
Өңірде папиллома вирусына қарсы екпе салынып жатыр
Вакцинация облыстағы медициналық мекемелерде 2024 жылдың 23 қыркүйек айынан бастап мектеп пен ата-ананың келісімі бойынша жүргізілуде. Бүгінге дейін 11-13 жас аралығындағы 2000-нан астам қызбала АПВ-ға қарсы екпе алды. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратова баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Адам папиллома вирусы – тері мен дененің түрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. АПВ-ның 200-ден астам түрі бар, оның 14 түрі қатерлі ісікті дамытатын жоғары қауіпке ие. Ішінде жиі кездесетіні — АПВ вирусының 16-шы, 18-ші типтері.
–АПВ шырышты тері немесе теріден теріге байланыс арқылы беріледі. Вирус ұзақ уақыт тырнақ астында сақталады, яғни, адамның инфекцияны тасымалдауы не өзіне жұқтыруы мүмкін. Жоғары қауіпті АПВ вирустары дүниежүзіндегі барлық қатерлі ісіктің шамамен 5,2% және жатыр мойны обырының 95%-дан астамына себепкер болады. Сонымен қатар ауыз жұтқыншағының, тік ішек, тері ісіктерін туындатуы мүмкін, — деді А.Аймұратова.
Онкогинеколог Жадыра Құдабаеваның мәліметінше, жатыр мойны обыры әлемде әйелдер арасында жиі кездесетін, таралуы бойынша 4-ші орынды алатын қатерлі ісіктің түрі.
–Жыл сайын әлем бойынша жатыр мойны обырына 604 мың адам шалдығады, оның 342 мыңы өліммен аяқталады. Ал елдегі статистикаға сәйкес бұл дерт әйелдер арасында жиі кездесетін, таралуы бойынша омырау безі ісігінен кейін 2-ші орынды алып тұр. Жатыр мойны обырына шалдығатындардың орта жасы 25-44 жас, — деді ол.
Сонымен қатар Алтынгүл Аймұратова вакцинациялаудың төмен деңгейде жүргізілуіне әлеуметтік желідегі теріс ақпараттардың таралуы себеп екенін айтты.
–Нақтыласақ, ата-аналар арасында вакцинаның бедеулікке әкелуі мүмкін деген қорқыныш бар. Бұл ақпаратты жалған деуге болады, себебі вакцинаның құрамында ешқандай тірі вирус жоқ. Өңірде осы екпені 2013 жылы пилотты түрде алғаш алған 2600 жасөспірімнің көбі бүгінде тұрмыс құрып, нәрестелі болды, — деді А.Аймұратова.