Медицина

Өмірді қалай ұзартуға болады?

Атырауда жыл сайын 8000 адам қан тапсырады. «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған 40-тан астам белсенді донор бар. Бұл туралы Дүниежүзілік донор күніне орай облыстық қан орталығында өткен шара кезінде айтылды.

– Атырау облыстық қан орталығы – бүгінде облыс көлемінде медициналық мекемелерді қан компонеттерімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мекеме. Күніне 80-ге жуық адам донорлыққа ниеттеніп келіп, оның ішінде жартысына жуығы қан тапсырады, — дейді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Самат Жолдыбаев.

Науқастардың аяққа тұрып кетуіне себепші болып жүрген жандардың бірі  атыраулық Самал Қызылов аталған шара барысында жерлестеріне қан тапсыруға кеңес беріп, сауапты іске белсене атсалысуға шақырды. 

­– Адамдардың көпшілігі қан тапсыруға ниетті болғанымен, инфекция жұқтырып алудан қорқады. Шындығында, бұл орталықтағы барлық құрылғылар арнайы талаптарға сай залалсыздандырылған. Сондай-ақ мұндағы қызметкерлер кез-келген адамнан қан ала бермейді. Алдыменен келушінің денсаулығын тексеріп, өміріне қауіптің бар-жоғын тексереді. Арнайы талаптарға сай келген жағдайда ғана донор бола алады, — дейді ол.

Аталған іс-шара барысында 70-тен астам адам келіп қан тапсыруға ниет білдіргенімен, олардың 46-сы ғана талапқа сай келіп, дәрігерлер олардан 24 литрден астам қан алды. Былтыр орталықта 16 мыңға жуық қан компоненті дайындалып, сұраныс бойынша емдеу мекемелеріне жіберілген.

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан өткізу арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Одан бөлек, мамандар ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар өз өмірін де 5-7 жылға ұзартатынын айтады.

Атап айтарлығы, 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден жоғары және денсаулығында ақауы жоқ кез-келген Қазақстан азаматы донор бола алады. Оның қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен болмауы керек. Әрі алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге әуестігінің болмағандығы маңызды. Бұл туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 165-бабында тайға таңба басқандай жазылған.

Жыл басынан бері орталыққа 4497 тұрғын донорлыққа ниет білдіріп, оның ішінде 3444 донор қан тапсырған. Қазіргі таңда орталықта қан қоры жеткілікті.

Донор болуға ниет білдірген жандар Атырау қаласы, Владимирский 1 а мекен-жайына таңертеңгі 08:30 бен 13:30 аралығында барып, қан тапсыра алады.

 Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button