Жарнама
Медицина

ӨМІР ЗАҢДЫЛЫҒЫ

МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСАНУ КӨБЕЮДЕ
Алдымен, аталмыш саладағы жалпы ахуалды білмек болып, бас дәрігердің бөлмесіне бас сұқтық. 2007 жылдан бастап жарты келі салмақпен туған шарананың толыққанды дамуы үшін күту жұмыстары жолға қойылған. Бұл ретте облыстық перзентхананың мүмкіншілігі мол, қажетті қондырғылармен жасақталып, тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылған. Бас дәрігер Ұлжан Хасанованың айтуынша, соңғы уақытта мерзімінен бұрын босану оқиғалары жиілеп кеткен. Бұрын тек 7 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 12 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, бес-алты келі салмақпен туылатын сәбилер саны да аз емес көрінеді.
«Аурухана облыстың барлық аймағын қамтитын болғандықтан, денсаулығында ақауы бар болашақ аналар не сырқаты бар сәбилерді аудандардан арнайы алдыртамыз. Ал, одан да жоғары арнайы мамандандырылған көмек қажет болған жағдайда, республикалық санавиация арқылы Астанаға жібереміз. Шыны керек, қазіргі таңда әйелдердің денсаулығы төмен. Жүкті аналар бір өзі үшін емес, ішіндегі шаранасы үшін де жауапты екенін ескерместен, күтіну, жоспарлы босану деген қағидаттарды білмейді. Алдын ала ауруханада жатып, арнайы ем алған болса, мәселенің басқаша бағыт алуына әсер ете алар едік» дейді Ұлжан Ахметқызы.

«БІЗ ӘЖЕЙГЕ ДЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІК»
Перзентханада босанушы әйелдердің жас ерекшеліктері әр алуан. Мәселен, 16 жасында ана атанған да, 47 жасында алғашқы сәбиін өмірге әкелгендер де бар. Ал, соңғы кезде көп айтылып жүрген кесір тілігінің саны аз. Перзентхана дәрігерлері медициналық көрсеткіштерге сай кезде ғана бұл әдіске жүгінеді. Әйтпесе, табиғи босанғанға не жетсін!
Қоғамның айықпас дертіне айналған «көкек аналар» жайынан да асып кете алмай, сауал жолдадық. Білгеніміздей, биылғы жылы баласынан бас тарту оқиғасы бір рет тіркеліп отыр. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы болғандықтан, анасы бөбегін асырай алмайтындығын айтып, перзентханаға тастап кеткен.
Соңғы уақытта серіктес арқылы босану сәнге айналған. Шын мәнінде. Себебі, толғақ қысқан анаға қолайлы жағдай жасап, қасынан табылудың орнына, көп ретте жасы егде тартқан жандар, тіпті әжелер де келетін көрінеді. «Босанушыға ана адамды алып кел, мына адамды алып келме деп айтуға құқымыз жоқ. Алайда, халық арасында серіктес ретінде босануға қатысуға байланысты дұрыс түсінік әлі де қалыптаспаған. Тіпті, біздің тәжірибемізде босанушымен қатар, серіктес ретінде келген әжейге де көмек көрсеткен күндеріміз болды» дейді бас дәрігер.
Қызығушылық танытып, сәбилердің тәуліктің қай мезгілінде көп туылатынын да сұрадық. Алайда, ана мен бала өмірі үшін айқасқа түсіп, кейде күн мен түнді ауыстырып алатын ақ халатты абзал жандар бұл жөнінде нақты есеп-қисап жүргізбейді екен. Әр кезде әртүрлі болатынын айта келіп, күніне орта есеппен 22-23 сәби дүниеге келетінін жеткізді. Айта кетелік, биылғы жылдың қаңтар айында 585, ақпан айында 523 сәби дүние есігін ашқан.

