Медицина – «сынақ алаңына» айналған сала
*Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында оң істер жеткілікті. Бірақ таразы басын сала қызметі жөніндегі жағымсыз пікірлер де баса түседі. Соған қарамастан позитивке көбірек ден қойғанмен, күнделікті өмірдің ащы шындығы да көңілге кіреуке түсіре беретіні жасырын емес. Біреуге күйе жағатын мақсат жоқ, дейтұрғанмен ақиқаттың ауылын айналып өту әділдік болмас еді.
Жуырда Атырауға арнайы сапармен келген мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевпен кездесіп, медицина саласындағы қордаланған проблемалар хақында сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында Жақсылық Ақмырзаұлы қоғамдағы кейбір олқылықтарды ашық айтып, бұқараның санасын жаңғыртуы жайында пікірін білдірді.
Маман бар, рұқсат жоқ
– Жақсылық Ақмырзаұлы, елдің медицина саласына бір емес, екі мәрте басшылық еттіңіз. Сала потенциалының қандай екені Сізге бес саусақтай аян. Қазір бұқараның арасында айтылып жүрген әңгіме – саладағы маман тапшылығы жөнінде. Шынында да неге маман тапшы? Және бұл кеңес дәуірінен «мұра» болып қалған проблема ғой…
– Иә, кеңес дәуірінде де маман тапшы болғаны рас. Бірақ дәл қазіргідей мұқтаждық болған жоқ. Өйткені, ол кезде институтты бітірген соң әр студенттің баратын орны дайын тұратын. Мысалы, Ақтөбе мемлекеттік мединститутын бітірген түлекті батыс өңіріндегі облыстардың кез-келген елді мекеніне жолдамамен жіберуші еді.
Көбінесе институт түлегі мектеп бітірген облыстан жұмыс орны алдын ала жоспарланатын. Өйткені, зейнет жасына келгендердің орнына жас мамандар жаңадан ашылатын емдеу-сауықтыру мекемелеріне бөлініп, бесжылдықтың жоспарына енгізілетін. Қазір ондай жоспар жоқ.
– Неге?
– Дербестік алып, тәуелсіз мемлекет атанғалы оқу орындарына, ең сорақысы – бюджеттен бөлінген қажетті мамандарды дайындау өз алдына, медициналық оқу орындарына да ақылы түрде студент қабылдауға көшіп кеттік. Сөйте тұра, қолына дипломын алған жас маман өзіне жұмыс таба алмай, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп жатыр. Түсіндіңіз бе?!
Сондықтан, көптеген мамандар 90-жылдары және 2000-жылдардың ортасына дейін өзі қалаған медицина саласынан күнкөріс жасай алатын салаға ауысып кетті. Ал, оқу орнын аяқтаған жас маман инфрақұрылымы мен кәсіби құрал-жабдығы, тым болмаса күтіп отырған жас маманға дайындаған баспанасы жоқ, оған жанашырлық білдірген сала басшылығын көрмеген соң ауылдан қашып, қалада табылған жұмысқа орналасты. Осылайша әркім тұрмыстың тауқыметін тартқан соң дәрі-дәрмек сатуға кірісті, мүмкіндігі барлары жекеменшік клиникаларға жұмысқа тұрды.
2010 жылдың шамасында шыққан республика Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес бюджеттік оқу тобындағы студенттерді арнайы комиссия кемінде үш жыл ауылдық жердегі медицина мекемесінде жұмыс істеу үшін бөле бастады. Бірақ бұған жергілікті атқарушы органдар дайын емес еді.
Саладағы маман тапшылығының осындай ең басты түйінінің кесірінен ауылды былай қойғанда, аудан деңгейінде дәрігер тапшы. Тіпті, қаладағы емдеу-сауықтыру мекемелері де маманға мұқтаж.
Проблеманың екінші жағы да бар. Ана жылдары реформа жасаймыз деп асыра сілтеп жіберген секілдіміз. Әлемдегі дамыған елдердің тәсілін қолданамыз, солардың деңгейіне жетеміз деп жүргенде қолда бардан айырылып қалғанымыз шындық.
