Жарнама
Медицина

Медициналық қызметтің сапасы қашан жақсарады?

Атырау жұртының облыс медицинасы қызметінің сапасына көңілі толмайды. Осыдан екі жыл бұрынғы іссапарында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға баса мән беру керектігін атап айтып, саладағы мамандар біліктілігін арттыру, инфрақұрылым жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын. Алайда ақ халатты жандардан көмек күткен сырқаттардың «сау» қайтпайтын жағдайлары жиілеп барады.

…Тоғыз ай он күн құрсағында көтеріп, айы-күні енді толып, сәби сүйемін бе деген жас ананың дәрігердің көз алдында жантәсілім болуы немесе құлағы ауырып емханадан екпе салдырған орта жастағы әйелдің орта жолда демінің үзілуі, іші ауырып ауруханада ота жасалған 14 жасар жасөспірімнің біраз күннен соң ауруы асқынып көз жұмуы – өңірдегі денсаулық сақтау саласының сын көтермейтінінің айқын көрінісі емей немене?! Көпке жала жаппаймыз, десек те жанына шипа іздеген жандардың үмітін ақ желеңділер неге ақтай алмайды? Аяқтай жүрген адамдардың бұлай ажал құшуына кінәлі кімдер?

Бізді де, бұқараны да мазалайтын сауал көп. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегеннің түсіндірмесі осы болса керек. Әрине, уақыт өтіп, бұл қайғының да орны толар, бірақ оның тағы қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені өңірдегі денсаулық сақтау  саласы білікті маманға өте зәру.

Дәл қазіргі мәселеден маман тапшы деп те сытыла алмайтын секілдіміз. Себебі бұл – жылдарға созылып келе жатқан жауыр проблема. Оған жұртшылықтың еті де үйренген. Халықтың салаға деген сенімсіздігі азайғандықтан жағдайы тартатындары сырт жақтан, алды Анталия, Өзбекстан мен Үндістанда, арты көршілес Ақтөбе мен Астраханнан тұрақты ем алып жүр. Бұл ақша көптіктен емес, жан сақтаудың амалы. Ал шет елдерде емделуге жағдайы жетпей, халықтан көмек сұраған науқас балалардың санында шек жоқ…

Өткен жылдың соңындағы Атырау қалалық №1 емханасында жан тапсырған 51 жастағы әйелдің өлімін жұртшылық әлі ұмытқан жоқ. Айдың-күннің аманында ақ халаттылардан дертіне дауа іздей барған адамның ажал құшуы атыраулықтардың төбесінен жай түсіргендей болды. Түсінбейтін жайт, аты дардай емханада науқасқа екпе салмас бұрын алдын ала сынама неге жасалмаған? Бұл үй жағдайында емес, емханада, медицина қызметкерлерінің қолымен салынған екпе ғой.

Алайда мамандардың түсіндіруінше, аталған дәріге проба жасалмайды, көбінесе антибиотиктерге жасалатын көрінеді. Айта кетерлік жайт, анафилактикалық шок соңғы кездері жиі кездеспесе де 100 мың халық арасынан 50 жағдай тіркелген. Халықтың 4-5 пайызы анафилактикалық шокқа бейім. Өкініштісі сол, жылдан-жылға мұның да көрсеткіші өсіп барады. Тағы бір ескерерлігі, егер науқас антибиотикті осы айда алған болса алдағы екі айда қайталап алуына тура келген жағдайда міндетті түрде алдын ала проба жасатуы тиіс. Себебі дәрілер әртүрлі елден, түрлі өндірушіден келуде. Бізге тәжірибелі дәрігерлер осылай түсіндірді.

Иә, халықтың өз бетінше ем-дом алуы қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратынын дәрігерлер айтудан кенде емес, ал бұл әйелдің емханадағы екпеден ажал құшқанын қалай түсінеміз?.. Жергілікті жерде, тіпті, қарапайым медициналық қызметтер порталына салудың өзін оқсата алмай, науқас жандарды әуре-сарсаңға салып қоятын емханалардың барын да жасырып-бүркеуге болмас. Осындай келеңсіздікке үнемі тап болып жүрген атыраулық зейнеткер Атауолла Нығметов өзінің басынан өткен мән-жайды айтып берді.

– Жүрегіме ота жасалғанына оншақты жыл болды. Ота Астана қаласында жасалғандықтан сол жақтағы дәрігеріме жылына екі мәрте тексеріліп тұрамын. Ол үшін өзім тіркелген Еркінқала ауылындағы емханада барар алдында қан талдауларын тапсырып, жолдама алып, порталға салдырамын. Айтайын дегенім, үнемі мұндағы мамандардың салғырттығынан әбігерге түсемін. Ұзақ жол жүріп Астанаға барсам, әйтеуір бір құжатым дұрыс болмай шығады. Бұл жалғыз менің басымнан өткен жағдай емес, сырқаты бар жандардың көпшілігі осындай кедергілерге жиі ұшырап жатады, — деді ол.

