Жарнама
Медицина

МЕТАДОН ТЕРАПИЯСЫ – нашақорлықтан құтқаратын жол

Медицина саласында өзекті тақырып көп. Адам өміріне араша тұрумен қатар, түрлі жаман әдеттерге қарсы тұру да медицинаның маңдайына жазылған екен. Әлбетте, жаман әдет дегеніміздің бірі – адам баласының есірткіге үйірсек болуы. Иә, бұл – әлемге кең тараған індеттің бірі. Ауыр қасірет. Елімізде де айтулы дертке қарсы тұру, тосқауыл болу ісі жүйеге келтіріліп, нақты шаралар жүзеге асып келеді. Нашақорларды емдеп-сауықтыруда елімізде «Метадон терапиясы» 2010 жылдан пайдаланыла бастады. Алайда, алты жыл өтсе де айналасында дау-дамай тоқтамай тұрған терапияны даттаушылар да, жақтаушылар да көп. Түсіндіру жұмыстарын күшейтсе де, ел ішінде күдігі мен күмәні басым. Бірақ, сала мамандары «Метадон терапиясының» оң нәтиже беретініне сенімді.

Атаулы мәселеге байланысты Атырауда «Аман-саулық» қоғамдық қоры ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен және ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі республикалық орталықпен бірлесе отырып, «Орталық Азияның Еуразия қоры» халықаралық даму жөніндегі АҚШ Агенттігінің қолдауымен қоғамдық тыңдау өткізді. Жиынға облыс наркологтары мен қоғамдық ұйымдар, есірткіге тәуелді науқастардың ағайындары қатысты.

Терапия танымдары

Сонымен, отандық медицинада қолданылып жүрген «Метадонмен емделу» дегенді саралап көрейік. 1964 жылдан бері әлемде метадон есірткіге тәуелділіктен емдеу үшін қолданылады. Ол біздің елімізде БҰҰ-ның «Ғаламдық» ҚҚ-ның қаржыландыруымен 2008 жылдан бері пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағат Алтынбековтың айтуынша, метадон – синтетикалық дәрі. Алғашқыда Германияда метадонды ауырсынуды басатын дәрі ретінде қолданысқа енгізді. «Әр қабылдаушыға мөлшері белгіленген сұйықтық түрінде беріледі. Алдымен 30 мг мөлшер тағайындап, науқасты бақылаймыз. Сосын түрлі жағдайларды ескере отырып, мөлшерін көбейтеміз. Бағдарламаның мақсаты – науқасқа белгіленген мөлшерді уақыт өте азайтып, тәуелділікті жою. Қазір сұйықтық Шымкент қаласында өндіріле бастады», — дейді профессор.

— Емделуші метадон сұйықтығын бір ішіп көргеннен кейін героинді қабылдай алмайды. Күнде таңертең наркодиспансерлік орталықтың мамандары ғана береді. Сұйықтықты мөлшерден артық ішуге болмайды. Дәріні қабылдау мерзімі ай жарым, кейде үш айға да созылуы мүмкін. Өмір бойы да сол дәрімен жүретіндер бар. Бір рет ішу 122 теңге тұрады. Сонда бір айда 3722 теңгеге шығады, — дейді Ғаламдық есірткіге қарсы күрес қоры бойынша ұлттық үйлестіруші Татьяна Давлетгалиева.

ЖИТС-тің алдын алады

Статистикалық мәліметке сүйенсек, қазір еліміз бойынша ЖИТС жұқпасын жұқтырған 26690 жағдай тіркелген, оның ішінде 24427-сі – Қазақстан азаматы. Әлемде инесіз бір сәт те тұра алмайтын 14,9 млн. адам белгілі болыпты. Олардың басым бөлігі көпшілік жағдайда героинге тәуелді. Ал, 10 млн-нан астамы – дамушы елдерде. Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, соңғы бес жылда есірткіге тәуелділерді алғашқы есепке алу көрсеткіші әлдеқайда төмендеген. Бірақ, бұл елде нашақорлық жағдайы тұрақты деген сөз емес.

