
Қанша балаға БЦЖ вакцинасы егілді?
Жыл басынан бері Атырау облысында туберкулездің алдын алу мақсатында барлығы 6 250 балаға БЦЖ вакцинасы егілді. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 94,1% құрайды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Перзентханаларда 993 бала вакцина алды. Бұл көрсеткіш 1 жасқа дейінгі сәбилердің 91,3%-ын қамтыды. Айта кетерлігі, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.
⁃ Аудандық деңгейде туберкулезге қарсы вакцинамен қамту көрсеткіштері бірқалыпты жоғары деңгейде сақталды. Атап айтқанда, Атырау қаласында қамтылу көрсеткіші 90,8%-ды құрап, вакцинадан кейінгі асқыну жағдайы тіркелмеді. Жылыой ауданында қамту деңгейі 92,5% болды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Индер, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы және Махамбет аудандарында 1 жасқа дейінгі балалардың вакцинамен қамтылуы 100% деңгейінде жүзеге асты. Ал Мақат ауданында бұл көрсеткіш 94,4%-ды құрады.
Учаскелер бойынша вакцина алғандар саны – 131 бала. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар – 113. Бұл жас тобы бойынша қамтылу деңгейі 50,4%-ды құрады. Вакцинадан кейінгі асқынулар бұл жолы да тіркелген жоқ.
Мамандардың айтуынша, облыс бойынша вакциналау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, барлық қауіпсіздік талаптары толық сақталған.