Менингококк инфекциясынан қалай сақтануға болады?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі менингококк инфекциясының алдын алу және оның алғашқы белгілері жөніндегі жадынамаларды таратты.
Менингококк инфекциясы – ауруды белгісіз тасымалдаушы, назофарингит (мұрын мен жұтқаншақтың қабынуы), менингит (ми қабықтарының қабынуы) және менингококк сепсисі (қанның зарарлануы) секілді түрлі клиникалық белгілері бар жіті жұқпалы ауру.
Инфекцияның берілу жолы – ауалы-тамшылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде жұғады.
Белгілері: бастың қатты ауруы, шөлдеу, құсу, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бозару, тәбеттің төмендеуі, бөртпе, әлсіздік, арқа және аяқ-қолдардың ауруы.
Аурудың алдын алу үшін мынадай ережелерді сақтаған жөн:
— аурудың алғашқы белгілері (тамақтың қызаруы, дене қызуының көтерілуі, бастың қатты ауыруы, әлсіздік) пайда болған кезде дәрігерге көріну және басқа нұсқауларын орындау;
— түрлі мәдени-бұқаралық шараларға қатысуды, жүзу бассейндеріне баруды, ойын алаңдарына баруды шектеу, жеке тазалықты сақтау;
— ғимараттарды жиі желдетіп, күн сайын ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
— созылмалы инфекция ошақтары ЛОР ағзаларын тазалау;
— тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішу;
— тоңудан, ашығудан, ұйқының қанбауынан, күйзелістен аулақ болу.