— Орта есеппен 111 мың азамат елімізде есірткі тұтынады. Оның басым бөлігі – жиырма мен қырық жастағы азаматтар. Ал, қоғамның ең белсенді мүшелері осындай дертке тап болып отырғанын ескерсек, еліміздің болашағына үлкен қауіп төніп тұр емес пе?! Қауіптің алдын алу үшін осы бастан әрекет етіп, жан-жақты күресуіміз керек. Бізге сырттан келер қауіп жоғары. Мәселен, Ауғанстан, Тәжікстан елдерінен тасымалданатын есірткі заттары Қазақстан арқылы Ресейге өтеді. Ресеймен қоян-қолтық араласып жатқан елміз. Осының барлығы біздің жастарымызға әсер етпей қоймайды, — дейді «Аман-саулық» қоғамдық қоры Бақыт Түменова.

Мамандардың айтуынша, «Метадон» – сұйықтық түріндегі дәрілік зат. Бір реттік инені бірнешеуі пайдаланған соң, нашақорлар жұқпалы дертке шалдыққан болып отыр. Соңғы жеті айдағы көрсеткіш бойынша 1500-ге жуық адам ЖИТС инфекциясын жұқтырған. Оның 33,6 пайызы есірткі тұтыну арқылы болса, 58 пайызы жыныстық жолмен жұққан. Ал, метадон сұйықтығы ең болмаса оларды осындай кеселдерден қорғауға септігін тигізеді екен.

Героинге қарағанда, метадон адамды есінен адастырмайды. Мәселен, азамат таңертең келіп наркологиялық диспансерден белгіленген мөлшердегі метадонды ішіп алып, жұмысына бара береді екен. Бұдан кейін есірткі іздеп әуреге түспейді. Қазір көпшілік бұл жобаны түсінбегендіктен қарсы пікір тудырған көрінеді. «Мәселен, есірткі тұтынған азамат оған тәуелді болып қалса, оны кейін қайтару өте үлкен күшті қажет етеді. Олар бірден тоқтай алмайды. Осыдан кейін АИТВ және гепатит ауруын жұқтырады. Ал, біздің мақсатымыз — осындай аурудың алдын алу. Метадон қабылдаған азамат біртіндеп есірткіге деген тәуелділіктен арылады, — дегенді алға тартады Бақыт Ниязбекқызы.

Атыраудағы ахуал қандай?

Бір ғана Атырау облысында 100 мың тұрғынға шаққанда эпидемиялық ЖИТС жұқпасын жұқтырғандар саны 23,8 пайызды құрайды. Облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын-алу орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнәр Омарова өз сөзінде «ағымдағы жылдың наурыз айында АИТВ жұқпасын жұқтырған ер адамдар – 51,6 пайыз, әйелдер арасындағы көрсеткіш 48,4 пайызды құрайды» деді. Қуантарлығы, жұқпа жұқтырған балалар тіркелмеген. Сондай-ақ, Исатай мен Махамбет ауданында есірткіге тәуелділік фактісі соңғы жылдары жойылған.

Облыстық наркологиялық диспансердің маманы Светлана Страмоусова: «Облыстық наркологиялық диспансерде есепте есірткіге тәуелді 780 адам бар. Оның ішінде 112-сі инъекциялық есірткі қолданатындар қатарында тізімде тұр. Олардың ағайын-туыстарына, кейбіреуінің өздеріне де «Метадон терапиясы» жайында түсінік жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысында бұл жолды таңдағандар – он пайыз ғана. Олардың қатарында он жылдан бері есірткі қолданып келгендері де бар. Мағынасыз тәуелділіктен шаршап-шалдыққан аурулар отбасына қосылғысы келеді. Сол үшін сұйықтықты ішіп емделуге келісімін беріп отыр», — дейді.


 

Р.S. «Дәуірдің дертіне айналған есірткімен күреске көп болып атсалысуымыз керек». Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова қоғамдық тыңдаудың қорытындысында осылай деді. Ол үшін есірткіге тәуелділіктен арылуға келісім бергендерге жергілікті бюджеттің қаржысы есебінен көмек көрсетілгелі отыр. Есірткі тұтынатын адам да – қоғамның бір мүшесі. Олардың ағайыны, туғандары бар. Бірі ағасының, бірі әкесінің, енді бірі апасының өз орталарына оралғанын қалайды. Бұрынғыдай жақсы өмір сүргендерін күнімен-түнімен тілейді.

Қазақта «удың бетін у қайтарады» деген сөз бар. Кезінде апиын пайдаланушыларды емдеу үшін морфий, морфий үшін – кокаин, кокаин үшін – героин пайдаланылса, енді героинге тәуелділіктен құтқару мақсатында синтетикалық есірткі – метадон ойлап шығарылған. Ендеше, бұл бастаманың нәтижесі оңынан болатынына сеніммен қарайық, ағайын!


 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button