
Қазақстанда «Онлайн медицина» пилоттық жобасы іске қосылды
Республика Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық және шалғай өңірлердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамту мақсатында «Онлайн медицина» пилоттық жобасын бастады. Жобаның басты мақсаты – мамандардың жетіспеушілігі мен қашықтығына байланысты туындайтын кедергілерді жою үшін телемедициналық технологияларды енгізу.
Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пилоттық жоба еліміздің сегіз өңірінде жүзеге асуда: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласы. Оған әртүрлі деңгейдегі 100 медициналық ұйым қатысып жатыр. Жобаны үйлестіруді Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы қолға алған.
Жоба арқылы ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырылып, консультациялар мен емдеуді күту мерзімі қысқартылады деп күтілуде. Сондай-ақ халықтың денсаулық көрсеткіштері жақсарып, тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметке тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Мамандардың айтуынша, «Онлайн медицина» денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңіне айналып, ауыл тұрғындарына аудан орталығына бармай-ақ білікті дәрігерлердің кеңесін алуына мүмкіндік береді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА