Жарнама
Медицина

“Педиатрия” мамандығының қайта енгізілуі – дұрыс шешім

Бүгінде ана мен бала денсаулығын сақтау – еліміздің әлеуметтік саясатындағы ең маңызды басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жүйелі өзгерістер мен реформалар нақты нәтиже беріп отыр. Соның ішінде “Педиатрия” мамандығының медициналық білім беру жүйесіне қайта енгізілуі – дер кезінде қабылданған және толық қолдауға лайық шешім.

Соңғы жылдары елімізде балалар арасында аурушаңдықтың, даму ерекшеліктері мен күрделі патологиялардың артуы – балалар дәрігерлеріне деген сұранысты күшейтті. Әсіресе ауылдық жерлер мен өңірлік деңгейде балаларға маманданған дәрігерлердің тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан да педиатрия бағыты бойынша резидентураның қайта ашылуы және 14 тапшы балалар мамандығына оқыту бағдарламаларының енгізілуі – сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.

Сонымен қатар, кадр даярлау ісін күшейту мақсатында қабылданып жатқан кешенді шаралар – атап айтқанда, симуляциялық орталықтар, қашықтан оқыту платформалары және өңірлік бөлініс бойынша түлектерді жұмысқа орналастыру – медициналық қызметтің кәсіби деңгейін арттырып, өңірлік теңсіздікті азайтуға ықпал етеді.

Мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендерге баратын жас мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беруі, олардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, ел ішіндегі медициналық қызмет сапасын теңестіруге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, педиатрия бағытының қайта енгізілуі – тек бір мамандықтың оралуы емес, бұл – еліміздің болашағы саналатын балалардың денсаулығына деген қамқорлықпен қарап, жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.

Гүлнафис ТАҢБАЕВА,
Атырау қалалық №7 емхананың директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button