Ақырында, халық терапевт-дәрігерге бара алмай қалды. Оған бару үшін пациент түрлі талдаулар тапсырып, тағы басқа қажетсіз ресми процедуралармен жүргенде бір апта уақытын жоғалтады. Ал, эндокринолог, невропатолог сияқты салалық мамандарға қаралу үшін айлап күтуге мәжбүр. Емханадан шаруасы бітпеген халық ауруы асқынған соң шарасыз күйде ауруханаға түседі. Жүйедегі осындағы қателіктің кесірінен негізгі жүк стационарлық мекемелерге түсіп отырғанын мойындау керек.
Өзім жұмыс істейтін Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханада сусақ (қант диабеті) ауруына шалдыққандар санының көбейгені соншалық, күн сайын бір адамға ота жасап, аяғын кесіп тастап жатырмыз. Кеселді асқындыру себебін сұрасақ, «эндокринолог-дәрігерге қаралу үшін кезек күтіп екі ай уақыт өтті» деген жауап аламыз. Ал, Астана қаласының өзінде төрт-бес емханада бір эндокринолог науқас қабылдайды. Оны айтасыз, маманның жоқтығынан қазір соқырішек пен өтке тас жиналу сияқты аса қиын емес сырқат түрлерінің де асқынуы көбейген.
Осылайша дәрігерлерді «жарты құдай» жасап отырмыз. Шетел тәжірибесіне еліктеп, Қазақстан медицинасына енгізгенмен оны бірқалыпты әрі тұрақты жүйелеуді үйлестіре алмадық. «Асыра сілтеп жібердік» деуімнің сыры сонда!
Жаңадан тағайындалған республика Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осындай кемшіліктерді қалпына келтіруге жұмыстанып жатыр. Пациенттің емханадағы лор, терапевт, хирург тәрізді салалық дәрігерге бірден баратын жүйесін қайтара бастады.
Ал, үшінші мәселе – қолында дипломы бар жас маманның тікелей өз ісіне кірісе алмауында. Бұл да батыс елдеріне еліктеп-солықтаудан «жабысқан ауру». Кеңес дәуірінде мединституттың VII курсын бітірген, яғни интернатурадан өткен жас маманға кәсіби дәрігер ретінде дербес жауапкершілік жүктелуші еді. Бізді үшінші курстан бастап науқаспен тікелей жұмыс істеп үйретті, қазір медуниверситетті бітіргені жөнінде дипломын алған маманның науқас адамды емдеуге құқығы жоқ. Тек теориялық медицина бағытындағы зертханашы, статистикалық құжат алмасу тәрізді жұмыстарды істейді. Ал, адам емдеу үшін оған әлі кемінде үш жыл оқу керек, мұны резидентура дейді.
Сонда қараңыз, Қазақстан бойынша «Жалпы медицина» факультетіне жыл сайын 7,5 мың студент оқуға қабылданады екен. Ал, оқу орнын бітіргені 7 мың маман десек, соның 2,5 мыңына ғана резидентурада оқу үшін қазынадан қаражат бөлінетін көрінеді. Қалған 4,5 мың студентті 7 жыл бойы оқытқан қаржы желге ұшқанмен тең.
Ол да ештеңе емес, ақша адамнан артық емес қой. Бұл – жыл сайын қолында дипломы бар 4500 маман далада қалып отыр деген сөз!..
Ауыл мен ауданда дәрігер жетіспеушілігінің себебін енді түсіндіңіз бе?..
– Түсіндім…
Емдеу ісі рейтингпен өлшенбейді
Республиканың денсаулық сақтау саласын екі мәрте басқарған Жақсылық Досқалиев шетелдік жүйе мен тәжірибені енгізген соң оны жүзеге асыру үшін жыл сайын жеткілікті қаржы бөлінуі керектігін айтады. Қазір ондай мол қаражат болмағандықтан, кеңес дәуірінде кездеспеген мұндай проблемаға өз еркімізбен барып ұрынғандай тірлік кешіп отырған жай бар.
– Сонда мұның «құпиясы» неде?
– Еш құпиясы жоқ, бар болғаны – асыра сілтеу, шетелге еліктеу. Қазақша айтқанда «аттыға еріп, жаяудың таңы айырылыпты» дей ме?!
– Оны қайтадан орнына келтіруге болмай ма?
