Қазақстанда жыл сайын жаңа жабдықпен 30 мың онкологиялық ота жасалады
Қазақстанда жыл сайын химиотерапияда бейнеэндоскопиялық жабдықтарды пайдалану арқылы 30 мыңға жуық онкологиялық ота жасалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында мәлімдеді.
Аталған министрліктің сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде еліміздің онкология саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілуде. Мәселен, Семей қаласында алғаш рет радионуклидтік терапия енгізілген Ядролық медицина орталығы ашылды. Бұл орталық заманауи емдеу әдістерін қолдану арқылы науқастарға көмек көрсетуді жаңа деңгейге шығаруда.
Сонымен қатар, елімізде сүйек онкопатологиясы кезінде инновациялық 3-Д протездеу сәтті қолданылып келеді. Жыл сайын 12 мыңнан астам пациент сәулелік терапияның әртүрлі әдісін алады, оның ішінде томотерапия, стереотаксис, IMRT, IGRT әдістері бар.
–Қолға алынған жұмыстадың нәтижесінде биыл жеті айда қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 3,2%-ға төмендеді. Бұл онкологиялық аурулармен күресте қолданылған жаңа технологиялар мен емдеу әдістерінің тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ елімізде кардиология, нейрохирургия, травматология, ортопедия сияқты бірнеше сала бойынша пациенттерге медициналық оңалту жүргізіледі. Осы жылдан бастап қатерлі ісіктері бар пациенттерді оңалту бағдарламасы іске қосылды, — дейді А.Әлназарова.
Айта кету керек, былтыр 208 мың адам медициналық оңалтудан өтті, бұл жұмыстар халыққа қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқаруда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: cancercenter.edu.kz