Өз міндетіне салғырттықтан талай жанның жапа шегіп жүргені жасырын емес. Мәселен, денсаулық сақтау саласының ардагері Басаролла Харасовтың айтуынша, денсаулық жүйесінде жүргiзiліп жатқан реформалар науқасты арнайы протокол арқылы емдейді. Дәрігерге емдейтін дәрілердің атын, бағаларына дейін көрсетіп береді. Бір ғажабы, басқа дәрілерді беруге рұқсат жоқ. Мұның өзі дәрігерлердің клиникалық ойлау қабілетін төмендетері сөзсіз.

– Бес саусақ бірдей емес қой, бірен-саран болса да науқаспен сөйлесуге тiлi жетпейтiн, мiнезi қиындау, білімі төмен дәрігер де табылады. Сондықтан дайын протокол мұндай мамандардың жетілуіне, кәсіби дамуына тұсау салғанмен тең. Бүгінгі дәрігерлердің беделі, қоғамдағы орны, мәртебесі туралы айтар болсам, жасыратыны жоқ, бұл мәселе де көңіл көншітпейді. Мамандарды марапаттау, ынталандыру жүйесi жетiлмеген. Медицина саласы қызметкерлерінің өмірін қорғайтын, мәртебесін көтеретін заң жоқ, балағаттау, сабап кету, тіпті өлтiрiп кеткен жағдайды да білеміз. Сондықтан қызмет сапасын арттыру үшін алдымен дәрігерлердің мәртебесіне де мән беру керек. Десек те, әр адам әуелі өзінің саулығына салғырт қарамауы тиіс. Өкінішке орай, қазір адамдар ауырмаудың жолын іздеу керек екенін білгенімен, дәріханалардан антибиотиктерді рецептісіз алып, биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) өз бетінше қалағанынша пайдалана беретін болды. Мұндай жағдайда адам ағзасының қорғаныш қуаты нашарлап, аллергиялық сезімталдық күшейіп, дәрігердің емінің әсері төмендейтінін естен шығармаған жөн, — дейді сала ардагері.

Мемлекет тарапынан жыл сайын салаға қомақты қаржы құйылып, жалақысы көбейгенімен дәрігерлердің қызметтегі жауапкершілігі үлкен мәселеге айналып бара жатқаны шындық. Жалақы демекші, 2022 жылы елімізде дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңге болса, былтыр 561 мың теңгеге жеткен. Жыл сайын 20-30 пайызға жалақыға қоса, былтыр облыс дәрігерлерін баспанамен қамту бағытында тиімді пайызбен жаңа бағдарлама да қолға алынды. Бұл – жергілікті әкімдік пен «Отбасы банктің» ортақ жобасы.

– Медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша 2020-2023 жылдары әр жыл сайын дәрігерлердің еңбекақысы 30, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 пайызға өсірілді. Былтырғы III тоқсанда дәрігердің орташа жалақысы 643933 теңге, орташа медициналық қызметкерлер жалақысы 359951 теңге, басқа қызметкерлердің орташа жалақысы 213479 теңге болды, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Басқарманың мәліметінше, қазір облыстың медицина саласында жұмыс істейтін 1300 маманның ішіндегі 400-ге жуық дәрігердің әлі күнге дейін өз баспанасы жоқ екен. Тұрғын үй бағдарламасының шарты бойынша дәрігер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Атырау облысында жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде осы мақсатқа жергілікті бюджеттен «Отбасы банкіне» бөлінген 1 миллиард теңге кемінде 40-қа жуық отбасын баспанамен қамтуға жеткілікті. Бастапқы жарнасыз әрі несие мөлшерлемесі – 5 пайыз, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2 пайыз. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 миллион теңге.

Саланы дамытып, дәрігерлерді қолдауға бағытталған маңызды шаралар облыста мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, жергілікті мәслихат пен атқарушы биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылға жіберілген жас және шақыртылған маманның әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Ал былтырдан бастап оның да мөлшері көбейіпті. Қазір қаладағы емдеу-сауықтыру мекемесіне келген маманға 3, ал ауылдардағы медициналық мекемеге барғандарға 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаражат төленеді.

Түйін:

Дегенмен, бес саусақ бірдей емес. Арамызда дұрыс берілген ем-домның арқасында дертіне дауа тауып, құлан-таза айығып жатқан жандар да аз емес. Алайда соңғы уақытта орын алған оқиғалар мен дәрігерге деген әлеуметтік желілердегі түрлі жағымсыз пікірлер бұқара халықтың сенімі азайып, күмән-күдігін көбейткендей әсер қалдырады.

Әрине, халық айтса, қалт айтпайды. Ал, бізге өзгелер қателіктен сабақ алуы үшін ақиқатты айту парыз.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button