– Қазіргі министр сол үшін талаптанып, білек сыбана кірісіп жатыр. Әйтсе де, соңғы оншақты жылдан бері осы жүйе орнығып қалды. Себебі, біздегі салалық және жоғары оқу орындарының басшылары жоғарыдан келген нұсқауға өзіндік пікір білдірмейді, бас бостандығынан айырылған жандай бас изеп «қолдай» кетеді.
Егер министр осы олқылықты түзетіп, жүйені жолға қойса, біртіндеп барлығы да жақсарады.
– Өзіңіз де екі мәрте министр, бір рет Медициналық академияның ректоры болдыңыз…
– Ойыңызды түсіндім. Мен мұндай жүйені енгізген жоқпын және оған үзілді-кесілді қарсы тұрдым. Сол үшін талай рет сынға да ұшырадым. Тіпті біреулер «медицина саласының дамуына қарсы тұрды» деп маған күйе жағуға да әрекеттенді. Ал, сонда «алға жылжыған» түріміз осы ма?! Не болды?..
Бүкіл сала дайын болса ғана жаңа жүйе жасақтауға болады.
– Қазіргі дәрігерлердің біліксіздігі, кәсіби сауатының төмендігіне себеп осы ма сонда?
– Әрине, оның да кесірі тиген. Жаңа айттым ғой, жеті жыл оқыған студент тек теориялық біліммен ғана шектеледі екен. Науқастың қасына барып, жүрек қағысы мен өкпесін тыңдау дегенді ол білмейді. Тек маникен мен қуыршақтың айналасында жүріп, жеті жыл уақыты зая кетті. Ал, қуыршақ пен тірі ағзаның арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Тірі адаммен сөйлесуге болады, қуыршақтан техникалық әдіс-тәсілдер жасағаннан басқа не сұрай аласыз?!
Сондықтан, бізге тиімді іс-әрекет керек. Қазақстанның медицинасын тек цифрлық жүйемен, статистикамен басқару, адам емдеуді рейтинг көрсеткішімен бағалау мүмкін емес. Бастысы, нәтиже керек!..
– Өңірлердің ішінде Атырау облысының медицинасы салыстырмалы түрде алғанда құрал-жабдықпен толыққанды жабдықталған, барлық жағдай бар. Ол жағынан Астана, Алматы қалаларындағы емдеу-сауықтыру мекемелерінен кем емес. Бірақ маман жетіспейді, бұл неліктен?
– Құрал-жабдықты да, дәрі-дәрмекті де табуға болады, өйткені қаражат бар. Бірақ маман болмаса, оның құны көк тиын.
Меніңше, әуелі маманды дайындап, сосын барып материалдық базаны нығайту керек. Бізде қазір қабылданған бағдарламаға сәйкес ғимарат салынды, құрал-жабдық алынды. Ал, ақшаға кәсіби дәрігерді сатып ала алмайсыз ғой. Медицина саласында тек бос тұрған штаттық бірлікті жабу үшін жұмыстанбау керек, нағыз майталман маманды іздеп тапқан жөн.
Жарнасыз қор науқас санын көбейтті
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты қазіргі дау-дамай да соған байланысты ма?
– Жалпы МӘМС жүйесінің бастапқы принципі дұрыс және Қазақстан үшін өте тиімді жоба, оны толық қолдауға болады. Оны қаржыландыратын Қорға қаржы жұмыскерден, жұмыс берушіден және мемлекеттен түсуі көзделген.
Мемлекет тарапынан кәмелет жасына толмаған балалар, зейнеткерлер, денсаулығына байланысты мүгедектер, барлық күштік құрылымдар қызметкерлеріне қаржы төленуі тиіс. Бірақ былтыр бұрынғы министр Ажар Ғиният Қаржы министрлігінің түрлі сылтау тауып, 230 миллиард теңгені МӘМС қорына аудармай тастағанын айтты. Демек қабылданған нормативтік-құқықтық актінің талабын Қаржы министрлігінің өзі бұзып отыр.
Егер түскен ақша болмаса, пациенттің емделуіне Қор басшылығы қаржыны қайдан алады?! Ал, елде түрлі себептерге байланысты жұмыссыз отырған мыңдаған адам бар, олар МӘМС жарнасын қалай төлейді?!
