Мобильді қосымша – тиімді бастама
Бүгінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде Медициналық сақтандыру қорымен «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын мобильді қосымша іске қосылды. Бұл – Елбасы Жолдауындағы ақпараттық жүйелерді дамыту арқылы үздік денсаулық сақтауды қалыптастыруда жасалған басты қадамдардың бірі.
Мобильді қосымша кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсететін еліміздегі ауруханалар мен емханалардың жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар пікірі негізінде клиникалардың рейтингісі жасалады. Бұл азаматтарға ең үздік деген ауруханалар мен емханаларды таңдауда тиімді.
Мобильдік қосымша арқылы дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген медициналық қызметтің сапасы, медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі мен дұрыстығы, басқа да өлшемдер есепке алынады. Азаматтар медицина ұйымы туралы пікірін еркін түрде жазып та қалдырады.
Аталған қосымшаны iOS және Android платформаларындағы телефондарға көшіріп, жұмыс жасай беруге болады.
Осылайша, қосымшада халық тарапынан берілген баға барлық медицина мекемелерінің қызмет сапасын жақсартуға ынталандырады. Ал, Медициналық сақтандыру қоры осы қосымша арқылы серіктес ұйымдардағы медициналық қызмет сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жөнінде қосымша мәлімет алып отырады.
Тағы бір жайт, Медициналық сақтандыру қорымен елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдерін тексеруге мүмкіндік беретін мемлекеттік қызмет түрі енгізіледі, емханаға тіркеу тәртіптемесі де жетілдіріледі.
Яғни, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу барысы мен төленген жарналар туралы мәліметке Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қол жеткізеді. Мысалы, қазір бұл ақпаратты egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтай алады.
Бүгінде мұның қолданысы аса ыңғайлы еместігі жиі айтылуда. Ал, бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы деректі, сондай-ақ, МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын сол жерден алады.
Екінші, Жетілдірілген тіркеу қызметі келер жылдың үшінші, төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде қазақстандықтар емханаға ХҚКО арқылы тіркеліп, қай жерде тіркелгені туралы мәліметті сол орталықтардан біледі.
Қазіргі таңда бұл қызметтер онлайн режимінде – egov.kz порталы арқылы, оффлайн режимінде емханаларда көрсетіледі.
Байтолла ҒАЗИЗОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Атырау облысы бойынша филиалының директоры.