Жарнама
Медицина

Мәселесі көп маңызды сала

Облыстағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы қолдау мен нақты шешімдерді қажет етеді. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – мемлекет деңгейіндегі басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Оның барысында министр өңірдегі медицина мекемелерінің жұмысымен танысып, саладағы түйткілді мәселелерге назар аударды.

Мақат тұрғындарымен ашық диалог

Министр іссапарын Мақат ауданынан бастады. Ауданда тұрғындарға үш мекеме – аудандық аурухана, Доссор кентіндегі ауылдық аурухана және Бәйгетөбе ауылындағы дәрігерлік амбулатория медициналық көмек көрсетеді. Бекітілген халықтың жалпы саны 26 мың адамнан асады.

Мақат аудандық ауруханасы стационарлық, амбулаториялық-емханалық, оңалту және телемедициналық көмекті қоса алғанда, сан алуан медициналық қызметтерді ұсынады. Мекемеде амбулаториялық хирургия орталығы, физиотерапия бөлімшесі, телемедицина орталығы, «Қант диабеті» мен «Ерлер денсаулығы» бағыттары бойынша денсаулық мектептері жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аудан халқымен кездесіп, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты кеңес өткізді. Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне назар аударды. Кездесу барысында тұрғындар жиі шағымданатын медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, білікті мамандардың жетіспеушілігі секілді мәселелер көтерілді. Министр халықтың алаңдаушылығын түсіністікпен қабылдап, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Оның айтуынша, қазір Денсаулық сақтау министрлігі кешенді жұмыстар жүргізу арқылы өңірдегі бірқатар медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсаруына қол жеткізген. Осы жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштер де оң өзгерістерді көрсетіп отыр. Атап айтқанда, нәресте өлімі үш есеге жуық төмендеп, 1000 тірі туғанға шаққанда 9,91-ден 3,43-ке дейін азайған. Бұл ана мен бала денсаулығына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті деңгейде атқарылып жатқан мақсатты шаралардың тиімділігін байқатады.

Кадр мәселесі де кеңестің басты тақырыбы болды. Министр кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілгенін және қазір Атырау облысында бұл қамтудың деңгейі 73 пайызға жеткенін баяндады. Сонымен қатар ауыл-аймақтарға келіп жұмыс істейтін дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 100 еселенген ең төменгі жалақы көлемінде біржолғы төлемдер қарастырылған. Нәтижесінде, қазіргі уақытта өңірде 11 дәрігер осындай қолдауға ие болып отыр.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту аясы да кеңінен талқыланды. Жалпы практика дәрігерінің қабылдау уақыты ұлғайтылып, бейінді мамандар мен жалпы тәжірибе дәрігерлері арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында дербес мейіргерлік практика мен жаңа алгоритмдер енгізілгені атап өтілді.

Дәрілік заттармен қамтамасыз ету бойынша да бірқатар нақты қадамдар жасалған. Өткен жылы республикалық медициналық ұйымдарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылданған. Бұл халықты сапалы әрі үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтудың басты алғышарты саналады.

Сапалы ем – халық сұранысы

Сапардың келесі кезеңінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Атырау қаласындағы бірқатар маңызды медициналық мекемелердің жұмысымен танысты. Алдымен ол №7 қалалық емханаға барып, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ұйымдастырылу барысына қанықты. Емхана ішіндегі қабылдау тәртібі, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі, сондай-ақ жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі мен емдеу-диагностикалық процестің тиімділігіне ерекше назар аударды.

