
Облыстық аурухана – күрделі жөндеуде
Облыстық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігі талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан күрмеулі мәселелердің бірі болатын. Себебі, 1967 жылы пайдалануға берілген нысан әбден ескірген. 60 жылға жуық уақытта бірде-бір рет жөндеу көрмеген ғимарат іші адам шошырлық күйге жеткен. Қабырғалары сөгіліп, едендері шұрқ-тесік. Тіпті есік-терезесінен қыста жел кіріп, іші жылымайтынын айтып науқастар жиі шағымданатын. Көп тілегі қабыл болып, облыстық аурухананың 1998 және 2002 жылы пайдалануға берілген екі ғимараты күрделі жөндеуге жабылды.
Ал 1967 жылы бой көтерген ескі ғимаратта инсульттік орталық, травматология және нейрохирургия бөлімшелері жұмысын жалғастыра бермек. Қуаныштысы сол, облыстық аурухананың үш қабатты осы ғимараты бұзылып, орнына Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2026-2027 жылдары жаңа ғимарат салу жоспарланды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші мекеме – Атырау облыстық ауруханасы. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес, мердігер мекеме болып «КазЕвроСтрой» ЖШС анықталып, 2024 жылы 5 маусым күні келісім-шартқа қол қойылған. Күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны – 3 миллиард 616,8 миллион теңге. Былтыр жергілікті бюджеттен осы мақсатта 874,8 миллион теңге қаржы қаралыпты. Биыл қалған 2 742 миллион теңгесі қаралуы тиіс.
Облыстық аурухананың күрделі жөндеу жұмысына жобалық сметада қаралғандай, ғимараттың есік-терезесін, электр желілері мен су құбырларын ауыстыру, абаттандыру және ғимараттың қасбетін жаңғырту тәрізді жұмыстар кіреді.
Қазір аурухананың әкімшілік-басқару персоналы, ревматологиялық, гастро-гепатологиялық орталықтар мен гинекология, эндогематология, оториноларингология, урология және мейіргер ісі бөлімшелері Сарыөзек шағынауданындағы №2 Атырау облыстық ауруханасының модульдік корпусына толық көшірілген. Ал, қабылдау бөлімі, реанимация, операциялық блок, дәріхана мен зертхана бөлімін көшіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Еркеназ ҚАЛИЖАН