Оның ішінде 3-3,5 миллиондай өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін адам бар. Соған қарағанда олардың да МӘМС жарнасын ай сайын тұрақты аударып отырғанына күмәндімін. Медициналық көмек көрсетудің екі түрлі – кепілдендірілген және МӘМС арқылы пакеті сонда қалай жүзеге асатынын ойлап көріңізші. Міне, осының салдарынан науқастардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Сондықтан, МӘМС қоры елдегі барлық емдеу-сауықтыру мекемелеріне қаржы бөліп тұруы шарт.
– Кеңес дәуірінде халық МӘМС жүйесінсіз де емделіп жүрді. Саланың жұмысы да тұрақты еді ғой…
– Оныңыз дұрыс, ол кезде медициналық қызмет жоспарлы түрде жүзеге асатын. Бірақ коронарография, трансплантация, томография, аортакаронарлы, басқа да қымбат зерттеулер болған жоқ. Тіпті, санитарлық авиацияның өзі қолжетімді емес еді. Ол кезде инфаркт алған адам қайтадан ес жимайтын. Ал қазір бұл кеселден қайтыс болатындар саны 76 пайызға азайды.
Кеңес кезіндегі адамның орташа өмір сүру 60 жастың о жақ-бұ жағында болса, қазір бұл көрсеткіш 75 жасқа дейін ұлғайды. Әлемдегі дамыған елдерде бұдан да жоғары. Мысалы, Жапониядағы адамның орташа жасы 90-нан асты. Мұның бәрі – Қазақстан медицинасының соңғы жылдардағы жетістігі.
– Келген министрдің барлығы тау қопаратындай нық сеніммен уәде береді де, арты аяқсыз қалып жатады…
– Бұл жерде күрделі проблема бар. Әрине, менің құзырымдағы мәселе емес, дегенмен істің оң шешілуі үшін айту керек. Қай салада болса да ведомство басшысын жиі ауыстыруға болмайды. Мысалы, министр лауазымына тағайындалған адам кемінде бес жылдық бағдарламамен келіп, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек. Сосын сол кезеңнің нәтижесі сұралып, егер көрсеткіш нашар болса, соған жауап беруі шарт. Әйтпесе қай салада да оның зардабы зор болады, бір-бір жарым жылда саламен танысуға да үлгермейді. Берілген уәденің орындалмауының себебі сол.
Әр істің нәтижесі болуы керек
– Әлі күнге дейін ел аузында аңыз болып жүрген Сибағатолла Қарынбаев, Александр Сызганов, Төрегелді Шарманов, Мұхтар Әлиев, Камал Ормантаев сияқты өз ісінің майталмандары біртіндеп қазақ медицинасының мықты менеджерлеріне, салада тұлғаға айналды. Қазір сондай мамандар қайда?..
– Иә, олар шын мәнінде тұлғаға айналды. Өйткені, барлығы да кеңестік нақты білім, ұрпақтар сабақтастығы тәрбиесімен өскен қайраткерлер еді. Ол кезде асыра сілтеу, еліктеушілік деген болған жоқ.
Екіншіден, ол кездегі министрлер кемінде бес-жеті жыл жұмыс істеп, өздерінің жұмысын жоғары нәтижемен көрсететін. Мысалы, Қарынбаев 13 жыл, Шарманов 12 жыл, Әлиев 5 жыл министр болды. Дәл сондай жүйелі жұмыс сол кездегі Гурьев облысында да болды ғой. Хайролла Қалжігітов, Жігер Қарин, Тұрар Шәкіліковтер өте іскер әрі саланы бес саусағындай білетін шебер ұйымдастырушылар еді. Соның арқасында жүйе дұрыс бағытта дамып, тұтас білікті дәрігерлер буыны қалыптасты.
Ал, 1991 жылдан бері он бесінші министр жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде осы лауазымда ең ұзақ жұмыс істеген мен және Салидат Қайырбекова екен, қалғандары әрілегенде үш жарым жыл ғана болыпты. Демек ондай басшыдан тұлға қалыптаспақ түгілі, жібі түзу шенеунік те шықпайды. Қай саланың да келешегіне балта шабатын кадр саясатындағы қателіктер, егер жақсы маман болса, жұмыста ешқандай тежелу болмас еді.