Ақмарал Шәріпбайқызы облыстық балалар ауруханасына да барып, стационарлық ем қабылдап жатқан кішкентай пациенттердің жағдайымен танысты.  Мұнда министр балаларға бағытталған жоғары мамандандырылған көмектің деңгейін, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, диагностикалық және емдік бөлімдердің жұмыс істеу тәртібін көріп, аурухана қызметкерлерімен тілдесті. Ол ана мен бала денсаулығын қорғау – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Министрдің назарынан стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобалар да тыс қалмады. Ол салынып жатқан облыстық онкологиялық диспансер жанындағы радиологиялық корпустың құрылыс барысымен танысты. Қатерлі ісікке қарсы күресте аса маңызды рөл атқаратын бұл нысан заманауи сәулелік диагностика мен емдеу әдістерін енгізуге мүмкіндік береді. Радиология орталығы өңір халқының онкологиялық көмекке қолжетімділігін едәуір арттырып, науқастарды ерте кезеңде анықтап, уақытылы емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Сапар аясында министр мемлекеттік мекемелермен ғана шектелмей, өңірлік өндіріс орындарын да аралады. Ол Атырауда орналасқан «BRANDO» зауытына барып, мұнда шығарылатын бір реттік медициналық бұйымдардың, атап айтқанда, шприцтер мен инелердің өндіру процесін бақылады. Бұл кәсіпорын отандық медициналық өнімдерді ішкі нарықпен қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 140 миллион шприцті құрайды. Министр жергілікті өндірісті қолдаудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттың медициналық қауіпсіздік пен импорттық тәуелділікті азайтуға ықпал ететінін алға тартты.

Іссапар соңында облыстық әкімдікте министр Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен кеңейтілген форматтағы кеңес отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелер сөз болды. Атап айтқанда, білікті медициналық кадрлардың тапшылығы, ана мен бала денсаулығын сақтау, скринингтік тексерулердің тиімділігі мен халықты вакцинациямен қамту жайы кеңінен қозғалды. Сонымен қатар амбулаториялық және стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктері, медициналық қызметтің сапасын арттыру, халықтың сенімін нығайту жолдары талқыланды.

Болашағы бар бастамалар

Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру бағытында қабылданып жатқан шаралар нақты нәтижесін бере бастады. Министрдің мәліметінше, биылдың өзінде өңірде дәріге төзімді туберкулезбен күресте жаңа тәсілдер қолданылып, заманауи емдеу хаттамалары енгізілген. Соның бірі – инъекциясыз қысқартылған режим. Бұл әдіс пациентке қолайлы жағдай жасаумен қатар, медициналық қызметтің тиімділігін арттырып отыр. Нақты деректерге сүйенсек, жаңа емдеу режимінің нәтижелілігі 90 пайызға дейін жеткен.

Скринингтік тексерулердің қолжетімділігі мен ауқымын кеңейту де назардан тыс қалмапты. Осы жылдан бастап скринингке жататын жас тобы 76 жасқа дейін ұлғайтылады екен. Сонымен қатар 50 жастан асқан адамдар үшін ми қан айналымының бұзылыстарын анықтауға арналған жаңа скринингтік бағдарлама енгізілмек. Бұл шара инсульттің алдын алу мен аурудың ерте диагностикасын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Скринингтерді жетілдіру арқылы халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыру көзделіп отыр.

Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да ауқымды жобалар жоспарланған. Алдағы үш жыл ішінде облыста денсаулық сақтау жүйесін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеретін бірқатар ірі нысандардың құрылысы басталады. Атап айтқанда, жаңа перинаталдық орталық, заманауи онкологиялық диспансер, психикалық денсаулық орталығы, бірнеше қалалық және аудандық емхана, сондай-ақ жедел жәрдем станциясының ғимараты бой көтереді. Аталған нысандар өңір халқының медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейтіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға зор үлесін қоспақ.

Кеңес отырысында министр Ақмарал Әлназарова осы бастамаларды жүйелі жүзеге асыру мақсатында нақты тапсырмалар берді. Оның айтуынша, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі – инфрақұрылымдық даму мен технологиялық жаңару ғана емес, сонымен қатар адами ресурстарға да тікелей байланысты. Осы ретте министр ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайту үшін көтермеақы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту қажеттігінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Осы бағытта қабылданатын шешімдер жас мамандарды шалғай аудандарда тұрақты жұмыс істеуге ынталандырып, кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Атырау облысына жасаған жұмыс сапары – өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жан-жақты талдап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Бұл сапардан жұртшылық өңір медицинасына жаңа серпін мен сапалы өзгерістер күтеді…

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button