ӨМІРГЕ СӘБИ КЕЛДІ…
Барлық қажетті мағлұматқа қаныққан соң, бас медбике Гүлжан Рысаевамен бірге медициналық нысанды аралауды бастадық. Міне, қабылдау бөлімі. Күдігін үмітке жеңдіріп, перзентхана табалдырығын аттаған аналардың тағдыры осы жерде шешіледі. Кезекші акушер гинекологтер іштегі шарананың жай-күйін қадағалап, жалпы сынамаларды тапсырып, тиісті құжаттарды толтырған соң, ана не потология бөліміне не босандыру бөліміне жеткізіледі.
Орта жастағы келіншек толғақ қысқандықтан орындыққа да жөнді отыра алмай, кезекші дәрігердің сауалдарына жауап беруде. Ал, дәлізде әйелінің сырт киімін арқалаған ері сенделіп жүр.
Болашақ ананы босандыру залына апару туралы шешім қабылданды. Енді медбикелерді күту ғана қалды. «Санаулы сағаттардан соң бұл қиналыстың барлығы да артта қалып, сәби сүйген бақытты жанның бірі атанасыз» деген ішкі тілекпен, келесі бөлімге өттік.
Босандыру бөлімі. Мұндағы әйелдердің жан қиналысын көру – акушер-гинекологтер мен медбике, санитарлар үшін үйреншікті жағдай. Ал, мен үшін… Жалпы саны 11 палатаның шеткісіне бас сұқтық. Бір кісілік шағын бөлме қажеттілердің барлығымен жабдықталған. Салмағы аз не басқа да түрлі ақаулықпен туылған сәбиге қажетті инкубаторлар да, шарананың жүрегін тыңдайтын шетелдік қымбат аппарат та осы жерде тұр. Бөлме ішінде толғақ кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы нұсқаулықтар жазылған анықтама да бар. «Барынша үй жағдайындағыдай ахуал қалыптастырып, босанушыға мейлінше қолайлылық туғызу – біздің мақсатымыз» дейді Гүлжан Сахилқызы.
Келесі палатада жаңа ғана босанған ана бөбегін кеудесіне басқан күйінде ұйқылы-ояу күй кешуде. Жүзі шаршаңқы болса да, қуаныш табы сезіледі. Олардың шырқын бұзбай, шығып кетуге асықтық. Келесі бөлмелерде де осындай көрініс.
Кенет… палаталардың бірінен шыр еткен сәбидің дауысы анық естілді. Сәлден кейін дәрігер акушер сол бөлмеден шығып келе жатты. Бұл – жаңа ғана бір бөбек жарық өмірге қадам басып, отбасына бақыт сыйлады деген сөз. Медицинадағы соңғы жаңалықтың бірі – сәбиді туа сала анасының кеудесіне жатқызу. Есіме құрбым айтқан оқиға оралып, еріксіз күліп алдым. Ұлын кеудесіне салып, сыртынан қалың жамылғымен жауып тастаса, «тұншығып қалмасын» деп саңылау ашып қойыпты. Мұны көрген дәрігер «осы уақытқа дейін ішіңде жатқан бала тұншықпастан келді ғой» деп ұрса жөнеліпті. Құрбымның басындағыдай жағдайлардың орын алмауы үшін медбикелер босанған ананың жай-күйін жіті қадағалайды. Арнайы кестеге босанғанға дейінгі және кейінгі уақыттардағы барлық көрсеткіштерді енгізеді. Босанғаннан кейін екі сағат өткенде сәбидің салмағы мен бойы өлшеніп, денсаулығы тексеріледі. Биркасы толтырылып, ана мен бала бөліміне жіберіледі.
Босандыру бөлмелері орналасқан қабаттағы ұзын дәліздің бір шетінде ота жасау залы орналасқан. Сегіз орынға лайықталған бұл бөлім де қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Қуанарлығы сол, біз бас сұққан сәтте операция бөлімі бос тұрды.

МЕН БАҚЫТТЫМЫН!..
Табиғи босану нәтижесінде дүниеге келген сәби мен анасы жеткізілетін бөлімге кезек келді. Бөбектер анасының қасына, кішкене кереуетке жатқызылған. Бірі тәтті ұйқы құшағында болса, бірі анасының бал сүтін емуде. Біз жүздескен аналардың барлығы да қуанышты сәттерді басынан кешкендіктерін айтып, «Мен бақыттымын!» деген сөзді жеткізуге асықты. Біз де өз кезегімізде оларға денсаулық тілеп, ота нәтижесінде дүниеге келген және шала туған сәбилердің күтім бөліміне бет алдық.

АЛҒЫС СІЗДЕРГЕ, АҚ ХАЛАТТЫЛАР!
Алғашқы болып жолығысқан Құрманғазы ауданының Утера ауылынан келген Ұлболсын Құспанова болды. 17 жылдан кейін үшінші баласын босанып отырған 43 жастағы ана «Жасымның егде тартқандығына байланысты перзентханаға ерте әкеліп жатқызды. Дәрігерлер бір сәтте де қараусыз қалдырған емес. Жағдайымыз қазір жақсы. Қызымызға Жайна деп ат қойдық» дейді. «Әу баста бұл жаңалықты балаларым қалай қабылдар екен?» деген ой болды. Себебі, үлкен ұлым Ұлан – студент, екінші қызым Әсем – оныншы сынып оқушысы. Алайда, олар бұл жаңалыққа қатты қуанып, қазіргі таңда үйге тезірек оралуымызды тағатсыздана тосып жүр» деді бақытты ана. Осы палатада қатар жатқан Доссор поселкесінен келген келіншекті де сөзге тарттық. «Ауыр халде жеткізілгендердің бірімін. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Ана бақыты – балада. Екінші баламыз дүниеге келіп, қуанып жатырмыз. Көптен күткен ұлымызға Сағынбек деген есімді таңдадық. Алла жазса, тағы да бала сүю жоспарымызда бар» деді 36 жастағы ана. Біз де сәбилерге тыныш ұйқы мен бақытты балалық шақ тілеп, қош айтыстық.

P.S. Міне, перзентханада өткізген бір күніміз артта қалды. Есік алдында дуылдасқан бір топ қолдарына гүл алып, анасы мен сәбиін үйге алып кетуге дайындалуда. Перзентхана қызметкерінің есікті ашып, құндақтаулы сәбиді сыртқа алып шығуы мұң екен, шуылдасқан топ тіптен абыр-сабыр бола қалды. Бақыт деген осы болар, сірә!..
Ал, сыртқы қақпадан безілдей енген жедел жәрдем көлігі толғақ қысқан болашақ ананы қабылдау бөліміне жеткізуге асығып бара жатты. Өмірдің заңдылығы!..

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button