұмыров мырзаның бұл қызметке келгеніне көп бола қойған жоқ. Көпшілік жаңа басшыдан тың істер күтеді. Сондықтан, жұртшылықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселелерге жете көңіл бөлгенін қалаймыз.
Сапалы қызмет көрсетіп, адам өміріне арашашы болу, науқасқа жылы ниет білдіру – ақ халаттылардың төл міндеті. Демек, біліктілік пен жауапкершілік, адамгершілік пен кісілік қасиеттер астасқанда ғана берген емнің жанға дауа, дертке шипа болары сөзсіз.
Ағиба ҚАТЕШОВА.