– Бұрын саланы басқарған мамандар практикалық жұмыстан қол үзген жоқ. Олар шенеунік болғаннан гөрі Гиппократ антына адалдықты, дәрігердің ақ желеңіне дақ жұқтырмауды жоғары қойды. Тым болмағанда енді осыны жалғап әкетуге мүмкіндік жоқ па?
– Айтуыңыз өте орынды, байланыстыруға әбден болады. Бірақ алысқа ұзамай-ақ Атырау облысының медицина саласына зер салыңызшы. Соңғы 10 жылда әкімдер де, сала басшылары да жиі ауысты. Жүйедегі сабақтастықты үзіп тастайтын кадр саясатындағы осындай олқылық.
Егер медицинаның жағдайын жақсартуды ойласа, жергілікті әкім бірден сала басшысын ауыстырмай, емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі проблемаларды шешіп, көмек-қолдау жасағаны жөн. Сонда орта жасқа дейінгі дәрігерлер буыны алдағы күнге нық қарап, өзінің кәсіби бағыт-бағдары мен тәжірибесін тереңдете түседі, жұмысына жауапкершілікпен қарап, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді.
Керісінше, кейбір әкімдер өңірлік денсаулық сақтау саласын басқаруға медицинадан мүлде хабарсыз адамдарды тағайындап жатты. Мұндай қателіктер республикалық ведомствода да орын алғанын мойындауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың командалық әдістен арылу жөніндегі тапсырмасы өте орынды. Бірақ оған құлақ асып жатқан шенеуніктер некен-саяқ.
«Қайтқан малда…» қайыр бола ма?
– Жақсылық Ақмырзаұлы, өңірлерді аралап көріп жүрсіз ғой. Жергілікті медицина саласындағы мәселелердің шешімін табуы немесе белгілі бір жоба-реформалардың жүзеге асуы Сіздің көңіліңізге қона ма?
– Бұрын республикада дәрігерлер дайындайтын Алматы мен Қарағандыдан бөлек Ақтөбе, Семей, Ақмола, Шымкент қалаларында, небәрі 6 жоғары оқу орны болды. Олардағы база, оқытушы-профессорлық құрам әбден орнығып, жан-жақты қалыптасқан еді.
Ал, қазір Қостанайдағы жоғары оқу орындарының бірінде медициналық факультет бар екен. Ең сорақысы сол, медицина тақырыбында лекция оқитын бірде-бір профессор немесе жабдықталған базасы жоқ. Солтүстік Қазақстанда, басқа өңірлерде де сондай жағдай қалыптасыпты. Ондай оңай ақша тауып, тез байып кетуді ойлаған жерде дәрігерлер дайындалады дегенге ешқашан сенбеймін.
Меніңше, адам саулығына жауапты маманның ақша төлеп оқуы – әлемде өз нәтижесін бермеген тәсіл. Себебі оларға оқу орнының басшылығы болашақ дәрігер деп емес, «ақша» деп қарайды. Сонда біз өз ұрпағымыздың саулығын сондай сауатсыз, бірақ дипломды адамдардың (!) қолына тапсырып жүрміз.
Жаңа министр А.Әлназарова медициналық оқу орындарындағы ақылы топтардың санын 30 пайызға дейін азайтып, тек өңірлік сұранысты қанағаттандыратын көлемді ғана қалдыра бастады. Ал, кәсіби емес ЖОО-ндағы ақылы негізде оқытатын медициналық факультеттер түбегейлі жабылмақшы. Келешекте кеткен кемшіліктің орны толады деп сенемін.
– Дамыған елдерде ең қомақты қаржы білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына бөлінеді ғой. Ал, Қазақстанда «медицина саласы өз күнін өзі көруі керек» деген принципте жұмыс істеп келеді. Ол әдістің дұрыс-бұрыстығын нақты айтатын ешкім жоқ…
– Ол түбегейлі дұрыс емес. Мысалы, Америка Құрама Штаттары медицина саласына жалпы ішкі өнімнен түскен табыстың 18 пайызына дейінгі қаражат, Еуропа елдерінде кемінде 8-10 пайызын бөледі. Ал, Қазақстанда ЖІӨ табысының небәрі 3,5 пайыз ғана. МӘМС жүйесі арқылы соны көбейтудің жолы қарастырылған, бірақ әзірге одан үміт болмай тұр.
– Елде мемлекеттік емдеу-сауықтыру мекемелерінен бөлек жекеменшік салалық мекемелер көбейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық енді қайсысына барарын білмей дал…
– Түсіндім, әрі қарай ойыңызды мен жалғайын. Біз әу бастан нарықтық даму жолына бетбұрыс жасадық. Елдің даму бағыты солай болғандықтан, енді халықтың өзі таңдау жасауы керек.
Жекеменшік құрылымның тиімді тұсы – мекеменің қаржы-шаруашылық немесе материалдық-техникалық жабдықталуына тек оның қожайыны жауапты. Одан мемлекеттік тапсырыс көлеміне сәйкес тиісті пациенттердің денсаулығын толық қамтамасыз етудің нәтижесі ғана сұралады. Егер тиісті межеден шыға алса, ол мекемеге деген сенім арта түседі.
Медицина мен менталитетті шатастырып…
– Жәке, қазір саулығы сыр берген адам дәрілік препараттан гөрі халықтық емдеу тәсіліне көшіп бара жатыр. Себебі дәріге сенбейді, сонда дәрінің құрамы өзгеріп кетті ме?
– Жоқ, біздің халық кез-келген істің жеңіл жағын іздеп тұрады. Мысалы, дәрігерге барғаннан тәуіпке барып үшкірткен әлдеқайда жеңіл көрінеді. Ана жолы жұрт «Қызылорда өңірінде түйенің дәретімен рак ауруын емдейтін емші бар» деп шулады. Ал, соған сенесіз бе?..
Осындай соқыр сенім, халықтың надандығынан адам өлсе, оны дәрігерден көреді. Себебі, жаны қиналғанда «жедел жәрдем» шақырып, науқасты ауруханаға апаратыны рас қой. Ал, «тәуіп» деп жүрген суайттар науқасты алдап, «дәрі қымбат, пайдасы да жоқ, мына шөпдәріні ішсең құлантаза айығасың» деп, қалтасындағы бар ақшасын қағып алады. Немесе «пәленше әулиенің басына апарып қан шығару керек, сосын үш не жеті күн түнесең сырқатыңнан айығасың» десе, халық тәттіге алданған сәбидей иланып жүр. Яғни халықтың өзінің саулығын күтуге ынтасы жоқ, мен соған қайран қаламын.
Қазақ – малсақ халық, ежелден амандасқанда да «мал-жан аман ба?» деп малды алға шығарады. Еліміздің талай өңірінде іссапарда болғанда бұған анық көзім жетті. Мысалы, орталықтан шалғай жердегі малшы жаңа туған бұзау мен қозы-лақты үйдің ішінде ұстайды. Ал, қарасуық түсе бастаған шақта өзінің баласы жалаңаяқ, жалаңбас далада бүрсең қағып жүреді. Аяғы ауыр немесе сырқаты бар әйелді ауруханаға жеткізу керектігін айтсам, оған отағасы құлақ аспайды, тіпті мән бермейді де. Сылтауы – «малды қарайтын, сиыр сауатын адам жоқ».
Көрдіңіз бе, біз өз саулығымызға қалай қарап жүрміз өзі, не деген менталитет?! Біз сол деңгейден әлі көтеріле қойған жоқпыз.
– Демек халықтың надандау менталитеті мен қазіргі медицинадағы олқылықтар таразыны тең ұстап тұрғаны ғой шамасы…
– Әрине, тең дей алмаймын. Бірақ халықтың жеңіл тәсілмен емделіп, ауруымнан айығамын деген атүсті пікірі басым екені рас.
Өзім куә болған бір жағдайды айтайын. Орталықтан қашықтау ауылға тұрғындардың саулығын тексеру үшін келген жылжымалы флюорографияға келіп, рентген арқылы өкпесін тексертуге құлықсыз. «Бармаймын, бірдеңе тауып аласыңдар» дейді. «Табылса, емдеу жолдары бар ғой» десек қолын бір сілтеп бұрылып кетеді. Бұл – жас бала емес, ересек адамның әрекеті. Надандық емей немене?!
– Қазіргі шетелдік бас сүйекті трепанациялық жолмен емдеу тәсілі бір кезде осы қазақ даласында жаңа туған қозының шеміршек сүйегін қолдану арқылы жүзеге асқан екен. Кейін батыс елдерінің ғалымдары мұны ғылымда дәлелдеп, енді ғылыми жаңалық ретінде соны қыруар қаржы жұмсап қабылдап жатырмыз. Немесе қазақтың қымызын шетел ғалымдары патенттеп алған. Соны жасап дәлелдеген халықтың бүгінгі ұрпағы ата-бабасының ғұлама болғанын ұқпайтындай соншалықты төмендеп кетті ме?
– Айтуыңыз орынды. Себебі, қазақ – жалқау халық. Сол халықтың ішінде өзім де бармын. Бүгін істелуі тиіс жұмысты ертеңге қалдырамыз. Мысалы, бауырлас өзбек халқын алыңызшы, елең-алаңда тұрып жұмысқа кіріседі. Біз күн қызбай төсектен тұрмаймыз, ал аулада мөңіреп тұрған сиырды сауып, сүтін ішуге ерінеміз. Үйдің алдына жеміс-жидек пен көкөніс тұқымын сеуіп, қыс бойы соны жеуге желке жар бермейді. Бір кезде атаулы әлеуметтік көмек пен бала жәрдемақысына ас ішкені аздай, ішімдік ішіп жүрген еркектер әлі де азайған жоқ. Ал, ауылда қатар тұрған қазақтың үйі мен өзге ұлт өкілінің үйін айтпай-ақ аңғарасыз. Орыс, өзбек немесе басқа ұлттың өкіліне аспаннан ақша жауып жатқан жоқ, нәпақасын адал еңбек, маңдай терімен тауып жүр. Біреуді жамандаудан қол босаған сәтте бітірген ісін көрсетіп бере алатын қазақ аздығына қынжыламын. Осының бәріне Үкімет айыпты ма, әлде әкімнен көреміз бе?..
Демек масылдықтан арылатын күн туды. Өзімізді өзіміз тәрбиелемесек, өзге жерден келіп бізге бағыт-бағдар беретін жанашыр жоқ екенін түсінетін уақыт жетті. Тәрбие мен тәлімді, салауатты өмірді өзімізден бастайықшы.
Екіншіден, даңғаза-дақпыртқа сеніп, бос мақтанға әуеспіз. Шілдеханадан бастап тойдың неше түрі бар, әйтеуір шығынға батамыз да жүреміз. Сонау замандағы ата-бабасына ас беріп, солар жөніндегі аңыз-әпсаналарды мақтаныш етуден қол босамайды. Ал, сол аталардың мұрасын ұстап, шеберлік қасиетін жалғасаңыз қолыңызды кім қақты?!
Тым болмаса, даладағы қисапсыз жүрген жылқыдан шаруашылық құрып, бие сауып, қымыз ашыту қолдан келетін еді ғой.
Меніңше, бұған ұлт тарихындағы зұлмат кезеңдер зардабын тигізген. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргінде ұлттың арда азаматтарын сыпырып әкетті. Олар – сүт бетіне шыққан қаймақтар, әрқайсысы патшалық Ресей дәуірінде Мәскеу мен Петерборда, алды Еуропа елдерінде оқып, бірнеше тілді меңгерген оқымыстылар еді. Сырттан жау келіп оларды әкеткен жоқ, өз қандастары көрсетіп жіберді. Аман қалғандары – алдындағы асын алып жей алмайтын бойкүйездер ғана.
Көзінде оты бар жігіттер, жаңа буын енді шығып келе жатыр. Бүкіл халық болып соларды қолдауымыз керек.
– Қат-қабат жұмыстан уақыт тауып, Атырау жұртына арнаған әсерлі әңгімеңіз үшін алғысымыз шексіз. Ісіңіз сәтті болсын, айтқаныңыз орнымен орындалсын деп тілейміз!
– Рахмет, айтқаныңыз келсін!
Сұхбаттасқан Назарбек ҚОСШИЕВ